Облыс орталығының тұрғындары газ бағасының өскен-өспегенін білу мақсатында редакциямызға хабарласып жатыр. Осыған орай біз "ҚазТрансГаз-Аймақ” АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының экономика және тарифтер жөніндегі орынбасары Ардагер Ақжігітовтен тариф мәселесіне қатысты түсініктеме беруді өтінген едік.
– Ардагер Өркенұлы, акционерлік қоғамның аймақтағы өндірістік филиалы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылар үшін газ бағасын көтерді ме?
– Жалпы, "Табиғи монополиялар туралы” заңда шекті тариф деген ұғым бар. Еліміздің Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұйрығына сәйкес, газ бағасы соңғы рет 2012 жылдың 1 желтоқсаны күні өзгерді. Сол кезде біз тарифті 3 жыл мерзімге қорғадық. Яғни, сол кезде газ тарату жүйелерінен газ тұтынып отырған жалпы халық үшін (жеке тұтынушылар үшін) 1000 текше метр газдың бағасы қосымша құн салығын қоса есептегенде 6 644 теңге 22 тиын, ал заңды тұлғалар үшін 7 506 теңге болып бекітілді. Біздің мекеме сонан бергі аралықта осы бектілген тариф арқылы жұмыс жасап келеді. Айта кетейік, бұл тарифпен біз осы жылдың соңына дейін жұмыс жасаймыз. Яки, бектілген тарифтің бітетін күні 2014 жылдың 1 желтоқсаны. Сондықтан да біз ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап газдың бағасы өсірген жоқпыз. Алайда, біздің тарифке әсер ететін сыртқы факторлар бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2013 жылдың 21 қарашадағы №358 бұйрығына сәйкес, "Интергаз Орталық Азия” АҚ бүкіл еліміз бойынша магистральды газ құбырлары арқылы газды тасымалдау тарифін үстіміздегі жылдың 1-қаңтарынан бастап көтерді. Егер де жаңа жылға дейін жеке тұрғындар үшін газды тасымалдау қызметінің құны 1000 текше метр үшін 233 теңге, ал заңды тұлғалар үшін 1003 теңге болса, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылардың барлық санатына бірдей баға қойылды. Яғни, газды тұтынушылардың барлығы енді 1000 текше метр газдың тасымалдау қызметі үшін бүкіл еліміз бойынша 1 380 теңге төлейтін болады. Ескерте кетейік, бұл – республикамыздағы 9 аймаққа бірдей бекітілген баға.
Міне, осы сыртқы факторларды ескере отырып, біздің кәсіпорын газдың түпкілікті босату бағасын көтеруге мәжбүр болды. Айрықша атап өтерлік жайт, мұның тарифке ешқандай да қатысы жоқ! Мысалы, жоғарыда атап өткеніміздей, жаңа жылға дейін жалпы тұрғындар үшін 1000 текше метр газдың бағасы 6 644 теңге болса, сол күйінде қалды. Тек бұл жерде өзгерген нәрсе газды тасымалдау бағасы ғана. Яғни, "Интергаз Орталық Азия” АҚ-ның тасымалдау қызметінің құнын бұрын 233 теңге етіп бектісе, енді ол осы 233 теңгеден 1 380 теңге өсіп отыр. Тағы да қайталап айтайын, біздің "ҚазТрансГаз-Аймақ” АҚ Қызылорда өндірістік филиалы бұрынғы тарифті өсірген жоқ, тек газды босату құнын сәл көтеруге мәжбүр болды. Қазіргі таңда, яғни 1 қаңтардан бастап 1000 текше метр үшін тұрғындар бұрынғы 6 644 теңгенің орнына енді 8000 мың теңге төлейтін болады.
Осының өзінде біздегі газ бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда едәуір төмен болып есептеледі.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.