Аялдамада тұрғаныма көп болған. Суық ызғар табанымнан өтіп барады. Асығыс алға қарай жүріп, тоқтаусыз жүйткіп жат¬қан көлікшілердің біріне қол көтердім. Жүр¬гізушімен амандасып, баратын мекен-жайым¬ды айтып, көлікке жайғастым. Іші салқындау екен. Көзіме бірден жүргізушінің бас киімі мен үстіне киген қалың күртешесі түсті. Радиодан беріліп жатқан әсем әуенге құлақ түріп, көлікті асықпай жүргізіп келеді. Терезеден сыртқа ұзақ қарап отырдым. Бір сәтте:
– Қызым, құлағыңдағы сырға күміс пе? – деген оқыс дауысы ойымды бөліп жіберді.
Темекісін бұрқырата тартқан жүргізу¬шінің айнадан қадала қараған қатқыл жүзін байқадым.
– Күміс емес, жай сұрадыңыз ба?
– Жаңа сенің алдыңда көлікке бір үнді жігіті отырған еді. Қалтасында ақша болмай мына сырғаны күміс деп тастап кеткен. Мә, көрші өзің, – деп жасыл түсті сырғаны қолыма ұстатты. Сырғаны әрі-бері төңкеріп қарап шықтым.
– Қателесуім мүмкін, бірақ бұл күміс емес!
– Әбден мақтап кетіп еді, мақұл, бере сал өзіме. Кейін сатып жіберермін.
– Мұны сатпай-ақ, әйеліңізге сыйлыққа бермедіңіз бе?! Бір қуанып қалар еді.
– Мақұл, солай жасайын, – деп жүргізуші көзілдірігін түзеп қойды да, ойын әрі қарай жалғады:
– Бұл таксиге неше түрлі адам мінеді. Кейде бір көргеннен жақсы көзқарас қалып¬тастырған адамның өзі алдап кетіп жатады. Ең болмаса үлкен кісі деп, сыйластық танытса болады ғой. Міне, сондай адамдардан соңғы кездері көңілім қалып жүр.
Асыға жүйткіген көліктер енді қатар¬ласа кептелісте тұр. Көліктің іші аздап жы¬лынғандай болды. Радиодағы әуен де ырғағын еселеді. Жүргізуші әннің ырғағына ілесе дауылпазшы тәрізді рульді екі қолымен кезектесе ұрғылап отыр.
– Білесің бе, қызым, мен мына үйлерді адамдарға ұқсатамын, – деді көзін терезеден алмаған күйі.
– Адамдарға?
– Иә, кәдімгі қарапайым адамдарға. Адамдар секілді мына үйлердің де, сыртқы бейнесі әртүрлі. Бірі керемет әдемі көрінсе, енді бірі өте ескі, құлайын деп тұр. Бірақ бізге бұл үйлердің ішіндегі жағдай беймәлім. Сырты соншалықты қымбат көрінгенмен сол үйлерде жүрек жылуы, мейірімділік болмауы мүмкін. Ал сырт келбеті ұсқынсыз, ескі үйлерде нағыз жан жылуы мен адалдық шарықтап тұруы мүмкін. Адамдармен де дәл солай. Сырт келбеті біздің көзімізге көрінеді, бірақ ішкі жан дүниесін көре алмайсың.
Үнемі көріп жүрген ғимараттарды бүгін алғаш көргендей үңіле қарадым.
– Бұл теңеуіңіз қызық екен. Бірақ айтқаныңызбен толық келісемін.
– Осы жерге тоқтасам бола ма?
– Болады. Міне, келіскен ақшаңыз. Көп рахмет. Жолыңыз болсын!
– Рахмет! Аман бол, айналайын. Өмірде босағасы берік «ғимарат» болып қалыптасуға бар күшіңді сал.
Бейтаныс жанның адамдар туралы ойы менің есімде ұмытылмастай сақталып қалды.
Әсел БЕГМАН,
ҚазМУ-дың 4-курс студенті.