ЕЛОРДАҒА БІР-АҚ КҮНДЕ БАРАСЫЗ

ЕЛОРДАҒА БІР-АҚ КҮНДЕ БАРАСЫЗБиыл ел аумағында 5 жүрдек жолаушылар пойызы жолға шығады. Ол Астана-Қызылорда, Алматы-Ақтөбе, Астана-Өскемен, Алматы-Өскемен, Алматы-Ташкент бағыттарында жолға шығады. Енді сырбойылық жолаушылар Елордаға бару үшін бұрынғыдай бір жарым тәулікте емес, бір тәулік ішінде жететін болады. Аталған бағыттардың ашылуы осы өңірлердегі жолаушылар тасымалына деген жоғары сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әр бағыт бойынша жол жүру уақыты орташа есеппен 1,5-2 есеге дейін қысқарады. Барлық пойыздар «Тальго» вагондарынан құралған.
Осындай жағымды жаңалықты ҚР Үкімет басшысының қатысуымен өткен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның алқа мәжілісінде компания басшысы Асқар Мәмин мәлімдеді. Жыл басынан бері теміржол билеттерінің бағасы да көтерілгені белгілі. Бұл ретте Премьер-Министр теміржол көлігі билеттерінің қымбаттауы көрсетілетін қызмет сапасына сай болуы тиіс екенін ескертті. Жауапты бөлімшелер мен компания басшылары тұрақты түрде пойызға мініп, олардағы санитарлық нормалардың сақталуын және қызмет көрсету сапасын тексеріп тұруы керек. Өйткені, пойыз бригадасының қызметкерлері вагондарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша өздерінің міндеттерін салғырт орындап, жолаушыларды билетсіз тасымалдауға бейім. «Жолаушылар тарапынан менің блогыма және БАҚ-қа алыс сапарларға шығатын пойыздарға, сондай-ақ қала маңы тасымалдарына шағымдардың түсіп жататыны құпия емес»,–деді ол өз сөзінде.
 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
АҚПАРАТ 23 қаңтар 2014 г. 858 0