Құрметті Қырымбек Елеуұлы!
Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Сізді және Сіз арқылы барша Сыр өңірі тұрғындарын ұлт тарихында ерекше орны бар шаһар – Қызылорда қаласы іргесінің қаланғанына 195 жыл толуымен құттықтаймыз!
Қойнауы тереңнен сыр шертетін, өнерге бай Қызылорда қаласы Алаштың алғашқы астанасының бірі мәртебесіне ие болған киелі мекен. Сондықтан да Сыр бойында басталған ұлан-асыр той барша қазақ даласына ортақ қуаныш.
Қала, негізі қаланған сәттен бастап, еліміздің маңызды саяси, рухани және мәдени орталығы болды. Экономиканың күретамыр салаларын дамытуға үлкен үлес қосты.
Қызылорда өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, рухани дамудың, қоғамдық келісім мен бірліктің өзегіне айналып, киелі Сыр өңірінің гүлденуіне ықпал етіп келеді.
Қазіргі таңда шаһар құт дарыған, берекелі өңірдің орталығы ретінде қарыштап дамып келеді. Қаланың бүгінгі келбеті мен дамуы Тәуелсіз еліміздің өркен жайып өскенін дәлелдейді.
Бүгінгі мерейлі күні Сізге және қызылордалық барша отандастарымызға қуанышына ортақтасып, зор денсаулық, бақыт, береке, ырыс пен ынтымақ тілейміз!
Істеріңіз табысты болсын!
Ізгі құрметпен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов.