«Бүгінгі таңда дүниежүзінде қанша тіл бар» деген сауалға екінің-бірі нақты жауап беруі дүдамал. Ал, ғалымдар әлемде 6 миллиард халық, 6551 тіл бар дегенді жиі айтады. Осыншама тілдердің ішінде қазақ тілі сөйлеушісі ең көп 70 тілдің санатында тұр. Бұл тегін емес. Яғни, қазақ тілінің даму мүмкіндігі зор деген сөз.
Үкіметіміздің арнайы қаулысымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша «Қазтест» жүйесін қолдану» белгіленген болатын. Бұған қазірден бастап қызу дайындық жүргізілуде. Осыған орай жергілікті бюджеттен мемлекеттік қызметшілерді оқыту курстарынан өткізу үшін қаржы бөлінді. Аталған қаржыға 22 мемлекеттік қызметші «Қазтест» - қазақ тілін меңгеру жүйесінің В1, В2 деңгейі бойынша дәріс алды.
Белгіленген жоспар негізінде ақындар мүшәйрасы, көркемсөз оқу шеберлерінің, қазақ, орыс тілін жетік меңгергендер арасында байқау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі кітапханаларда «Ана тілім – болашағым, ертеңім!», «Тіл – елдіктің, ерліктің алтын діңгегі», «Тіл – ұлттың жаны», өзге де тақырыптарды қамтыған кітап көрмелері жасалды. Кітап қоры жаңа әдебиеттермен жаңартылды. Түрлі байқауларға қатысқан талапкерлер табыссыз да емес. Мәселен, өзге ұлт өкілдері арасындағы облыстық Абай оқуларының байқауынан Наталия Баркова бас жүлдені иеленіп, республикаға жолдама алды. Сонымен қатар облыс орталығында өткен Оралхан Бөкей оқуларының және орыс тілі білгірлерінің байқауында бақ сынаған Фариза Ермекқызы мен Нұрислам Әбенов Алғыс хатпен марапатталды.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұнидың:
«Адамға екі нәрсе тіректегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» – деген сөзінің мағынасына үңілген жан терең тағылым алары анық. Олай болса әрбір қазақ азаматы туған тіліне адал болып, оны құрметтеп, Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптарын мүлтіксіз орындауға тиісті деп санаймын.
Қайыркелді ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы.