СИРИЯ: СОДЫРЛАРДЫҢ СОЙҚАНЫ ТОЛАСТАҒАН ЖОҚ
«Әл-Каидамен» байланысты «Ирак және Левант ислам мемлекеті» тобының содырлары Сириядағы басқа экстремистік топтардың 100-ге жуық мүшесін атып өлтірді, деп хабарлайды РОСБАЛТ.
Reuters құқық қорғаушыларға сілтеме жасай отырып, исламшылардың Сирияның солтүстігінде Ракка провинциясының бірқатар елді мекенінде орналасқанын хабарлады. Олар «Фронт ан-Нусра» және «Ахрар аш-Шам» радикалды топтарының ондаған өкілдерін ұстап алып, олардың барлығын атып өлтірген.
ИРАК: ҚҰРБАНДАР ҚАТАРЫ АЗАЙМАЙ ТҰР
Бағдадта дүйсенбі күні бірнеше жарылыс пен шабуылдан 25 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Жарылыстар негізінен қаланың шииттер тұратын аудандарында болды.
Қаланың солтүстік-шығысындағы Шааб ауданында көлік жарылып, 10 адам мерт болған. 13 адам түрлі жарақат алған. Тағы төрт жарылыс кешке қарай қала тұрғындары Мұхаммед пайғамбардың туған күнін атап өтіп жатқан сәтте болған.
Бағдадтың оңтүстігіндегі полиция бекетіне қарулы адамдар шабуыл жасап, үш полицейді өлтіріп кетті. Өткен жылдың өзінде ғана Иракта діни сипаттағы шабуылдардан құрбан болғандар саны 5500-ге жетті.
УКРАИНА: «ХАЛЫҚ ЖИЫНЫ» ӨТТІ
Апта басында Киевтің Тәуелсіздік алаңында «Халықтық жиын» басталды. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, алаңға 10 мыңға тарта адам жиналған.
«Автомайдан» деп аталатын наразылық шарасын қолдаушылар Украина президенті Виктор Януковичтің резиденциясы алдында «Януковичтің күн тәртібі» деп аталатын кезекті акция өткізуге бел буыпты.
Осы сәтте Харьков қаласында билікті қолдайтын «Аймақтар партиясының» ондаған жақтасы Бүкілукраиндық Еуромайданның екі күндік форумы өтіп жатқан ғимарат алдында пикет өткізді. Жиналғандар «Еуромайданға жол жоқ!» деп ұрандатып, Харьковте Киевтегідей бұлғаққа жол бермейтінін мәлімдеген.
Украина астанасы Киев пен басқа да қалаларда Еуропа одағымен интеграцияны жақтаушылардың митингілері былтыр қараша айында үкімет Еуропа одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан соң басталған еді.