әр ауданда 30 мың гектар алқапты суландырады
Алты Алаштың анасы атанған Сыр бойының ырысы мыңдаған шақырымға бұратыла созыла ағып жатқан Сырдария өзеніне қатысты екендігі анық. Ежелде Сейхун атанған бұл атақты өзен кезінде осы маңды мекендеген халыққа пана да бола білді, олардың азбой-тозбай тіршілік етуіне азығы мол киелі мекен де болғандығын тарих шежіресі еске салып отырады.
Әлемге белгілі атақты киелі жердің көне сак халқының қорғанышы болғандығы да анық. Бес қаруын сайланған талай жаудың беті Сырдарияның жағасында қайтып, егінін салып, малын жайлаған бейбіт халықтың өсіп- өрбуіне кесір келтіре алмағандығы да жаратушының берген олжасы болар.
Беріден сөз өрбітсек, кешегі ашаршылық жылдары да осы Сыр бойы талай қазақтың аман қалуына септігін тигізді. «Бір түп шеңгел қазығым, бір түп шеңгел азығым» дегенді сол кездегі аталарымыз шүкіршілікпен аузына алған болуы керек.
Қазір арамызда жүрген ересектер біледі, кеңестік шаруашылықтар да осы Сыр өзенінің жағалауына орын тігіп, атакәсіптің ел игілігіне айналуына егелік етті. Көптеген совхоздар құрылып, жылма-жыл мол астықтың қырманын көтерумен болды.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары да нарықтық қатынастың жағдайына қарай бейімделген шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар Сырдария суына, жағалаудағы тоғайына иек артып отыр. Алайда, үйдегі ырықты, базардағы нарық бұзады демекші, бұрынғы қалыптасқан жүйенің бұзылуы салдарынан таудан салдырай құлаған мол су жолда өзге мемлекеттер тарапынан түрлі бөгесіндерге тап болып, Сыр өңірін жұртшылығына сылдырап қана жететін күйге ұшырады. Әсіресе, облысымыздың оңтүстігіндегі екі аудан – Жаңақорған мен Шиелі шілде айларында су тапшылығына ұшыраумен келеді. Көбінесе, көктемде еккен егісінің төрттен бірі су тапшылығына ұшырап, ораққа түспей қала беретін кездері жиіледі. Жоғарғы жағалаудағылардың әңгімесі шашыраңқы, бірде олай, бірде былай деп жатады, ал істер амалы қалмаған етектегілер күйіп кеткен егінінің орнын сипалап, есіл еңбектің зая кеткеніне өкінетін еді.
Елбасының тікелей бақылауымен «Көксарай» су жинағышы салынды, мұның игі әсері болғандығы белгілі, дегенде жоғарыдағы екі аудан үшін әлі де басқалай көмек керек екендігін өмір алға тартып тұрды. Міне, осы арада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев белсенді іске кіріскендігін айтқан жөн. Жаңа технологияға сай, Жаңақорған ауданының жоғарғы жағы Көктөбе елді мекені тұсынан үрлемелі су тоспасын орнату керек. Сондай-ақ, Шиелі ауданы тұсынан да дәл осындай қондырғы орналастырған жөн. Мамандармен ақылдаса келе, осы пәтуаға табан тірелді. Аталып отырған үрлемелі су тоспасының жобасы мен қажет заттары Қытай мемлекетінен алдырылды. Құны 1 млрд. теңге тұрады. Алайда, жиырма жыл бойы игілігін көру мүмкіншілігі туады. Yрлемелі тоспаны қажеттілігіне сай 6 метр биіктікке дейін көтеруге, осылай деңгейі төмен суды тосуға, бұрынғы суы асылып қалған алқаптарды айналымға қосуға мүмкіншілік туады. Яғни, енді Жаңақорған, Шиелі аудандарының әрқайсысы аталмыш тоспа құрылысы арқылы 30 мың гектар алқапқа қажетті дақылдарын орналастырып, межелеген өнімін ала алады. Бұл Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауына сай жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз.
– Көктөбеден бастау алатын Түгіскен каналы осы массивке орналасқан бұрынғы 7 совхоздың егістік алқабын суландырады. Бұл қазіргі есеппен алғанда жүздеген шаруа қожалығы немесе 30 мыңға тарта халықтың күнкөрісі деп есептеген жөн, – дейді Қандөз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тасбалта Дүйсенбиев өз сөзінде, – облыс әкімінің тегеурінді еңбегі нәтижесінде жоғарыда аталған су тоспасының салынуы осы мүмкіншілікті арттырды. Енді су тапшылығы болмайды.
Біз де өз кезегімізде қолдағы мәліметтерге көз жүгірттік. Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы өндірісімен 688 шаруашылық құрылымдары айналысса, оның 341-і егін шаруашылығымен шұғылданады екен. Оның ішінде 133 шаруашылық күріш өсірумен айналысып отыр. Өткен жылы аудан диқандары индикативтік жоспар бойынша 27122 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды межелесе, жоғарыдағы үрлемелі су тоспасының шарапаты нәтижесінде алдағы жылдары оның көлемін едәуір арттыра алатындығы белгілі болып отыр. Сол секілді басқа да көкөніс, бақша дақылдарын молайтуға жол ашылады. Еңбек етсең – емерсің демекші, бейнет жасаған адам, көпшіл де қайырымды, қоғамдық жұмыстарға белсенді, елдің ауызбірлігін көбірек ойлайтын парасат-пайымға ие болады. Олай болса, облыс басшылығы бір ғана суландыру мәселесінінң тиімді тетігін басу арқылы қаншама шаруалардың шешімін орайластырып отыр.
Иә, суды тиімді пайдалану – молшылық көзі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.