Жыр болып оралды ақын...

Жыр болып оралды ақын...Республикаға белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші, бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, марқұм Серік Өтеуовтің «Томағалы тұйғын» атты жыр жинағы жуырда баспадан жарыққа шығып, көпшіліктің қолына тиді. Оның ақ нөпір жырын аңсаған, сағынған жұртшылық сырлы өлең жолдарын қайта-қайта оқып, айтыстың ақтаңгер ақынымен қайта табысқандай әсерде болды. Аталған жыр кітапқа айтыскер ақынның арнаулары мен толғаулары, лирикалық өлеңдері мен айтыстары топтастырылған.
Серіктің артында қалған асыл мұрасын жинақтап, баспаға әзір¬леп дайындаған, мәдениет сала¬сының ардагері, сөз қасиетін ба¬ғалай білетін азамат Қабдеш Ша¬ғыров. Сыр сүлейлерінің соңғы сарқыншағындай болған Серіктің тілі өте шұрайлы, қарапайым, өлең¬дерінде әсте де жалғандық жоқ. 
«Сал құлақ, сары абзалдың лебізіне,
Нағыз ер тартпай қоймас негізіне.
Тартынбай тәуекелдің туын алып,
Қиялды жырдың салдым те¬ңізі¬не» – деп өлеңнің шалқар ай¬дынында ол  ойын еркін жүзді¬ріп, жырдың ақ желкенін еш қы쬬сынбай, тайсалмай көтерді. Қо¬лына ақ домбыраны алып шаршы топқа түскенде ақ алмас жырымен өмірдің шындығын, халықтың мұңы мен жоғын Сыр сүлейлерінің ізімен жеткізе білді. Алқалы айтыста шын¬дықты жырлап, қаумалаған кө¬рерменін шекер сөзімен баурай түсті. 
«Атақты Тұрмағамбет, Омар, Оңғар, 
Халқына сый ғып тартқан шебер тілін. 
Кең ойлы кемеңгерлер көргені көп,
Ауырсынбай арқалаған елдің жүгін» – деп Серік те елдің сенімі мен жүгін бір азаматтай көтерді. Ел жолында тер төгіп, еңбек еткен¬дерді жалынды жырларына қо¬сып, оларға рухани күш беріп, жі¬герлерін жаныды, намыстарын қай¬рады. Осылай қарапайым еңбек адамдарының ажарын ашып, абы¬ройын асырды, елге мақтан етіп, мәртебесін биіктетті. 
«Жыр етіп туған жерге табынамын,
Жанатын кезі болар бағым әлі.
Ардагер еңбек ерін айтар болсам,
Елімнен талайлары табылады» – деп ел мерейін көтере білген ол, республикалық айтыстың сах¬на төрінен Сыр өңірінің еңбек майталмандарын азаматтық биіктік¬пен жырлады. Ел мен халыққа бас ие отырып, бірлік пен тірлікті жы¬рына арқау етті. Қарапайым халықтың еңбегін жалпақ жұртқа өнеге мен үлгі етті. Ал елдің кө¬леңкелі тұстарын ұтқыр ойымен қырнамай, тырнамай шеберлікпен жеткізе білді. Оның ақындығының шеберлігі, тілінің уыт¬тылығы осын¬да болса керек. 
Айтыс ақыны бір сәт сезімге ерік беріп, түннің бір уағында қолына қалам алып ару жырдың бұрымын өрді. Сипалай, аялай отырып өмірді аялауға, сүйе білуге, арман ете білуге, қиындықпен күресе білуге шақырады.
«Өмір деген ауыр жол сезесің бе?
Қиындыққа кездессек төзесің бе?
Бақыт үшін алысып, арпалысып,
Кездескен кедергіні жеңесің бе?» – деп нәзік оймен адам жанын қайрай түседі.
«Сағыныш деген бір сезім,
Ойнайды менің қанымда.
Жыр оқуды аңсаймын,
Отырып сенің жаныңда» – деп сезім иіріміне жетелеп, кімді де болмасын сүңгітіп жібереді. 
Жаны нәзіктікті аңсаған, өлеңі сыршыл Серіктің жырларын оқыған сайын құныға, құмыға түсесің. Оның кез келген өлең жолдарында қарапайым қара өлеңнің қазақы табиғаты мен астарлы  өрнегі жатыр. Ақынның «Томағалы тұйғын» кі¬табы оқырманға осынысымен қым¬бат.
Тірі болғанда Серік Өтеуов биыл 60 жасқа келіп, елмен қуанышын бөлісер еді. Көптен бері ақынынан көз жазып көбеңсіп қалған көпшілік, оның жырларымен қайта табысты. Өнер саласының жанашыры, кезін¬де онымен әріптес болған ағасы Қабдеш Шағыровқа Серіктің барлық ауылдастары өз ризашылықтарын жеткізуде. Өйткені суырып салма ақынның 6 сағаттан асатын айтыс¬тары мен жыр-толғауларының дискі¬сін жинақтап жарыққа шы¬ғарған осы Қабдеш ағасы екенін де ел-жұртқа айта кетуді жөн көрдік. Мұны естіген ауылдастары мен ағайындары «Өлең болып ортаға оралды Серік ақын» деп арынды дауысын естіп қуану үстінде. Ал, Серік Өтеуовтің жыр жинағы бү¬гінгі ұрпақ үшін рухани байлығы мол дүние десек болады.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.  

ӘДЕБИЕТ 26 қараша 2016 г. 1 118 0