ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР

БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАРҒА ӨНІМІН ҰСЫНДЫ
Қармақшы. 2011 жылы Қармақшы ауданы Ақай ауылынан жер телімін алып, тәтті тағам түрлерін дайындайтын жеке цех салып, кәсібін бастаған Аманкүл Әбдірахманова аз уақыттың ішінде Төретам кенті мен Байқоңыр қаласы тұрғындарына да өз өнімдерін ұсынып, көпшіліктің ризалығына бөленуде. 
Кондитер цехын сүйікті қызының атымен «Жанар» деп атаған кәсіпкер қазір 4 адамды жұмыспен қамтып, тәтті тағам өнімінің 30-дан астам түрін шығарады. Сонымен қатар ол аудан, облыс көлеміндегі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене араласып, демеушілік жасап отырады. Кәсіпкер әлі де болса өнім түрлерін көбейтіп, сапасын арттыра түсуді мақсат етіп отыр.
БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУҒА БАЙЫПТЫ ҚАДАМ
Арал. Ауданда нан пісіретін наубайханалар иелерімен және негізгі азық-түлік өнімдерін сататын кәсіпкерлермен азық-түлік бағасын өсірмеу, бағаны тұрақтандыру мақсатында меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі күнге дейін ауданға барлығы 35 вагон (2338 тонна) ұн қабылданып, нан пісіретін наубайханаларға таратылып тұрғындарға 1 қабы 2600-2650 теңгеден сатылып келеді. Осы наубайханалар 1 бөлке нанды қала дүкендеріне және аудан халқына 45 теңгеден сатып отыр. 
Мұнымен қоса, Арал қаласы орталығында қала, кент, ауылдық округтердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімінің жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Онда ауылшаруашылық өнімдері қала халқына базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылады. Аудандағы жеке кәсіпкер С.Саянов қыс айында көкөніс сақтауға 200 тонналық қойма (картоп, жуа, сәбіз) дайындады. Бұл кәсіпкер азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорынан өнім алып сату үшін «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ-мен келісім-шарт жасады.
АУЫЛ ЖОЛДАРЫ АЖАРЛАНА ТҮСТІ
Сырдария. Ауданда «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылуына өз деңгейінде мән беріліп келеді. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, оның шарапатын көрген азаматтар саны аз емес. 
Аталмыш бағдарламаның  «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» деп аталатын бірінші бағыты бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен ауданға бөлінген  қаржы көлемі  237874 мың теңгені құрайды. Аталмыш қаржы Айдарлы, Ақжарма, Шаған, Іңкәрдария, Н.Ілиясов, О.Мәлібаев, Амангелді елді мекендеріндегі ауылішілік және Тереңөзек кентіндегі А.Тоқмағамбетов, К.Байсейітова көшелері жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына жұмсалып, толығымен аяқталды. Осы бағдарлама негізінде аталған елді мекендердегі жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 62 адам тартылды.
Күнделікті жаңалықтар топтамасымен www.syrboyі.kz сайтынан танысуға болады.

АҚПАРАТ 16 қаңтар 2014 г. 999 0