Кеше Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хактың 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда алдымен еліне елеулі үлес қосқан азаматтың өсіп-өркендеу жолына арналған бейнефильм көрсетілді.
Конференцияның беташарында сөз сөйлеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев еліміздің біртуар азаматы Цай Ден Хактың өмір жолы жөнінде айтып өтті. Расында, Қиыр Шығыста дүниеге келген Цай Ден Хак жастайынан білім алып, өмір деген өзеннің тіршілігіне ерте араласқан. Ол небәрі 24 жасында колхоз басқарған. Осы жұмысты елу жылға жуық атқарған Цай Ден Хак біздің облысымызға жаңа «ІІІ Интернационал» ауылының қалыптасуына негіз қосады. Еңбектегі ер, сонымен қатар, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын уақытылы шешіп отыруды да ұмытпады. Өзі құрып, өзі шәкірт дайындаған сол ауыл бүгінде облыстың бетке ұстар шаруашылықтарының бірі. Ал, ең бастысы, көп ұлттың басын қосып отырған бұл ауылға тірлік пен тіршіліктің берекесі кіріп, болашаққа қарай дамудың қарымды қадамы жасалып келеді.
Конференцияда мұнан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов және басқалары Еңбек Ері Цай Ден Хактың өмір жолы туралы және оның бүгінгі өскелең ұрпақ үшін өнегелі тәрбиесі турасында тағылымды тәрбие жөнінде айтты. Ал, ең бастысы, олар ердің елге сіңірген еңбегі еш уақытта ұмытылмайтынын, жылдар өткен сайын қайта жаңғыра түсетініне көңіл аударды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.