Жуырда Шиелі ауданының Жақаев аулында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Ауданда соңғы бір ай көлемінде осымен денсаулық саласына қажетті үшінші ғимарат ашылып, аудан халқына қызмет көрсете бастады. Әуелі Сұлутөбе аулында дәрігерлік амбулатория ашылса, оған іле-шала аудан орталығында диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Ғимаратты мердігер мекеме «Қасиет-Ал» ЖШС-і бюджеттен бөлінген 86,8 млн. теңгеге өз мерзімінде салып, ұсынып отыр.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында тұрғындар денсаулығына баса назар аудару қажеттігін тапсырып келеді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауданымызда игі шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінгі күні пайдалануға берілетін жаңа дәрігерлік амбулатория екі мың бес жүз тұрғыны бар Жақаев аулына қызмет көрсететін болады. Онда білікті мамандар қызмет жасайтын болады. Ауру-сырқаудан аман болып, өсіп, өркендеп келе жатқан еліміздің игілігін көре беріңіздер, мүмкіндіктеріңізге сай жақсы еңбек етіңіздер, деді, жиын барысында сөз алған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудан ардагерлері атынан П.Арқабаев және басқалар ізгі ниеттерін білдірісті.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.