Тау тұлғалы ақын

Тау тұлғалы ақынТарих, әдебиет, өнер сынды рухани құндылықтар – мемлекет құрылымының мызғымас іргетасы. Олардың әрқайсысының сан салалы қырлары бар. Ал осынау ұлттық құндылықтың іргетасын кімдер қалайды? Әлбетте, шығармашылық өкілдері. Ханға да, қараға да тиесілі пенделік тірліктің парқын ұғып, парасат-пайымына терең бойлайтын қаламгерлер елдік мәселелерге ен¬жар қарай алмай, кейде қоғамның қат-қабат қайшылықтарына қарсы үн қатып жатады. Үн қатады дегеніміз, "жайдақ атқа міне шауып”, аттандап айғай салу емес. Олар ішкі жан толқынысын, өмірге деген тала¬бы мен талпынысын, тіпті болашаққа деген болжамын шығармашылық еңбегі арқылы жасырмай жария етеді. Жаратқанның жазуымен қолыңа қалам алған екенсің, онда көңіл қалтарысында көлденең сыр бүгіп қалуға хақың жоқ. Ымыраға келмес тірліктің ығына есіп, әуре -сарсаң болудың қажеті қанша?..
Әңгімені әріден сабақтап отырғанымның себебі, осындай от жүректі, арқалы ақын, абыз аза¬мат Асқар Кіребайұлының болмысын өз әлімше өрнектеу болатын. Жалағаш ауданына қарасты Ақарық ауылында 1946 жылы өмірге келген Асқар ағамыздың оқушылық өмірі Тереңөзек ауданы орталығындағы И.Тоқтыбаев мектебінде өтеді. Есімі ел аузына ертелеу ілінген, әдебиет пен өнерге жаны құмар, шығармалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жари¬яланып жүрген бозбаланың еңбек жолы қазіргі Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы” газетінде корректорлықтан бастау алып, одан әрі әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып аталған ба¬сылымда абыройлы қызметтер атқарады. Көп ұзамай Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған жас талант шығармашылық әлеміндегі қадамын нықтап, қаламгерлік бағытына бет бұрады. Ақындық жолдағы алғашқы таным, талғамын Асқар ағамыз былайша баяндайды:
Тұғырдан түлеп ұштым – Аламесек,
Қасиетім – Қарабура,
Бабам Есет.
Бой түзеп бабасына өспегесін,
Азамат азаматқа бола ма есеп.
Туар деп алдымнан бір ырысты күн,
Пәрмен ғып Шалкиіздің құрыш пірін.
Бой- басым қалтырады көргенде алғаш,
Қылпыған Махамбеттің қылыш жырын.
Иір деп өнер- ана аруанадай,
Беталды бозбас кездің алдағаны-ай.
Молданың шәкіртіндей мүлгіп қалдым,
Шыққанда абзал сырлы алдан Абай.
Иә, Шалкиіз ақынның өнегелі, өрелі жазбала¬рынан жанына қажетін тапқан ақын, бойындағы бұла жігерін Махамбеттің алдаспандай өткір жыр¬ларына қайрап алғысы келгендей! Ал енді қара сөздің қаймағын қалқыған қайсыбір жанның да Абайды айналып өтпейтіні ақиқат. Асқар ақын да Абай шығармашылығының тұсында ұзағырақ аял¬дап, ұлы ақынның ұлағатын ұғынғандай болады…
Ақынның алғашқы өлеңдер топтамасы 1975 жылы "Көктем тынысы” атты республика жас ақындарының жыр жинағында жарияланса, 1978 жылы "Сыршыл көңіл” атты жеке кітабы жарыққа шығады. Іле-шала қарақалпақ тіліндегі "Дала туысқандығы” атты жинаққа және "Миллиард” топ¬тамасына, "Санамақ” балалар антологиясына өлеңдері басылады. Ал 1987 жылы "Алғашқы бәйге” атты балаларға арналған өлеңдер жинағы балғын оқырмандарын бірден баурап алған еді. Өйткені ақын өлеңдерінің өн бойы ана тілінің құнарына, ата-дәстүрдің тұмарына, ұлттық тәрбиенің бастау бұлағына тұнып тұрғандай құнды дүниелер бола¬тын. Атап айтар болсақ, "Ел дәстүрі”, "Тұсаукесер”, "Тоқымқағар”, ”Алғашқы бәйге”, ”Ат әбзелі”, "Шо¬пан ата”, "Киіз үй және оның жасаулары”, "Күйші болам”, тағы сол секілді шығармалары кешегі кеңестік идеологияның иіріміне батып кеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жас ұрпақтың жадында қайта жаңғыртты десек, қателеспейтін шығармыз. Әлбетте, бұлар – ақын жүрегін алаңдататын басты тақырыптар болатын...
Осы ретте ақынның "Болат тұяқ тектімсің” деп аталатын өлеңінің алғашқы жолдарынан- ақ азаматтың қадірін ардақ тұтқан асыл ойды аңғарамыз. Ақын бұл жерде асау желмен жарысып, ауыздықпен алысып, ат үстінде өскен қазақтың өр мінезін текті жануармен сырласа отырып жеткізеді:
Жүйрік ат,
Қыран бүркіт,
Құмай тазы,
Қазақты сері емес деп кім айтады.
Азаматты өткінші байлық емес,
Бір тұлпары жоқтығы мұңайтады.
Беу, тұлпар,
Жібек жалды жануарым,
Қашаннан болдың сесім,
Бағым,
Арым.
Жалғыз аты болса егер маңдайында,
Жігіттің болған емес жаны жарым, – деп келіп, көңілінің астарындағы арпалысқан көп ойды бы¬лайша түйіндейді:
Сен атамнан аманат қалған бағым,
Төрт құбыласы тең дейсің жалғанда кім?!
Бәйгенің алдын бермес сәйгүлік ең,
Сендей болсам деуменен армандамын…
Сонау жетпісінші-сексенінші жылдардың бедерінде Сыр бойында талантты ақындардың ат төбеліндей шоғыры қалыптасқан еді. Олар: Темірше Сарыбай, Ибрагим Иса, Асқар Кіребайұлы, Әскербек Рахымбекұлы, Махмұтбай Әміреұлы, Иранбек Оразбаев сияқты қазақ әдебиетінің поэзия жан¬рында жарқырай көрінген жігіттер, жалынды жыр¬ларымен оқыр¬ман¬дарының жүрегінен ойып тұрып орын алған болатын.
Иә, талаптының бәріне тізгін бере қоймайтын по¬эзия әлемінде олар өзіндік қолтаңбаларын қалдыра білді. Күнделікті бір сарынды тіршіліктен сәл бо¬сай қалса, жаңа туындыларын сүйіншілеп, арқа- жарқа қауышып жататын. Осындай емен -жарқын жүздесулерден соң ақындардың ойлары өріс алып, шабыттары шалқып, шығармашылықтары да шыңдала түсетін.
"Махаббатсыз дүние бос…” деп, Абай айтпақшы, махаббат тақырыбын жырламаған ақын жоқ шығар, сірә?! Шабыттың шалқыған осындай бір сәтінде туған өлең болса керек:
Басқаға қияр оны кім тіріде,
Сұлулықтың кездестім бір піріне.
Қуаныштың жасы боп тұрар ма еді,
Бар болғырдың ілініп кірпігіне.
Алжастырар ақылды кісіні де,
Шебер құдай зер төккен мүсініне.
Мейлі, зәмзәм болсын,
Заһар болсын,
Жаратылған бір мөлдір ішілуге…
Осылайша қырық жастың қамалын алып, елу¬ге қарай еркін қадам басқан жігіт ағасы Асқар Кіребайұлының 1992 жылы "Іңкәр-дария” жыр жинағы жарыққа шықты. Сондай-ақ осы жылдары ақынның шығармалары қазақтың бірнеше көрнекті ақын-жазушылары жайлы естелік кітаптарға енген болса, 2004 жылы Сыр бойы ақын-жазушыларының "Жүректегі жазулар” атты топтамасына өлеңдері енгізіледі. Ал 2005 жылы "Сыр өңірінің қара шаңырағы” атты театр тарихы туралы, "Өркенде өнер ” атты прозалық шығармалары және "Аламе¬сек” атты өлеңдерінің толық жинағы оқырмандарға жол тартады.
…Сөгілгенде шабыт-тұлпар қолтығы,
Сахараңды дүбірлетер солқылы.
Іңкәрдария ізін бойлап жөңкиді,
Иірім тартқан ыстық жырдың толқыны,- де¬ген өлең жолдары осынау керемет шақтағы көңіл толқынысы болса керек!
Біле білсек, әдебиет пен өнерді ұштастырған драма саласының мойнындағы жүктің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілігі де соншалықты зор. Мәселен, тарихың таза, тағылымың түзу болуы керек. Бұл орайда ақынның драматургия саласындағы еңбектері де өзіндік ерекшелігімен ел есінде қалды. Айталық, 1989 жылы Н.Бекеженов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында "Арманым. Әнім. Іңкәрім.” атты поэтикалық қойылымы, ал 2005 жылы осы те¬атрда "Махаббат пен ғадауат” атты драмалық спектаклі алғаш рет қойылады. Ал 1980 жылдары ақын, жазушы ағамыз журналистік саладағы еңбек жолын сабақтап, қазіргі "Сыр бойы” облыстық газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1986-2000 жылдар аралығында Жалағаш аудандық "Жаңадария”, Сырдария аудандық "Тіршілік тыны¬сы” газеттерінің редакторы болса, 2000 жылдар¬дан әрі республикалық "Кәсіпкер”, "Қара шаңырақ” газеттерінде бас редактор, "Ауыл”, "Заман- Қазақстан” секілді беделді басылымдарда меншікті тілші болып, елмен етене араласып, қоғамның сол кезеңдегі күрделі мәселелерін шешуге үлес қоса білді. Әлбетте, газет редакторы болған уақыттарында мерзімді ақпараттан бөлек, әдебиет, өнер сынды рухани құндылықтарды ел жадында жаңғыртып отыруға ерекше көңіл бөлетін.
Әлі есімде, ақын Асқар Кіребаевпен алғаш рет 1998 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласында өткен Жалағаш ауданының мәдениеті мен өнері күндерінде жүздескен едім. Аудандағы ақын- жазушылар мен өнер адамдары бас қосқан сол бір тамаша жиын Н.Бекежанов атындағы драма театрдың алдына ақ үй тігіліп, алтыбақан құрылып, керемет ұйымдастырылған еді. Сол шарада Асқар аға сәлемімді алып тұрып, "Сыртыңнан білем, қарағым. Тым тәуір жазып жүрсің. Бүгінгідей, бәрі техникалық талапқа көшіп жатқан заманда қолыңа қалам алып, жыр жазып жүргеніңе қуандым”, - де¬ген еді. Ол кезде А.Кіребаев "Тіршілік тынысы” газетінің редакторы болатын. Арада біршама уақыт өткенде, сол газеттің жарты бетін алып, менің алғашқы өлеңдерім Асқар ағаның алғысөзімен жарияланды. Сондағы айтпағым, ол кісі бойына өнер қонған жастарды өзіне баурап алып, әдебиет әлемінің талабы мен талқысы жайлы, талант пен тағдыр тұрғысында талмай әңгімелеп беруші еді.
Жалпы Асқар ағаның отырған жері думан бо¬латын. Үзеңгілес замандасы, жанына жақын досы Мәлік Аяпов ағамыз үнемі, "Асқар деген бітімі бөлек, бекзат жігіт қой!” деп, аузынан тастамаушы еді. Иә, ол кісінің Жалағаш аудан¬дық "Жаңадария” газетінің редакторы болған кезіндегі ерекше іскерлік қабілеті мен таным-талғамын, тындырым¬ды еңбегін әріптестері әлі күнге сағынышпен еске алады.
Пенденің пешенесіне жазылған өлшеулі өмірдің күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретіні белгілі. Арқалы ақынның "Өмір шіркін” деген мына өлеңінен өмірдің сондай бір сәттерінен құлазыған көңілдің кейпін көреміз.
Оңашада ағытып жыр тиегін,
Заманалар көшінен сыр түйемін.
Қас-қағымда басыңнан желдей ұшқан,
Өмір неткен қып-қысқа шіркін едің...
Бақыттысың өткенге өкінбесең,
Жетілуге болмайды бекінбесең.
Дардай болып жер бастым деп жүргенім
Құмырсқаның тірлігі секілді екен.
Осылайша толғап келіп, ақын өз ойын былайша қорытады:
Кеңседе де жұлқысып,көшеде де,
Көк бұйырта алмадым көсегеме.
"Өлмейтұғын артына із қалдырып”,
Абайша өлу жазылса пешенеге…
Иә, алақандай Ақарықтың топырағында өмірге келіп, ат құлағында ойнап өскен арқалы ақын, әдебиет әлемінде де азамат басына лайық абыройға кенелді. Оның рухыңды оятып, қаныңды қыздыратын, жігеріңді жанитын отты жырлары оқырман жүрегін еріксіз жаулап алатын. Ал ал¬пыстан асып, ағайын-туыс, ел- жұртымен арала¬сатын шағында ақын жүрегі кенеттен сыр беріп, дүниеден өтті. Аяулы жары, асылдың сынығындай ұрпақтары, ауылдастары , бауырластары, әлбетте, бүгінгі жас ұрпақ ақын мұрасын ардақ тұтары анық. Өзі қалағандай, ақынның артында өлмейтұғын сөзі қалды…
Ғазиза ӘБІЛДА,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
ӘДЕБИЕТ 03 желтоксан 2016 г. 1 523 0