Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде индустриалды-иновациялық әрекеттердің дамуы, инновациялық саясат, аймақтық инновациялық жүйені дамытуға ықпал ететін мәселелер төңірегінде семинар-кеңес өтті. Шараға университеттің аймақтық кәсіпкерлікті дамыту орталығы мен «Оңтүстік Қазақстан облысындағы аймақтық технобағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйытқы болды.
Соңғы жылдары елімізде инновациялық инфрақұрылым нәтижелі жүзеге асуда. Елбасы белгілеген міндет аясында Қазақстанда 8 технобақ орталығы ашылды. Солардың бірі «Оңтүстік Қазақстан облысындағы аймақтық технобағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі республикадағы ұлттық инновациялық жүйемен құрылған элементтерінің бірі болып табылады. Жиын барысында технобақ директоры Әліхан Сауран қызылордалық инноваторлармен тығыз қарым-қатынаста жасалып жатқан жұмыстың нәтижелеріне тоқталып өтті.
Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік сарапшысы А.Баядинов қатысқан семинар аясында «Индустриалды-инновациялық әрекетті қолдау құралдары», «Технологиялық бизнес - инкубациялау 2013» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.
Басқосуда университет ғалымдары П.Таңжарықов, Т.Жұмағұлов, С.Үдербаевтардың технологиялық бизнес-инкубациялау қызметі бағытындағы «Қызылорда облысының асфальт шайырлы парафинді мұнай кендерінің қалдықтарын қолданумен отын брикеттерін шығару» жобасын жүзеге асырудағы тәжірибелері мен нәтижелері сөз болды.
Жиында инновациялық жобаларға грант тағайындау жайы мен технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін ұсынуға қатысты мәселелер талқыланып, ғалымдар тарапынан ұсыныстар айтылды.
Семинар-кеңес соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Е. ӘБДІР.