ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫН ЖҰМЫСҚА ТАРТУ ЗАҢДАСТЫРЫЛАТЫН БОЛДЫ

ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫН ЖҰМЫСҚА ТАРТУ ЗАҢДАСТЫРЫЛАТЫН БОЛДЫҮй салып, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін көптеген тұрғындар өзге елдің азаматтарын жұмысқа тартып, көптеген заңсыздықтарға орын беріп келді. Осы уақытқа дейін көршілес өзбек, қырғыз елінің азаматтары біздің елден өз нәпақасын тауып келді. Осы әрекеттері үшін кей азаматтар Заң алдында жауап беріп, шетел азаматтары шекара сыртына шығарылған болатын. 
Енді шетел азаматтарын жұмысқа тарту заңдастырылды. Нақтырақ айтар болсақ, 2013 жылғы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, онда шетелдіктерге жеке тұлғаларда жұмыс істеу үшін рұқсат берудің жеңілдетілген тәртібі белгіленді.
Заңның негізгі мақсаты – жеке тұлғаларға шетел жұмыс күшін пайдалануға жасалған жеңілдік және кейбір санаттағы еңбек иммигранттарының  Қазақстанда еңбек ету тәртібін заңдастыру.
Бұл Заң Қазақстан Республикасына визасыз тәртіппен келетін ТМД мемлекеттерінің  азаматтарына қолданылады. Жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істеуге  рұқсат тек жеке тұлғалардың өз қажеттіліктеріне байланысты беріледі. Бұл тәртіп жеке кәсіпкерлерге пайда табу мақсатында қолданылмайды. Яғни, мекемелер, ұжымдар, кәсіпорындар бұл санаттағы еңбек иммигранттарының жұмысын табыс көзі ретінде пайдалана алмайды. Мысалы, облыс аумағында Өзбекстан Республикасының азаматтарын жеке тұлғалардың үй-жайларын салуға, оны жөндеуге пайдаланып, құрылысшылар бригадаларын ұстап, одан пайда тауып, табыс көзіне, бизнеске айналдырған жергілікті азаматтар бар. Алайда, бұл Заң оларға пайдаланып отырған еңбек иммигранттарын заңдастыруға мүмкіндік бермейді, өйткені жоғарыда айтылғандай, еңбек иммигранттары табыс көзі болмауы керек, тек үй шаруасына қажетті қызметші ретінде пайдаланыла алады.
Аталған заңға сәйкес бір жеке тұлға өзінің үй шаруашылығындағы  жұмысқа 5 (бес) шетелдік жұмысшы жалдай алады, яғни, бір жұмыс берушіге  5 адамнан аспауы қажет, яғни, бір үйдің шаруасына 5 қызметші жеткілікті деп белгіленген.
Сонымен қатар, шетелдік жұмысшы қанша уақыт жұмыс істейтінін өзі белгілейді, айына 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салық төлеп, бір жылға  дейінгі  рұқсатының мерзімін ұзартуға құқылы. 2014 жылға ең төменгі айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 1852 теңге болып белгіленді, яғни, шетелдіктің бір айға төлейтіні 3704 теңге. Ал жұмыс беруші салықтан  босатылған, тек еңбек келісім шартының негізінде шетелдік қызметшісіне айлық жалақы төлеп отырады.
Рұқсаттар шетелдіктің уақытша тіркелген жерлері бойынша ІІО-ның көші-қон полициясы бөліністері қызметкерлерімен рәсімделіп, беріледі. Рұқсаттар бастапқыда 1 айдан 3 айға дейін беріліп, одан кейін қажетті мерзімге ұзартылады. Алайда, шетелдік жұмысшы 12 ай жұмыс жасағаннан кейін өз еліне шығып кетіп, 30 күннен  кейін келіп, жұмысын одан әрі жалғастыруға құқылы. Рұқсат тек бір қала, аудан аумағына жарайды. Мысалы, шетелдік Қызылорда қаласына келіп, еңбек етуге рұқсат алып, басқа ауданға барып жұмыс жасаса, бұл көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты құқық бұзушылық деп саналып, оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылады.
Шетелдіктерге жеңілдетілген тәртіппен жұмыс жасауға рұқсат беруді рәсімдеу ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап жүзеге асырылады.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.

АҚПАРАТ 16 қаңтар 2014 г. 1 159 0