АЛИМЕНТ СҰРАҒАНДАР АЗАЙМАЙ ОТЫР

Қызылорда қалалық сотының 2013 жылғы атқарылған жұмыстарын қорытындылаған баспасөз брифингі «Ашық есік» жағдайында өтті.
Журналистермен жүздесуде аталмыш сот судьясы Марат Тұрғанбаев жыл қорытындысын баяндап берді. Оның айтуынша, есеп беріліп отырған мерзімде азаматтық және қылмыстық істерді қосқанда 9305 іс пен арыз түскен болса, оның жеті жүз тоғызы сегіз жүз он бес адамға қатысты қылмыстық іс те, қалғандары азаматтық істер мен талап арыздар екен. Атап өтерлік жағдай, бұл көрсеткіштерді алдағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырар болсақ, азаматтық және қылмыстық, сондай-ақ аяқталған істердің өскендігі байқалады. Әсіресе, азаматтық істердің саны едәуір артқан.
Алдымен азаматтық істерді қарау сапасына тоқталсақ, төрт мың екі жүздей іс шешім шығару арқылы қаралған. Оның мың тоғыз жүздейі қанағаттандырылса, екі мың жүзден астамы сырттай шешім қабылданып қанағаттандырылған. Қылмыстық істерді қарау жайына зер салсақ, статистикалық деректерге қарағанда 815 адамға қатысты жеті жүз үш іс өндіріспен аяқталған.
Yкім шығару арқылы қаралған қылмыстық істердің басым бөлігі меншікке және жеке адамға қатысты болса, есірткі және жүйкеге әсер ететін заттармен байланысты қылмыстар да жетерлік. Бұдан басқа қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар аз емес. Әсіресе, ұрлық, тонау, бұзақылық қылмыстар азаймай отыр. Ал азаматтық істер негізінен шарттық міндеттемені орындамаудан туындаған даулар мен некені бұзу, алимент, тағы басқалар.
Кездесу соңында журналистер сұрақтарына тұшымды жауап берген Қызылорда қалалық сот судьясы Марат Тұрғанбаев қалам иелерімен тығыз байланыста жұмыс жасауға ынталы екендіктерін білдірді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
АҚПАРАТ 23 қаңтар 2014 г. 881 0