Қаңтар айының алғашқы аптасында «Жаңақорған шипажайында» дәстүрлі «Тәжірибе алаңы» жиыны өтті.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы – педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты озат тәжірибені зерттеу, жалпылау және таратудың осынау жаңа формасын білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің қолдауымен өткізіп келе жатқанына, міне, бір мүшел болып отыр.
Шығармашылықпен жұмыс жасайтын 41 ұстаз, сертификатталған 32 мұғалім, институттың 14 оқытушы-тренерлері мен әдістемелік орталық мамандары қатысқан жиын аясында «Мұғалімнің жеке ізденіс зертханасы» көрмесі ұйымдастырылып, шығармашыл мұғалімдердің инновациялық жобалары мен ғылыми ізденістері, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде марапатталған мұғалімдер жетістіктері көрсетілді. Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренерлері Г.Жақсылықова, Ж.Жұбауова, А.Қожантовалардың жетекшілігімен Кембридж технологиясына арналған шеберлік сыныптары көрсетілді. «Брейн-ринг – 2014» командалық сайысымен қатар ұстаздар шахмат пен дойбыдан да бақ сынады.
Бұдан басқа «Кәсіби қауымдастық құру мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өткізіліп, мәнерлер оқу байқауы мен ақындар мүшәйрасы, «Қиялдың мініп пырағын» поэзия кешіне ұстаздар белсене араласты. «Мұғалімдер мен оқушылар көшбасшылығын арттыру жолдары» атты ғылыми-әдістемелік конференция барысында жобалар қорғалып, «Бүгінгі заман құндылығы неде?» тақырыбында ұстаздар еркін микрофонда ой бөлісті. Сондай-ақ «көңілді тапқырлар клубы» астарлы әзілдерімен кештің ажарын аша түсті.
Шара барысында 9 жоба үздік деп танылып, мәртебелі мамандық иелері мақтау қағаздар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.