ЗАҢДЫ БҰЗҒАН БАСШЫЛАР ОРНЫН БОСАТТЫ

Қызылорда облыстық прокуратурасы өткен жылдың жұмыс қорытындысын шығарды. Осыған байланысты облыстық прокуратураның басқарма бастығы Ғ.Едігеев пен аға прокурор Н.Дүйсенбаев БАҚ өкілдеріне арнап брифинг ұйымдастырды.
Облыстық прокуратура былтыр әлеуметтік-экономикалық сала бойынша заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарып ел бюджетіне 3,3 млрд. теңге құйған. Жыл бойына жиырма мыңнан астам азаматтың құқықтары қорғалып, 247 кәсіпкерді заңсыз тексеру фактілері анықталды. 
Сондай-ақ, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы да басты назарда. Осы бағытта 80 мекеменің 15 мың жұмысшысына 917,4 млн. теңге жалақы қарыздары төленді. Бүгінгі күні қалған 9 мекеменің 49,2 млн. теңгені құрайтын жалақы берешегін төлету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл саладағы басты проблема – жергілікті мамандар мен шетелдік кадрлар алатын жалақыдағы айырмашылық. Былтыр осы бағытта атқарылған жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын табады. 
Қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық сипатында құқық бұзушылықтарға жол берген 43 тұлға тәртіптік жазаға тартылды.  
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар да нәтижесіз емес. Атап айтсақ, жыл ішінде оңтайлы топтың сенім телефонына 55 арыз түсіп, оның 21-сі шешілген. Ал, 14 заңсыз әрекетке тосқауыл қойылды. Жыл барысында прокуратура органдарымен «Шенеунік және кәсіпкер» атты 11 акция өтті.
Жасөспірімдер құқығын қорғау бағытында 3700 заң бұзушылықтар анықталып, 179 актіні жою туралы ұсыныс енгізілді. Осыған қатысы бар 620 тұлға әртүрлі жауапкершіліктерге тартылса, кәмелетке толмаған жастардың Конституциялық құқықтары қорғалды. Оның ішінде 188 жасөспірімге 3 млн. теңге жәрдемақының төленуі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары тарапынан өрескел заңбұзушылық деректері де анықталып отыр.
Ата-аналар арызы бойынша №120 мектептің қызметінде тексеру жүргізу барысында шағымда айтылған көп мәселе расталды. Білім ошағындағы басты кемшілік – қаржыны мақсатсыз жұмсау орын алған. Басқа да мектептерді тексеру барысында, қызметіне салғырт қараған 5 мектеп  директоры мен орынбасарлары қызметтерінен босатылды.
Табиғатты қорғау саласы бойынша жүргізілген тексерулерде өндірістік қалдықтарды белгіленген мөлшерден артық тастау, жер қойнауын тиімсіз пайдалану, браконьерлік секілді фактілер қатары артқандығы анықталды. 
Қолданылған шаралар нәтижесінде ел бюджетіне шығын келтірген мұнай ұрлықтарының жолдары кесілді. 
Қоршаған ортаға белгіленген нормадан тыс қалдықтар тастағаны үшін «ҚазГерМұнай» ЖШС 1,8 млрд. теңге өндірілді. Байқоңыр мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшылары  қатысты қызметтік жалғандық жасап, соның салдарынан мемлекет меншігіндегі нысан төмен бағада сатылған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлігімен және Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша бюджет қаржысын ысырап еткендерге іс қозғалды.
Сондай-ақ, Сырдария ауданы әкімдігінің бюджетін жоспарлану заңдылықтарына тексеру жүргізіліп, аудандық әкімдіктің автокөліктерді сатып алу жөнінде жасалған келісім-шарты бұзылып, 12 млн. теңге үнемделді. Заңсыз кәсіпкерліктің жолын кесу бағытында облыстық прокуратура «Талмас Қызылорда» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық іс қозғап, ол сот үкімімен кінәлі деп танылды. Құқықтық түсіндіру бағытында барлық елді мекендерде «Халқым, заңды біл!» атты кең көлемдегі акциясы өткізілуде.
Қызылорда облыстық прокуратурасы «Сыр Медиа» ақпараттық талдау орталығымен әлеуметтік сұраулар өткізіліп, сұралған 700 респонденттің 91 пайызы прокуратураға сенім білдіретіндігін айтқан.  
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
АҚПАРАТ 18 қаңтар 2014 г. 1 049 0