О, Отаным!
Құт дарып, Қыдыр қонған,
Қонбаған кез Арқаға бүгінгі Ордам.
... Бұл оқиға төсінде көк мұхиттың,
Ширек ғасыр осыдан бұрын болған.
***
... Атам айтқан аңыздай Нұхтан бермен,
Теңізші емес теңізші бұққан желден.
Тіршілікті топан су бір заманда,
Жермен бірге аңызда жұтқан делген.
Осы аңызды сақтаған ел есіне,
Сабақ болсын дегендей келесіге.
Аман сақтап жұп-жұптан жан-жануар,
Отырғызған Нұх болса кемесіне.
Өз-өзімнен ойласам алабұртам,
Терең теңіз қайтса да қалады ұлтан.
...Сонан кейін дүние дүр сілкініп,
Екінші рет тіршілік жаратылған.
... Шаршатпаған жырақты жырақ деме,
Аңсатпаған мұратты мұрат деме.
Айдын асып Азаттық аралына,
Ала таңнан аттанды бір ақ кеме.
Өмір – мұхит тулаған,
кемем – қоғам,
Ширек ғасыр бұрын мен ел ем бодан.
Бодандықтан босанып жүзіп келем,
Мұратыма жетемін!
Сенем соған!!!
... Көк жиектен ақ кемем барады асып,
Көз ұшында қалды жер,
дала қашық.
Нұх пайғамбар кемесі сияқтанып,
Тіршілікті апаттан ала қашып.
... Талай заман өтті Нұх топанына,
Бейбіт күн бер!
Бірлік бер, Отаныма!!!
Көк мұхитта көсілген ақ кемемнің,
Көз тимесін ақжолтай сапарына.
Ақ тілегін арнайды бар ел соған,
«Қазақстан» кемесі!
Сәлем, саған!!!
Ақ желкенін жел керіп ақ дауылда,
Алға жүзді,
кеме емес әне, ол шабан.
...Оймен өмір сияқты сүрген Абай,
Әңгімеге құлағын түрген ағай.
– Аман болса ақ кемем айдындағы,
Алдырмайды ешкімге іргем оңай.
...Осылайша ол ұзақ сыр ақтарды,
– Мәңгілік Ел – біз үшін мұрат мәңгі!
...Бірте-бірте ұзаған ақ кемеме,
Жағалауда сәт-сапар тілеп қалды.
... Аралшықтар!
Алақай, жер! дегенім,
Тау толқынның жалында тербелемін,
Сұрапылда су шайған палубада,
бірде құлап, біресе өрмеледім.
...Артта қалды алыстап аймағымыз,
Көк мұхитта жүземіз қайдағы біз.
Желбірейді желменен діңгектегі,
Аспан түстес әнекей, байрағымыз!
Бұлқан-талқан көк мұхит.
...жүзіп келем,
Құрлық қалды күдерін үзіп менен.
Асау мұхит төсінде арпалысып,
Босқа күнім өткен жоқ қызықпенен.
Мұхит, мұхит, түнерген сұсты-ақ түбің,
Қойнау... қайыр қауіпті тыс қап бүгін,
Ер капитан дауылда кемесінің,
Штурвалын келеді ұстап мығым.
Дөңбекшіген кемеміз жүзеді өрге,
Өркениет!
Жетеміз біз ол елге.
Асығамыз жағаға,
үмітіңді
алты құрлық,
төрт мұхит үзе көрме!
Айсберг кезі жоқ құрсамаған,
Долы дауыл тұмсығын ұрса да аман.
«Қазақстан» кемесі, тек қана алға!
... Талай тұман қалды артты тұмшалаған.
... Бірте-бірте жағаға таяп келем,
Дүниені дүр сілкінт,
оят керең!
Ертеңіңді ел көрсін ерен ғажап,
Желкеніңді жел керсін, ей, Ақ Кемем!!!
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
Қызылорда қаласы.