БЕРЕКЕЛІ, МЕРЕКЕЛІ ЖӘРМЕҢКЕ

БЕРЕКЕЛІ, МЕРЕКЕЛІ ЖӘРМЕҢКЕКүз қашан да молшылық пен тоқшылық, ұлан - асыр тойлардың мезгілі. Бұлай болатын жөні де бар. Ала жаздай егіс даласында тынбай еңбек еткен ағайын арқаны кеңге салатын осы уақытқа бар қызықшылығын ысырып отырады. Сол қызықшылықтардың бірі «Қала күні» мерекесінің соңын ала тойланған дала еңбеккерлерінің дүбірлі тойы – «Алтын күз» биыл да өзіндік сән-салтанатымен мерекеленді.
Қала тұрғындары үшін «Алтын күз» мерекесінің ең бір сыбағалы сәті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Қысқы азығын қамдап алуды ойлайтын қызылордалықтар жыл сайын осы жәрмеңкені асыға күтетіні белгілі. Жылдағы үрдіспен таң ертемен басталып түс ауғанша толастамайтын сауда бұл жолы да өзіндік сәнімен өрнектелді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен қаланың Әйтеке би көшесі бойындағы Ескі базар аумағын қамти орналасқан Қызылорда қаласы еңбеккерлерінің жәрмеңкесін аралап көрді. 
Облыс орталығы биылғы жәрмеңкеге 87 автокөлікпен 27 млн. теңгенің өнімін әкеліпті. Мұндағы өнімдердің бағасы базарлар мен өзге де сауда орындарының нарқынан 10-15 пайызға төмен екен. Мысалы, еттің бір келісі 1000 теңге болса, картоптың келісі 60 теңгеден сатылды. 
Өткен жылы көшбасынан көрінген Қармақшы ауданының елжанды еңбеккерлері «Мерей» мөлтек ауданында жәрмеңке өткізді. Ең бастысы, мұнда жергілікті өнімнің түр-түрі бар. Бағасы да былайғы нарықтан төмен. 
БЕРЕКЕЛІ, МЕРЕКЕЛІ ЖӘРМЕҢКЕОблыс әкімі сонымен бірге «Азов АралАгромаш» БК» ЖШС-ның өндірістік аймағында Сербия Республикасы «ІМТ» АD Белград трактор зауыты мен ҚР «АзовАралАгромаш» БК» ЖШС бірлескен «Baіkonur» ІМТ-549» тракторларын құрастыру жобасының тұсаукесеріне қатысты. Шара барысында жоба жетекшісі Асхат Сүлейменов Қызылорда қаласының 195 жылдығы мерейтойы аясында алғашқы құрастырылып шығарылған ІМТ-549 «Baіkonur» тракторларымен және күрішті дестелеп ору жаткасы мен шөп тайлағыш машинасын құрастыру жобасымен таныстырды.  
2010 жылдың күзінде Украинаның «Бердянсксельмаш» компаниясымен бірлесе құрылған «АралАзовАгромаш» БК» ЖШС 2011 жылдан бастап «Сыр орағы» - ЖРВ-5 күріш жаткалары мен ЖВП- 4,9 шөп оратын жаткаларын құрастырып шығарды. Жоба жүзеге асырылғаннан бері 70 дана ЖРВ- 5 жаткасы мен 24 дана ЖВП- 4,9 жаткасы құрастырылыпты. Аталған техникалар бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қазагроқаржы» АҚ арқылы лизингке берілуде. Өңірдің нарықтағы сұранысы мен қажеттілікке байланысты шығарылатын өнімнің түрін ұлғайтуды көздеген кәсіпорын өткен жылы Сербия Республикасының ІМО «POLJOSTROJ» AD компаниясымен бірлесе отырып PVP- 351 «Dana Press» шөп тайлағышын құрастыруды қолға алды. Бүгінде барлығы 42 дана шөп тайлағыш құрастырылып, шаруашылық құрылымдарына сатылған. 
Тұсаукесер рәсімі барысында облыс әкімі алғашқы құрастырылып шығарылған ІМЕ-549 «Baіkonur» тракторын «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС-ның директорына табыстады. Соңында аймақ басшысы кәсіпорын ұжымына жылы лебізін білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Онан соң Қырымбек Елеуұлы өзге аудандардың жәрмеңкелерін тамашалауды жалғастырды. 
Аудандары да тоқшылық тойынан аянып қалмапты. Аралдың алуан түрлі балығы мен құнарлы шұбаты, сапалы еті жәрмеңкеге келуші қалың қауымның сұранысын өтесе, қазалылықтар ұсынған сүт өнімдері мен тіл үйірер тәтті кәмпиті, шеберлер қолынан шыққан небір тұрмысқа қажетті заттар мереке мәзірін байыта түсті. 
Қызылорда қаласының 195 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келген «Алтын күз-2013» мерекесіне аралдық ағайындар да өзіндік тарту-таралғымен келді. Ата кәсіп иелері ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне жер шалғайлығына қарамастан 33 көлікпен жетіпті. Әкелінген өнімдердің ішінде ауданда өндірілетін балық, тұз, ет, шұбат, басқа да өнімдер қызылордалықтардың үлкен сұранысына ие болды.
– Екі ғасырға жуық мерекелерін тойлап жатқан жерлестерге барлығы 35 миллион теңгеге жуық азық-түлік өнімдерін әкелдік, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәбитжан Нұрғалиев бізбен әңгімесінде.
– Таратып айтар болсақ, 5 тонна ет, 10 тоннадан тұз бен балық, бір тонна шұбат, сондай-ақ көкөніс-бақша дақылдары бар. Айталық, асқабақ пен сәбіз дарияның құярлығындағы Жаңақұрылыс ауылдық округінің «Әулие төбе» шаруа қожалығы өсірген өнімдер болса, картоп пен жуа Ақбай ауылынан әкелінді. Еттің келісі – 1000, шұбаттың литрі 500 теңгеден сатылуда.
Жәрмеңкеге «Сазды» ауылдық округінен жеткізілген 50 қаралы тоқты 15 мың теңгеден сатылды. Әсіресе, үйітілген қойдың саудасы қызды. Оның әрқайсысы 20 мың теңгеден болды. Бұдан басқа тұздалған, ысталған балықтар мен құрт-ірімшіктер де тез өтіп кетті. Аталған өнімдердің барлығы да базар нарқынан 20 пайызға арзан бағада сатылды.
Биылғы жыл жалағаштық егінші-механизаторлар үшін жемісті жыл болды. Яғни, 18213 гектар жерге Сыр маржанын отырғызған олар күріштік жердің әр гектарынан 54,2 центнерден өнім жинап, облыстың жеңімпаз ауданы қатарында болды. Жалағаштықтар ел-халыққа жомарттық танытудан да кенде қалған емес. Оған біздер Титов қыстағына қарасты №173 орта мектептің аумағында өткізілген жәрмеңкеге барғанда көз жеткіздік.
Сексен үш көлікке азық-түлік өнімдерін тиеп келген олардың қала тұрғындары сұраныстарын қамтамасыз етуге деген құлшыныстары айтарлықтай болды. Олар ел-халық несібелеріне азық-түлік өнімдерінің барлық түрлерін ала келіпті десек, асыра айтқандығымыз болмас. Егер саралап айтар болсақ, олар қала тұрғындарына 23 тонна ақ күріш, 34 тонна күріш қалдығы, 3 тонна бидай мен 12 тонна жем әкеліпті. Сондай-ақ, 10 тонна картоп, 12,5 тонна бақша өнімдері, 4,1 тонна көкөніс өнімдерін де тұрғындар несібесіне ұсынды.
– Жәрмеңкеден егіс дақылдарын ғана емес, – дейді бізбен әңгімесінде қала тұрғына С.Смайлов, – мал өнімдерінің де молшылығына кенелдік. Яғни, ағарған ішіп, ірімшік-құртқа да қарық болдық. Айтқандай, жалағаштықтар әкелген 60 бас қой-ешкі де өтіп кетіпті.
Қала тұрғындары ел несібесін молайтқан жалағаштықтардың жомарттығы мол жәрмеңкелерінен көңілді күймен тарасты.
Биылғы жылдың алтын күзі сырдариялық диқандар үшін молшылығы мол берекелі де мерекелі күз болып отыр. Өйткені, 17920 гектар алқапқа ақ маржан еккен егінші-механизаторлар егістік алқаптың әр гектарынан 51,3 центнерден өнім жинап, қамбаларына 91929 тонна алтын астық құйып алды. Жекелеген шаруашылық құрылымдары бойынша Дархан Ералиев басқаратын «Мағжан және К» ЖШС егілген 2002 гектар жердің әр гектарынан 71 центнерден Сыр салысын жинап, қамбаға 14214 тонна күріш құйса, Аббас Камалатдин төрағалық ететін «Мади Қажы» атындағы ЖШС 2250 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім жинап, қамбаларына 12750 тонна күріш құйған. Ауданның Сыр аймағының көш басына шығуына Б.Қадыровтың «Шаған Жер» ЖШС мен А.Құлбаев басқаратын «Қызылдиқан» шаруа қожалықтары да сүбелі үлес қосқан.
Алтын астықтан қырманды қызылға толтырып, тау тұрғызған сырдариялықтар ел-халық несібесіне сый-сияпат жасауда да молшылық жасады. Жанқожа батыр көшесі бойында күріш жәрмеңкесін өткізген олар қала тұрғындарын арзан бағамен азық-түлік өнімдеріне кенелтті десек, асыра айтқандығымыз болмас. Азық-түлік өнімдерін асынып, сап түзеген елу автокөлікке келушілерден көз сүрінеді.
Сырдариялықтар қала тұрғындарына 19 тонна ақ күріш, 20 тонна күріш қалдығы, 16 тонна күріш жемін арзан бағамен ұсынып жатты. Сондай-ақ, 20 тонна картоп, 10 тонна жуа, 10 тонна сәбіз, 10 тонна көкөніс де әкелініпті. Қала тұрғындары ет пен балық, сүт пен айран, шұбат пен қымызға да қарық болды.
– Сырдариялықтар жомарттығына, – дейді қала тұрғыны П.Рахымбаева, – дән ризамыз. Шынымды айтсам, қысқа қажетті азық-түлікті осы сырдариялықтар жәрмеңкесінен толықтай алдық. Сол үшін де егінші-механизаторларға айтар алғысымыз шексіз.
Айтса айтқандай, алтын күз ел несібесін молайтып, берекелі де мерекелі дастарқанды кеңейтті.
Оңтүстік екі аудан да жәрмеңкеге барын салыпты. Аудандардағы ірілі-ұсақты шаруашылықтар түгелдей атсалысып, ауыл-ауылдан келген еңбеккерлер молшылық мезгілдің несібесімен бөлісті. Мәселен, Шиелі ауданы биыл 24122 гектар жерге егін екті, оның 7660 гектары күріш. Бұл аудан басында судан қиналды, алайда облыс әкімінің қолдауының арқасында сумен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тауып, соның негізінде егістікке су тұрақты берілді. Осының нәтижесінде аудан диқандары күріштің әрбір гектарынан 41,7 центнерден өнім алды. Жыл басынан осы күнге дейін шиеліліктер мал мен егін шаруашылығынан 7млрд 188 млн теңгенің өнімін өндірген. Жалпы егілген егіннің ішінде 2164 гектар бақша өнімдерінің әр гектарынан 164 центнерден өнім алса, 1764 гектар жерге картоп, 1680 гектар жерге көкөніс егіп, олардың әрқайсысынан 200 центнерден өнім алған. Жәрмеңкеге 85 көлікпен келген шиеліліктер барлығы 25 млн. теңгенің өнімін тұтынушыларға ұсынды. 
Жалпы, биылғы жәрмеңкеге барлығы 130 тонна күріш, 143 тонна картоп, 242 тонна көкөніс, 43 тонна бақша, 19 тонна ет, 4,1 мың литр сүт, 9,3 тонна балық және тағы басқа ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, базар бағасынан 10-20 пайызға арзан сатылды.  
Айнұр БАТТАЛОВА,
Еркін ӘБІЛОВ,
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.  



АҚПАРАТ 13 қазан 2013 г. 2 154 0