Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиға. Кеше Мемлекет басшысы кезекті Жолдауын жария етті. Онда ел дамуының ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берген «Қазақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізгі тетіктері айтылды. Осы тарихи құжатты әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова бастаған бірқатар басқарма басшылары мен ақпарат құралдарының өкілдері интернет желісі арқылы тыңдап-тамашалады.
Биылғы Жолдауда Елбасы болашақта мемлекетте жүзеге асыруға тиісті 10 ірі жобаны атап көрсетті. Сондай-ақ еліміздің транзиттік елге айналуға мықтап бағыт түзгені белгілі болды. Бұл туралы: «Еліміздің теңізге шығар жолы болмаса да, біздің транзиттік елге айналу мүмкіндігіміз мол. Бұл іске біз білек түре кірісіп те кеттік. 2015 жылға қарай ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Бейнеу» темір жол желісін салып бітіреміз», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Яғни, осы арқылы біз Шығыс пен Батыстың арасындағы «алтын көпірлі» ел қатарына қосылуға тиістіміз. Бұл дәліз арқылы қос құрлықтың арасындағы жүк тасымалы ағыны артып, экономикамыз өрлей түсетін болады.
Қазақстанның өмір сүруге ең қолайлы мемлекет болуы тиістігіне тоқталған Елбасы 2020 жылға қарай еліміздегі 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбие және біліммен, яғни балабақшамен қамтылуы жоспарланып отырғанын жеткізді.
Президент ел Үкіметіне 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделін енгізуді жүктеді. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің жалақсы 28 пайызға өсетін болады. Ал, білім беру саласында еңбек етіп жүрген мамандардың жалақысы – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға артады. Ал, мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының жалақысын келер жылдың маусымынан бастап 15 пайызға арттыруды тапсырды. Жылына экономиканың төрт пайыздық дамуын қамту біздің мақсаттарымыз екендігіне тоқталған Елбасы 2050 жылға қарай Қазақстанда жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімді 60 мың долларға жеткізу керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын
– «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, халқым», – деп қорытты.
Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ.