Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте ресми өкіл Алтай Әбибуллаев аптаның маңызды оқиғаларына тоқталды. Сонымен қатар, брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықовтың хабарламасы тыңдалды.
Вице-министр онда Кедендік одақ елдерінің нарығын қазақстандық алкоголь өнімдері үшін қолжетімді ету жұмыстарының жасалып жатқанын мәлімдеді.
«Кедендік одақ бойынша серіктес елдер нарығының біздің алкогольдік өнімдер үшін қолжетімділігі бойынша бірқатар мәселелер туындаған болатын. Қазір алкоголь өнімінің айналымы туралы келісімнің жобасы әзірленді және ол үш елдің мақұлдануы бойынша қарастырылуда. Аталған құжат қабылданғаннан кейін отандық тауарлардың қолжетімділігін шектеуге қатысты барлық мәселелер өз шешімін табады деп үміттенеміз. Жалпы, жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деді Тимур Жақсылықов.
Оған қоса, вице-министр Кедендік одақ аясында туындаған осындай проблемаларға мемлекеттер арасында келіссөз жүргізушілердің осал жұмысы себеп емес екенін айтты. Оның айтуынша, уақыттың тығыздығына байланысты кейбір мәселелер үстірт қаралып, шешімдер тез қабылданады.
Сондай-ақ, вице-министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан 2014 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болады деп болжануда.
Оның айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша ұзақ уақыт бойы келіссөздер жүргізілген және қазір ол келіссөздер аяқталуға жақын екен. Ұйымға мүше болу үшін тауарлар, қызмет көрсету, ауылшаруашылық және жүйелік мәселелер бойынша екіжақты келіссөздер жүргізу қарастырылған. «Тек екі мәселе – тарифтік үйлесімділік және жергілікті үлес мәселелері бойынша келіссөздер жүргізу қалды. Сол себепті, осы жылы келіссөздер толық аяқталып, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болады деп күтілуде», – деді Тимур Жақсылықов.
Сонымен қатар, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өкілі атап өткендей, ДСҰ-ға өткеннен кейін шетелден әкелінетін көліктер үшін кедендік баж салығы да төмендетілетін болады.
Айнұр БАТТАЛОВА.