МЕН ӨЛЕҢ ОҚЫҒАНДА...
Мен өлең оқығанда,
Күллі әлем қалады нұрға тұнып,
Әсем гүлдер төбеде ырғатылып.
Жүректі жан қарайды таңданумен,
Жанарынан жас тамып жырға тұнық.
Мен өлең оқығанда,
Қыз-бозбала сүйсініп сезімменен,
Тыңдайды ақын түнімен көз ілмеген.
Әйел біткен бақытқа таяп қалып,
Арпалысар ақылмен, төзімменен.
Тәтті ғой сезім деген.
Мен өлең оқығанда,
Тұрады көкте Күнім,
Оралып ойға бәрі өткен күннің,
Аңсап жатар кіді күз көктемді мың.
Сорлы жүрек соғады бүлк-бүлк етіп,
Белгісіндей баяғы өкпелі үннің.
Мен өлең оқығанда,
Тыңдарманым тастай бір тына қалып,
Асып-тасыр сезімнің бұлағы анық.
Өжет жігіт өлеңмен намыс қайрап,
Тұрады құлап алып.
Мен өлең оқығанда,
Жанарлардан ып-ыстық жас тамады,
Сылқымдардың бұзылып қас-қабағы.
Сыңарсыз жан жанына жылу тауып,
Орындалар ақ арман асқаралы.
Мен өлең оқығанда,
Тағдырының сезілмей суықтығы,
Адал жанның айшықты туып күні.
Серпіліспен ертеңгі атар таңға,
Күш алуы жырымнан жуық тіпті.
Мен өлең оқығанда,
Қолына қалам алып сұрапылдар,
Тыңдайды өлең мәнін ұғатындар.
Дейді бәрі, мойындап Әз өнерді:
«Қасымнан кейін туған бір ақын бар!».
БІРЕУЛЕР
Біреулер менсінбейді,
Біреулер «өлсін» дейді.
Біреулер сыртымыздан,
Қайғы-мұң төнсін дейді.
Біреулер кетсін дейді,
Біреулер келсін дейді.
Біреулер, бәлкім рас,
«Тұғырлы төрсін» дейді.
Біреулер алдайды кеп,
Біреулер жалмайды тек.
Біреулер қолдайды бек,
Біреулер сорлайды жеп.
Біреулер жақтырмайды,
Біреулер лақтырмайды.
Біреулер біреудегі,
Баянды бақты ұрлайды.
Біреулер жек көреді,
Біреулер өкпелі еді.
Біреулер күнә арқалап,
Уақытын өткереді.
Бұл жалған біле-білсек,
Сынақ бір өткел еді.
Біреулер сүйеді шын,
Біреулер сүйенішім.
Біреуге шын сүйсініп,
Біреуге күйеді ішім.
Біреуге құмартамын,
Біреуге жүк артамын.
Біреуден түңілем де,
Біреуді ұнатамын.
ОЛ МЕНІ ЖАҚСЫ КӨРСЕ, ЖАТҚА ҚИМАЙ
Ол мені сүйген болса, ұмытпасын,
Сезімін маған деген суытпасын.
Ойласын күндіз-түні өзім жайлы,
Ренішті, өкпе-назды құрықтасын.
Ол мені күткен болса, үмітпенен,
Көктемде жыл құсындай күліп келем.
Тек мені шын сағынсын, шын аңсасын,
Жұмысы болмасын еш күдікпенен.
Ол мені іздер болса, өзі іздесін,
Мені ойлап мақпал түнде көз ілмесін.
Зарықса баққа келсін алып-ұшып,
Түспесін тайталасқа сезім мен сын.
Ол мені жақсы көрсе, жатқа қимай,
«Шат жүрсін» деп тілесін Хақтан ұдай.
Жүрегі мәңгі бақи соқса «Мен» деп,
Пейілін оның сен де ақта Құдай.
Ол мені ойласа егер, таң атқанда,
Таң атқанда, әр тұрып, әр отқанда.
Сезімін аласартпай тұғырынан,
«Кезіктір» деп жалынсын Жаратқанға.
Ол дақты жұқтырмасын ақ арына,
Қалады жұқтырса егер қаһарыма.
Ол мені нық бекітсін сүйген болса,
Жүрекке, көңіліне, жанарына...
ЖАРЫҒЫМ-АУ, ҮЗБЕЙІКШІ ҮМІТТІ
Алматыда қар жауды ма, шаттығым?
Таң атқалы тынымды алды тәтті мұң.
...Ақмешітте ұшқындады сездім мен,
Білдіргісі келген-сынды пәктігін.
Көңіліңді селт еткізіп бір хабар,
Алматыда жауды ма екен ұлпа қар.
Жарығым-ау, үзбейікші үмітті,
Сонда мәңгі сезім әні шырқалар.
Алғашқы қар әдемі ме биылғы?
Ол ақынның сезімі һәм пейілі!
Қардай таза болғандықтан болмысың,
Сен дегенде ән - Ғаламат, күй - Ұлы.
Жұдырықтай жүрегімнің егесі ең,
Жарасады Сені қарға теңесем.
О, періштем!
Дауылдайын долданып,
Сені біреу пенде десе егесем...
Алматыда қар жауды ма, періштем?
Бал мен уын бұл жалғаннан тең ішкен.
Ақмешітте ұшқындады сездім мен,
Тұма мұңдай тек түсімде көріскен...
МЕН ҮШІН КЕЛДІҢ БЕ ӨМІРГЕ
...Тұнып тұр шапағат көзіңде,
Көркемдік сыңары Ол жердегі.
Есімі Махаббат,
Өзі де,
Хор қызы секілді төрдегі...
Жымиса, ...нұр төгер көкте Күн,
Ал гүлдер тамсана қарайды.
О, менің көгілдір көктемім,
Бәлкім Ол бақытым арайлы.
...Естігім келмейді жат үнді,
Көрдім де Мен Сені жайнадым.
"Махаббат" деп қойған атыңды,
Атаңнан мың мәрте айналдым.
Сонан соң тұмар қып сөзімді,
Сезімді жүрекпен қолдадым.
Өмірге әкелген өзіңді -
Анаңа мың алғыс жолдадым.
Және де мың тәубе Тәңірге,
Табыстық тағдырда "адасып".
Мен үшін келдің бе өмірге,
Жаныммен, әніммен жарасып.
Жыр басқа Ол жайлы жазылар,
Күлкісі билейді көңілді.
Сырымды көктем мен жаз ұғар,
Арман-ай бір сүрсек өмірді.
Табылшы әрдайым тілектен,
Жаным-ау жабырқау кезімде.
Талай жыр жазармын жүрекпен,
Сыйластық ұласса сезімге,
Сыйластық ұласса сезімге...
ШЫҒАРШЫ СЕЗIМНIҢ ШЫҢЫНА
Сан түндер ұйқыңды ұрладым,
Ұрлармын.
Мән бермей мазасыз уақытқа.
Сан түрлі сезімді жырладым,
Жырлармын.
Жаныңды жетелеп бақытқа.
Сен маған кезіктің "жыларман" шағымда,
Тағдырдың жолымен бұралаң.
Сен бәлкім сезімсің сыналған бағымда-
Болмысы бақыттан жаралған.
Ол "бақыт" күттірген, аңсатқан Ақынды,
Көңілі кек толы кірбің-ді.
Ұсыншы қанекей лағылды,
Ұмыттыр және де "қырғынды".
О, сенім!
Алдама, арбама өтінем,
Тойдым Мен махаббат мұңына.
Келмеске егіліп кетіп ем,
Шығаршы, сезiмнiң шыңына...
ҚОШТАСҚАН СӘТ – МҰҢ БАСТАУЫ, КЕСІР КҮН
Күздің кеші...
Жаңбырдан соң нұрын төгіп Күн күлген,
(Дәл осылай кездесер деп кім білген?!)
«Өзге жанның атаныпсың жұбайы...»
Өз мұңыммен дел-сал болып тұрдым Мен.
Санамда ыршып естеліктер бұрынғы,
Күздің кеші:
Салқын әрі жылыңқы.
Ақын жүрек қалай ғана ұмытсын,
Еске түсті оқырман қыз бұрымды.
Өзгелерден көретінмін Сені ыстық,
Бал мен уын бұл өмірдің тең іштік.
Аялдама, тұрдым-дағы қипақтап:
– Мен шығарып салайыншы...?!
– Келістік!
Жат жүректе бүршік атқан қос ғашық,
Өткен күнге мұң шағарын кім білген?!
Қызғаныштан өртке оранып, от басып.
Келе жаттық, қалған өмір күлгін рең.
Махабаттың майданы мен қамалы,
Көріксіз боп көрінеді Жырсыз түк.
Сағынышқа сан тоналған араны,
Жалғап жатты пәрмені жоқ үнсіздік.
Үйіне де келіп қалдық осылай,
Күтпеп едің, қыстым-дағы қолынды.
Бір қорапты ұсындым да тосылмай,
Жатқа оқыдым бір шумақты жырымды.
«...Әр таңымды саф сағыныш қиды мың,
Қоштасқан сәт – мұң бастауы, кесір күн.
Мынау саған тиесілі сый-тұғын,
Дер кезінде бере алмадым кешіргін...»
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ.