ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТИІМДІ ҰСТАНЫМЫ

Жуырда Абай атындағы ҚазҰПУ-да қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен оқу орнының 85 жылдығына орай білім ордасының талантты түлегі көрнекті ғалым-ұстаз, профессор Серік Мақпырұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетін орта мектепте және жоғары оқу орнында оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференцияда республикамыздың орта мектептері мен жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті пәнін қазіргі заманғы озық инновациялық технологиялармен оқытудағы өзекті мәселелері талқыланды. Нақтылап айтқанда, сапалы жаңа оқулықтарды, оқу құралдарын дайындау, әдебиет тектері (эпос, лирика, драма) жанрларын талдаудың оқу-әдістемелік тиімді әдіс-тәсілдері, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін ұлттық және әлемдік әдеби үдеріс сабақтастығы аясында меңгерту, т.б. өзекті мәселелер сөз етілді.
Басқосуға белгілі маман ғалым-ұстаздар қатысып, мағыналы да мазмұнды баяндамалар жасады. Мәселен, филология және көп тілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Аяпова планетамыздың ірі мемлекеттерінде (АҚШ, Англия, Германия, ҚХР, Жапония, Франция, т.б.) қазақ сөз өнеріне айрықша ықылас қалыптасқанына, арнайы мәдени-танымдық  орталықтардың ашылып жатқанына тоқталса, белгілі ғалымдар С.Асылбекұлы, Ә.Тарақов, Р.Зайкенова, Б.Кәрібозұлы, Ә.Сариева, Г.Орда және т.б. ұстаздар, ақын-жазушылар қазақ әдебиеті пәні және оны оқытатын мұғалімнің-оқытушының педагогикалық-психологиялық және шығармашылық тұлғасы, сөз өнерін оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері туралы ойларын ортаға салып, тың тұжырымдарын, ұсыныстарын жеткізді. 
Жиын соңында конференцияға қатысушылар келелі мәселелерді сөз еткен мәнді басқосу өткізген оқу орнының басшылығына ризашылығын білдірді. 
Жалпы, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды ғылыми негізде игерген мамандар даярлауда Абай атындағы ҚазҰПУ биік мұраттарды игеру жолында үздіксіз сапалы еңбек ете бермек.
Ақманат ШАМАХОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасының
аға оқытушысы.
АҚПАРАТ 21 қаңтар 2014 г. 1 286 0