Жолтай Әлмашұлы 1957 жылы 14 ақпанда Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. Қызылорда облысында газеттерде, комсомол жұмысында болды. Ол 1991 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, Президент пен Үкімет аппараттарында референт, консультант, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары секілді қызметтер атқарды. Республика Үкіметі үкіметтік басылымдарының бас редакторы. Жазушы-драматург Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты және «Балдырған» журналының жабық бәйгелерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Түркістанның 1500 жылдығына арналған әдеби шығармалар бәйгесінде жүлде алған. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған көркем шығармалар бәйгесінде «Оянған ұрпақ» романы жүлдегер атанды. Ж.Әлмашұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Керемет» сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.
СӨЗ БАСЫ
Қарт Қаратаудың қойнауындағы қояндай бұйығы жатқан Қыраш деген ауылда дүниеге келіп, жасынан елдегі ескі жырды термелеп айтатын көнекөз қариялардың әңгімелерін тыңдап, қара сөздің қайнарынан қанып ішіп, әдебиетке асау жылқыдай бұлқынбай-жұлқынбай, иірімі терең өзендей жылы ағыспен келген Жолтай Әлмашұлы ағамыз да асқаралы алпыстың төріне шығыпты. Бүгінде қазақ әдебиетінің көзі тірі абызына айналған Шерхан Мұртаза атамыз «Алпыс деген – талтүс» деп бағалаған екен. Ендеше, өмірінің талтүсіне ентікпей-шалдықпай жеткен қаламгердің кол жеткізген жетістігі – қанжығасы майланған аңшыдай қомақты.
Әдебиет – тылсымы терең әлем. Көркем сөз кестелеген әрбір суреткер өз шығармасында халықтық тілді пайдалану, орнымен қолдану ерекшелігі жағынан алып қарағанда бір-біріне ұқсамайтын, әрқилы болып келеді. Белгілі жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлының шығармашылығына келгенде осындай ой түюге болады.
Жалпы, әдебиет – кіді, ақсүйек өнер. Ол – кез келген жанды маңына жолатпай, иісінен иесін танитын текті тұлпар секілді, әр пендеге қона бермейді. Кейбір ғалымдар «жазушылық оқу-тоқумен жүре қалыптасады» деп айтқанмен, менің ойымша, шынайы сөз шебері жаратылысынан қаламгер болып туады. Әрбір шығармашылық тұлға – шыңырау секілді жұмбақ әлемнің иесі. Әрине, әдебиетке ентелеп келу бар да, онда тұрақтап қалу қиын. Бір ойлы дүниесімен жарқ етіп, кейін мүлде көрінбей кеткен қаламгерлер де кездеседі. Бұ жағынан, біз сөз етіп отырған Әлмашұлының жолы болғандығын байқаймыз. Ал сіз оны қалай байқадыңыз деп айтуыңыз мүмкін? Тоқтаңыз! Әуелі қаламгердің өмір жолынан қысқаша ой өрбітейік. Жолтай ағамыз да қара сөзді пір тұтқан жазушылар секілді қараша ауылда өмір есігін ашып, бала күнінен ғасыр жасаған Жұмат атасының бауырында өседі. Көкірегі қазынаға толы қарттың кеңестік үкіметтің құрығынан қашып, түрлі мехнат мен зобалаңды бастан кешкендерін тыңдап ержетеді. Жұрт қатарлы арман қуып Алматыға барып, сол кездегі маңдайдағы жалғыз университеттің журналистика факультетінде білім алады. Содан кейін Сыр бойына келіп, мерзімді баспасөз бен идеология саласында еңбек етеді. Біздің білуімізше, қаламгер балалық шағынан бастап-ақ әуелі өлеңдер, сосын шағын әңгімелер жазып қаламын ұштайды.
Алғашқы жеткіншектерге арналған «Біздің команда» деп аталған кітабы университеттің соңғы курсында жүргенде жарық көреді. «Балдырған» журналының тұрақты авторы атанып, оның жабық бәйгесінің бірнеше дүркін жүлдегері болғаны тағы бар. Ғылымға да түрен салып, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы секілді ардақтыларымыздың өмірі мен күрескерлік, шығармашылық жолы туралы зерттеу еңбектерін жазып, олар жайында кітап шығарған. Бір адамға толымды да татымды салмақ боларлық, жүгі жүз батпан қоғамдық қызметтерді де атқара жүріп, жазушы әуелдегі мақсатынан таңбай, өз шығармашылығын өрістете береді. «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен көз жасы», «Тар дүние» секілді сүйекті романдар мен көптеген повесть, хикаят, әңгімелердің авторы атанады. Әрине, шағын мақалада қаламгердің барлық шығармашылығын айту мүмкін емес.
Ол көп жылдан бері мемлекеттік қызметпен қоса, шығармашылық жұмыстармен де белсенді айналысып, оқырман қауымға тың дүниелер ұсынып келеді. Жазу өнерін мұрат тұтқан қаламгердің шығармаларының бірқатары орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, кең көлемде әдеби талдауға еніп жүр. Автордың драматургиялық және ғылыми-тарихи еңбектерінің орны бір төбе, ал біз суреткердің әр жылдары жарық көрген «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ» романдары (осы үш туындыны трилогия десе де болатындай) туралы айтқымыз келеді.
РОМАН – АУЫР ЖАНР
Жазушының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1928-1932 жылдардағы кәмпеске мен ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін кезеңін, тарихи себептерін жан-жақты аша суреттейтін «Күлкі мен көз жасы» романында ұлттық тағылым көріністері бабалар өсиеті арқылы түйінделген: «Елден бөлінген бай – бай емес. Жұрттан жырақтанып жиған дүние – дүние емес. Осының бәрі де бір-ақ күндік. «Байлық бір-ақ жұрттық», «Байлыққа көп белдене берме, пейілің бұзылады» Бұл – Мелде бабадан қалған өсиет. Демек, дүние емес, айнала жатқан қалың еліңе, халқыңа сен. Ал, елге арқа сүйей алмасаң... онда тамырын тереңге бойлата алған бәйтерек іспеттісің. Мықты бәйтеректі жел де, дауыл да, боран да құлата алмайды.
Роман желісі бойынша ата-баба мен болашақ ұрпақ, әдет-ғұрып заңдылықтары асқан сезімталдықпен, үйлесімді көркемдікпен бейнеленеді: «...Әлгінде келіннің айтуымен қызметшілердің ең әуелі бай алдына қасиеттеп нан әкелуі – ішін жылытып сала бергені. «Бұл да көргенділіктің белгісі, тәрбие тамыры» деп ой толғады.
Бір сөзбен айтқанда – «Күлкі мен көз жасы» романы ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ өмірінің көркем картинасы десе де болғандай.
Әр кейіпкерді қоғамда алатын орны мен ой-өрісі, рухани өсуі мен дүниетанымына байланысты сөйлету – тілдік-стильдік амалдардың бірі болмақ.
Автордың келесі бір шығармасы – «Оянған ұрпақ» романының екінші желісінде кейіпкердің ішкі монологын ашу мақсатында мынадай авторлық баяндаулар ұтымды жұмсалған: «Жә, туған жерді кім ұмытады, Арал мен үшін жер бетіндегі ең қымбат, ең ыстық, ең асыл топырақ. Айтсам, жаным сыздап, жүрегім ауырған соң айттым да. Егер теңіз тағдыры маған ғана қарап тұрса, бүгін-ақ жетіп баруға әзірмін, әйтсе де… Менде тұрған не бар? Менің қауқарым кімге керек?.. Жазушының тіл байлығы деген жеке сөздердің үсті-үстіне төпелеген көптігі емес, оларды ұтымды қолдану ерекшелігінде. Шебер жазушы кейіпкер тілін әрлеп, оның сөз қолданысына поэтикалық өң береді.
Ж.Әлмашұлының тағы бір туындысы – «Ұмытылған ұрпақ» («Нұржол», 2002ж.) романында – жастар махаббаты мен адам, жас сәби тағдыры, ата-ана қамқорлығы, қарттар мәселесіне арналып, шығарма тілінде диалогтық қатынастардың диалог-арыздану, диалог-танысу, қалжың-диалог түрлері мен эмоциялық тілдесулер кеңінен қолданылған.
Жазушы кейіпкер әрекетін бейнелеуде ауызекі сөйлеу стиль үлгілерін, мақал-мәтелдерді молынан пайдаланған: «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді». «Жақсы мен жаманның парқын айыра білу керек» деді. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген осы. – Пешенеңе жазылғанның бәрін көрмейінше, бұл тірліктен өтпейсің. Қиыншылық та, таршылық та, кеңшілік те, бақыт та – барлығы өз кезегімен, өз ретімен...».
Суреткердің шеберлігі – ең алдымен өмірді бақылау мен ұғу ерекшелігімен сипатталса, мына үзінді арқылы замана шындығы мен халық психологиясының иірімдерін көре аламыз: «Өмірді өмір ететін – үміт, арман. Үміті үзіліп, арманы жарым жолда тұсауланған адамның арғы тағдыры турасында сөз қозғаудың өзі ауыр». «Бір үйдің иесі болу кейбіреулер ойлайтындай, ойыншық шаруа емес. Ол – ауырдың ауыры. Сен шаңыраққа ісіңмен де, сөзіңмен де, ең ақыры мінезіңмен де үлгісің. Жаман тірлік жасасаң – жаман ұрпақ бересің. Қисық-қисық мінез байқатсаң, сенен де қисық, сенен де қыңыр адам келеді жарық әлемге...».
Сөйлем түрлерінің жасалуында қашанда интонация ерекше орын алады. Мысалы, шығармадағы «Апа, апатай, мені жалғыз қалдырмашы! Мен тек қана сенімен бірге болғым келеді. Сенсіз қалай сабақ оқимын? Сенсіз қалай ұйықтай аламын, Апатайым?!...» деген бала үніндегі оңаша тілдесулер сұраулы сөйлемдер сипатында берілгендігі байқалады.
Сөз құрау, жүйелі ой айту жағынан келгенде, жазушының таңдау-талғамы жоғары. Кейіпкер тіліндегі әрбір мақсатты ой шешендік тілмен әсерлі ұйқасқа, суреткерлік мұратқа құрылған. Көркем де кестелі сөз – халықтың рухани азығы. Сондықтан да суреткер қаламынан туған қанатты сөздер, сөз жоқ, көркем тілді байытуға қосқан зор үлес болып саналады.
Біз қысқаша ой түйіп, әңгімеге желі еткен қаламгердің үш романы, сөз жоқ, бүгінгі ұлт әдебиетінен өз орнын алады. Олардың бағасы мен салмағы әлі талай-талай зерделі зерттеулерге негіз болмақшы!
Шығармашылық еңбекпен айналыса бастағанына 40 жылдай уақыт болған қаламгердің көркем дүниелері оқушысын әсемдік әлеміне еріксіз жетелеп отырады. Автордың прозасынан бөлек, «Абақты-ғұмыр», «Сүю серті», «Сана дерті», «Тірі жан», «Бәйтерек басындағы кездесу», «Ай астындағы алтын шаһар», «Сәкеннің соңғы сапары», «Мұңмен алысқан адам», «Жапон аруының арманы», «Шамда сөнген шырақ» (Әбунасыр әл-Фараби туралы) секілді драмалық туындылары еліміздің Астана, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Жетісай сынды театрларында сахналанып, «Қауын мен қарбыз», «Алтын балық» әңгімелері мектеп бағдарламасына енгізіліп, тәуелсіз еліміздің жас буынына рухани азық болуда.
ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Қазақ әңгімесі дегенде алдымен ойымызға шағын жанрдың шырағын жағып, әуелетіп биікке көтерген Бейімбет атамыз түседі. Иә, кәдімгі Бейімбет Майлин! Обалы нешік, Биағаңның оймақтай әңгімелерін оқығанда өткен ғасырдың басындағы оқиғаларды телеарнадан көргендей әсерде боламыз. Сондай кезде әп дегеннен оқырманды жетелеп, еріксіз езу тарттырып, кейде жаныңызды мұңайтып, кейде қуантып отыратын ғажайып бейнелердің галереясын жасаған жазушының шеберлігіне таңдай қағасыз. Оның шығармаларында басы артық деталь, көлдеңен сөз, артық бояу жоқ. Бір деммен құйыла салған көркем көрініс секілді. Әлмашұлының әңгімелері де көрнекті көркем сөз шеберінің туындыларымен үйлесіп, үндесіп тұратыны байқалып қалады. Ол да философиялық терең ой айтамын деп күшену, сөзбен сурет саламын деп көпсөзділікке ұрыну, кейіпкерлерді асыра әсірелеу секілді қасиеттерден ада. Қайта, шығарманы қолмен қойғандай дәлдікпен, ұтымды детальмен, айшықты әзілмен әрлеп отырады. Айталық, «Сэм және Сэмиха» деген әңгімені алайық. Бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамда белең алған келеңсіз жағдай. Басты кейіпкердің есімі – Сапаргүл. Ауылда әке-шешесінен тағылымды тәрбиесімен өскен бойжеткен кейін қалаға келіп, жоғары білім алады. Тәп-тәуір қызметке орналасып, ел қатарлы жұмыс істейді. Бір бөлмелі қонысқа қол жеткізеді. Былайша, көңілі тоқ, уайымы жоқ деп айтуға болады. Сөйтсек, Сапаргүлдің де нәзік жүрегінің түкпірінде жұрттан жасырып, өз-өзін іштей жеп жүрген арман-мұңы бар. Анасы үнемі қызына «Жалғыздық бір Аллаға жарасқан» деп жиі айтады екен. Ал ол болса: «Айтса ше? Бұл дүниеде не оңай, айта салу оңай. Ал мықты екенсің, сол өзің айтқаныңды орындап көрші! Ә, қалай екен! Ендеше, әуелі айтпай тұрып, ойланып алған мақұл!» Бұл – өзінің ойы. Сөйтіп жүргенде қалада туған, ауқатты отбасыдан шыққан, бүгінгі күннің талғамымен сәнді киінген жігітпен танысып, аз уақыт ішінде тұрмыс құрады. Жігіттің аты – Сатымсай. Бірақ ол есімі оған ұнамайды. Тым қазақы, ескі есім деп санайды. Әкесі оған: «Бір кездері сондай батыр бабамыз болған, сол кісідей жүректі, елге сыйлы болсын деген ниетпен атағанбыз» дейді. Бірақ оның қадірін білетін бала жоқ. Солай жаңа шаңырақ көтерген отау иелері өздерін заман талабына сай есімдерін «Сэм және Сэмиха» деп өзгертеді. Оқиғасы өте тартымды. Туындыдан қаламгердің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың дәстүрінен, иманды, адами қасиетінен алыстап бара жатқан жас ұрпақтың болмысын жан шырылымен жеткізгенін терең түсіндік.
Енді «Сәби қайнаға» деген әңгімені алайық. Шығармада алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ. Жаймашуақ көңілге толы сезіміңізді дір еткізер оймақтай ғана туынды. Басталуынан әңгіменің не туралы екенін ұға қоясыз. «Қаһарман шалды ауылдың бар келіні «герой қайнаға» деп атаушы еді. Жалғыз ғана Нұрсұлу елден ерек «сәби қайнаға» деп әп-әдемі атты тауып алыпты» деп баяндайды автор. Нұрсұлу – ауылдағы жалғызбасты келіншек. Күйеуі соғыстан оралмағаннан кейін қайтып ерге шықпаған. Әлдилеп, қолғанат болатын баласы да жоқ. Тәп-тәуір өңі бар, қылықты келіншекті ауылдың бәрі ерке келін атайды. Обалы нешік, әдемі, көрікті әйелді қайрақшы Қаһарман қария да іштей ұнатып, «жанарымен жеп қоя жаздап» жүреді.
Автордың келін мен қайнаға арасындағы оралымды байланысты орағытып, бір ғана «адам қартайса да, көңіл шіркін қартаймайды» деген бір ауыз сөздің мағынасын айшықты оймен алдыңызға сыбаға етіп тартады.
«Хемингуэй мен Керімбай» деген әңгімеде автор алыстағы алып жазушы мен қазақы ауылдағы Керімбайдың ұқсастықтарын әдемі бейнелейді. Әрине, ептеп әпенділеу, алып-ұшпа көңілдің иесі аңшы Керімбайдың кейбір қылықтарына үнсіз жымиып қоясыз. Шығармадан табиғат анаға деген, жан-жануарларға деген жанашырлықты қос кейіпкер арқылы автор тұспалмен баяндайды. Қаламгердің одан басқа «Ішкі есеп», «Сұлуды сүю», «Бажаның бейнесі», «Жақсылығын бұлдаған басшы», «Түркістан түбегіндегі ауыл» деп аталған әңгімелері де аса шеберлікпен жазылған деп ауыз толтырып айта аламыз.
Сондай-ақ, жазушының соңғы жылдары «Ел мен елес» (мінездер миниатюрасы) және «Аңшы ата ізімен» (табиғат новеллалары) аталған оймақтай қысқа дүниелерге қалам тартып, қоғамдағы түрлі оқиғалар мен бүгінгі адамдардың болмысын жаңаша ізденіспен көркемдеген тың туындыларын ерекше айтуға болады. Әсіресе, бізді қаламгердің екі өкпеден қыспай, жорғалап, еліктіріп отыратын шұрайлы тілі сүйсіндірді.
Түптеп айтқанда, елағасы Жолтай Әлмаштың қаламгерлік және қайраткерлік жолы кемел кезеңінде тұр. Қалам мен қайрат мұқалмасын, зерде мен зейін тұқырмасын!