ЕСЕМІЗ КЕТКЕН ЕЛ ЕДІК

«Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттап отырған біздерді қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергей...»

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
І.
Ей, жаңа ғасыр! Тыңда бізді. Осынау айдай әлем – төрткүл дүниеде Қазақ деген халық бар, «қайықтай толқын ұрған жағадағы». Осылай деп айтқан бұрынғылар. «Тарихы қалың, оқулығы жұқа» деп жырлаған кемеңгер ақыны. Жалғаны жоқ – бәрі рас. Есте жоқ ерте кезде «қилы-қилы заман болған, қарағай басын шортан шалған». Сол аласапыран алмағайып кезеңдерден Қазақ деген халық амалдап бүгінгі күніне жеткен, бірақ не көрмеген?! Тағдырдың талқысына талай түскен. Демограф ғалымдардың анықтауында бұл халық өзінің ата жұртынан басқа әлемнің 40 мемлекетіне бытырап кетіпті. Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қарай жөңкіліп босыпты. Бас амандау, жан сауғалаумен қияметтің небір қыл көпірінен өтіпті. Иә, иә, қадым замандарда ғұмыр кешкен даналар мен бергі дәуірдегі көзіқарақтылардың хаттап кеткен деректерінде дәйектелгеніндей, басы қайда қалмаған бұл халықтың...
Қаны мен тері төгілмеген жер жоқ деуге болады мына жалғанда. Бұл халықтың моласын қыл аяғы Мароккодан да, Тайбан аралынан да, дүниенің бір қиыры Австралиядан да, Америка құрлығынан да, бүкіл Арабстан әлемінен де табасыз. Ал, Еуропа болса, ғаламшарды қан қақсатқан екінші дүниежүзілік ұлы қырғында қазақтың қанына әбден мелдектеп кереленді. Иә, айтарыңыз не, осынау жарық дүниеде небір тарихи қолайлы кезеңдер мен мүмкіндіктерді дер уағында пайдалана алмай сансыраған біздің халық сияқты халықтардың іштен тозғындап, сырттан соққан дүмпулерге шыдас бермей біржола құрып кеткенін немесе өктем күштің басыбайлы құл-құтаны болғанын, оның ақыры тобырға айналғанын білетінбіз өткен дәуірлерден.
Дес бергенде, біздің бағзыдағы ұлы бабаларымыз қазіргі тұқым-теберік ұрпағы мекендеп, иемденіп отырған осыншалықты ұланбайтақ ұлы даланы дұшпандардың сұрапыл сойқанынан амалын тауып қорғап қалыпты. Қорғап қалғанда да, бүгінгі озбырлардай тонналаған бомбалармен емес, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, келдектің күшімен орам бермепті. Солай түйенің қомында, аттың жалында жүріп-ақ елдігінің ежелгі жолынан адаспапты. Егер сол бағзыдағы бабаларымыздың асыл сүйекті мықтылығы мен кескекті ерлігі болмаса, біз бүгінде ақар-шақар ел бола алар ма едік, осы күнімізге жете алар ма едік?! Қиянатты көп көрген халықтың тәубасы әманда көңілінде тұрады. Өткеннің мұңы мен зарын түйсініп өскендердің амандық-саулық сұрасқанда, «шүкір» дейтіні де сондықтан болар. Өйткені, бұл халыққа кімдер көзін алартпаған, «жабайылар» туралы мына аспан асты, жер үстінде кімдер не деп бөспеген. Баяғыда Ресейдің канцлері болған Горчаков деген имансыз Орталық Азия мен Қазақстанды жаулап алуды күллі адамзат өркениетін жабайылықтан қорғап қалудың қамы деп те өзеленіпті. Сондағы ойы: «жабайыларды» күллі  әлемге жексұрын етіп сендіру арқылы харам ойын жүзеге асыру және «өркениетті қорғаған» болып қандықол қылмыстарын адамзат алдында ақтап алу... – Кәдімгі зымыстан саясат.
Айтарыңыз не, бұл Даланы қазаққа көп көргендер оңнан да, солдан да аз болған жоқ. Талай рет күпінің битіндей өріп келіп ел шетінен тиіскендеріне көктегі Ай мен Күн де куә, бауырынан жарылған қара Жер де куә. Қанқасап қырғынның, қорлық пен зорлықтың не түрін көрген Дала бұл. Әлемдік сараптамада: «Бір адам өлсе – трагедия (қасірет дейміз бе?!), ал жүздеп, миллиондап өлсе – статистика» деген сұмдық бар. Бұл ыңғайда замана толқыны мықтап соққан қазақты. Сол «статистиканың» тігісі жатқызылған тасасында біздің ұлтымызды аямай есеңгіреткен нәубет пен зұлмат жасырынып жатыр. Егер нәубетсіз, зұлматсыз жайбарақат заман болғанда, біздің ұлтымыз бұл күнде жиырма бес миллионға жетіп үлгірмек екен. «Қырылғаны, жат жерлерге босып кеткендері, қуғын-сүргінге ұшырағандары – барлығын қосқанда Қазақ халқы жетпіс пайызға дейін кеміген...» – дейді ғалымдар.
Бұл тек бергі дәуірдің дерегі. Ал сонау түп қиян бағзыдағы дәуірден бүгінгі күнімізге дейінгі аралықта айрылғандарымыз тек бір Алланың өзіне ғана аян. Қаншалықты қырып-жойып, атып-асқанымен қазақтың сағын сындыра алмағасын, баяғыда Солтүстік Америкада қызыл қарын үндістерді жойып жіберу үшін отаршылдардың алдымен сол өлкедегі қаптаған бизондардың (жабайы сиырлар) жетпіс пайызын қырып салғаны сияқты біздің халықты алдындағы малынан да айырып көрген. 1929-жылы республикамыздың 44 млн 723 мың 200 бас түлігі болыпты. Содан 1934-жылы 4,5 миллионы ғана қалыпты. Әрбір зұлматтың шырғалаң ізімен ауырпалықтың да ілесетіні белгілі. Ашынған халық бізге аяны: ХV ғасырдан бері қарай зұлым күшке қарсы 372 рет аттандап қарсы көтеріліпті. Сағы сынбаған деген сол, әне!

* * *
Қит етсе қырып салудан да, алдындағы малынан айырып аштан қатырудан да сағы сынбаған қазақты жуасытудың енді қандай амалы бар? Оны да ойлап тапты. Оның амалы – ұлтты рухани жұтқа ұшыратып, жаппай мәңгүрттендіру еді. Ол үшін мына ен жайсын Далаға әр қиырдан қашқан-пысқан ниеті харамдар мен қаны бұзықтарды тоғытып әкеп, Қазақты солардың қаны мен жынына сіңіріп жіберуді күштеді. Рас, олардың қаны-жыны араласты, қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырып бақты, алайда сағын сындыра алмады, қалай әрекеттенсе де, азды көптің тұңғиық тереңіне батыра алмады.
Бұл неткен мықты халық?! Қандай рухтан жаралған?! Бүкіл әлем аң-таң. «Өлді деген батырың өгіз мініп келдінің» кері. Өлмейді. Жаны сірі. Ендігі амал не болар? Қытайда отбасының бірлігін іріткісі келсе: «Құдай бар болса, үшке бөлін» деп қарғайды екен. Қазақты өзді-өзімен атыстырып-шабыстырудың тағы бір амалын тапты. Жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарында Совет Одағы мен Қытай саясаткерлерінің Шығыс түркістандықтарды біріне бірін айла-шарғымен айдап салып қырғынға ұшыратқаны және қазақты қырық мемлекетке қаңғытып жібергені аздай, енді өзінің ата жұртында бөлшектеуге әрекеттенді.
Аллай-ай, бұл Қазаққа біткен қандай қасиет?! Сұсы басым биліктің алдында құрдай жорғалап жүрсе де, өз ішінде ауызбірлігі аса берік болмаса да, ата жұртын қорғауға келгенде, шамырқанып шыға келеді. Құдды күл арасынан сілкініп шығатын Феникс! Бағзыдағы бабалары аманаттаған ұлы Даланың тұтастығын бұл жолы да сақтап қалды. Алайда, өктемдікке не амал бар, зымиян саясат ұлтымыздың генетикалық қорын аздыру ыңғайынан айласын асырып үлгерген-ді. Атом-тажал қазақты жерінің астынан да, үстінен де қырық жыл төмпештеп, эксперименттің жемі етті. Қадым замандардан бері тұқымын аздырмай келген Қазақтың, міне, нақ осы ыңғайда қылар қайраны болмады. Сұм заманның сұмдығы бұған дейін де «мың өліп, мың тірілген» халықтың өркендерін білдірмей аздыруды бүгінімізге ұластырды. Бұл зауалдың запыран зардабы енді қанша ғасырға жалғасарын кім білгендей. Жұмбақтың жұмбағы сол болып тұр...
Қаншама қайсар болса да, халықтың жаны темірден емес, жүректерден жаралған ғой. Атом-тажал темірді де жоқ етеді. Қаны тұщы Қазақтың жүрегі талықсыды, демі алқынды. Оның ақыры ұрпағына қиянат болды – іштен кеміс болып туу және рухани жұтқа ұшырау иектеді. Даламызды жайлаған экологиялық апат рухани жұтқа ұласқанда – мәңгүрттену мен тұқым азу басталады екен. Оқырмандармен кездесу кешінде бір балалы-шағалы қандасымыздың клуб толы көптің көзінше: «неге орысша сөйлемейсің» деп, бүкіл қазақтың әкесіндей Ғабиден Мұстафинді ренжітіп шу шығаруын санамен салмақтап көріңіз. (Жазушы Жанат Ахмадиевтің мақаласынан, оқиға солтүстік облыстардың бірінде болған). Мәңгүрттенудің бұдан асқан мысалы болмас. Тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне қарсы шығып сабылып жүргендердің дүмпуі әлі де басылар емес: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Айтарыңыз не, азаттықтың ақ таңы енді елу жылға кідіргенде, Қазақты алда дүбәра ұлтқа айналу құрдымы күткендей екен...

ІІ.

Бізге қалайда Ұлы Жаратушымыз жар болып азаттықтың таңы атты. Канцлер Горчаков айтқан «өркениетінің» быт-шыты шықты. Халқымыз бодандықтың құрсауынан босанды. Басқа кезең басталды. Күндердің күнінде қызыл империя құлайды, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады деп мына жер жаһанда кім ойлаған?! Азаттықты көксеп армандағанымыз рас, ал оқсыз-шығынсыз еркін ел бола аламыз дегенге сене алдық па? Ондай ой қаперімізде болды ма екен? Әуелгіде тәуелсіздігіміздің құдды көктен түскендей – құшағымызға өздігінен келіп қауышқандай болғаны да сондықтан шығар. О, арман болған Тәуелсіздік! Бұл бізге Ұлы Жаратушымыздың жарылқаған ұлы сыйы болды ғой. Жарық дүниенің жақсылығы! Мұндай ақ жарылқаған жақсылыққа халқымыз бұған дейін де бірнеше рет ие болған-ды. Амал не, көз алартушылар тұс-тұстан талап, мемлекеттілігін бекемдеуге мұршасын келтірді ме, келтірмеді ғой. Оның жыры өте қайғылы...
Енді бұл жолғы бостандықты жазатайым қолдан сусытып алмаудың жанталасы әуелгі аяқ алыста бұған дейінгі қым-қиғаш текетірестердің бәрінен де асып түсті. Маңдайымызға мың-мың жылда бұйырған Тәуелсіздікті кешегі олқы-толқы шырғалаңда қорғап қалу машақатында жан-жақтан анталап тықсырған дипломатияның сан қырлы сиқырлы қысымына төтеп беру – азаттық алуға майдан ашудан да кем болған жоқ. Ауыр болды. Қазақтың қаны онсыз да аз төгілмегені белгілі. Тәуелсіздік туын желбіреткенімізбен «өтпелі» деген қитұрқы кезеңнің ауыртпалығы тобықтан қағар қырқылжыңды қоздырып, кері кеткен кикілжіңді өршітіп жіберді. Тіліміздің мәртебесіне тас атқандар дербес мемлекеттілігімізді де қолдамады. Олар шекарамыздан тысқары жұртынан медет тілеп екі ортаны жол қылумен болды...
Тәуелсіздік эйфориясының ілкідегі «ессіз» қуанышы саябырсыған шақта халықтың тоғы шайқала бастады. Ел жекешелендіру деген талан-тараж нәубетіне килігіп, жоқшылыққа ұрынды. Тәуелсіздігіміз ұлан-асыр тойымен бірге күйзеліс кезеңін де ала келді. Күнкөріс қиындады. Айтарыңыз не, сол тұста Қазақ мемлекеті БҰҰ-ның мүшелігіне қабылданып, бүкіләлемдік қауымдастыққа қосылғанымен Тәуелсіздігіміздің тағдыры қыл ұшында тұрды. Жасырары жоқ, ел ішінде күні кешеге дейін ертеңімізге сенімнен гөрі абыржушылық басым болды. Мысал ма? Мысал жетіп артылады. Совет Одағын таратып, отарлаушы Конституцияның 6-бабын қысқартқандарды қарғыстың астына алған сол тұстағы кейбір коммунист басшыларды да көзіміз көрген. Олар жылы орындарынан айырылғысы келмеді, туған халқының тәуелсіздігін жеке бастарының мансабына құрбан етуден жүздері жанбады. Доқ көрсетті, өсек-аяңды желдей естірді...
Бәрінен де қауіптісі мемлекетіміздің дербес¬тігін қызғанушылардың тепкісі іштен де, сырт¬тан да қатты болды. «Ант атқан» Горбачев биліктен айырылып қалып, басына күн туғанда: «Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыстың жері Ресейдікі...» деп артына шоқ тастап кетті. Шоқтан шашырайтын ұшқыннан өрт өршитіні белгілі. Ал сақалды Солженицын: «Егер көшпелі тобыр жылына бір рет мал жайып өтсе, ол жерді меншігіне есептеген...» деп Генсек бықсытып кеткен шаланы жалынға айналдыруға ашық шақырды. «Қазақстанды Ресейге қосып алу керек» деп айқайлатып жазды, «Ресейді қалай көркейту керек» деген атышулы байбаламында. «Қосып алу» дегені, беті бүлк етпестен басып алу ғой.
Ал ұлы державалық шовинистердің ноқтасын киюден үміттілер арамызда әлі де бар. Олар жыртылып-айырылады. Сақалды реакционер солардың дүмпуінен үміттенді. Дес бергенде әуелі бір Алла, қалды халқымыздың таспен ұрғанды аспен ұратын даналығы мен еліміз басшылығының сыртқы және ішкі саясаттағы алғырлығы – дербестігімізді ың-шыңсыз қорғап қалды. Осы күні байыптап көрсек, Кремль қазақ жерін қару-жарақ қоймасына айналдыру арқылы бізді оққа байлап келіпті ғой! Егер капиталистік жүйе мен коммунистік жүйе майдандаса қалса, алдымен қарауылға біз ілінеді екенбіз. Құдды бүгінгі Арабстан жұртындай. 1991-жылдың басында біздің жерімізде қызыл империяның қару-жарақтың басқа түрлерін айтпағанда, 1216 құрлықаралық баллистикалық ракеталар мен ядролық зарядтар сияқты жаппай қырып-жоюдың орасан зор жойқын арсеналы болыпты.
Тәңірімнің жарылқағаны: Елбасы прези¬денттік билікті алдымен еліміздің тәуелсіздігін бекемдеп алудан бастады. Соломенцов деген найсап 1986 жылғы аласапыранда, қазақты «махровый националист» деп күйдірді ғой. Бүтін бір халықты бүкіл әлемнің назары алдында бұдан өткен қорлау болар ма?! Біздің тұңғыш Президентіміз Кремльдің күн тәртібіне мәселе қойып, қазақтың нанын жеп, суын ішкен құдығына түкірген сол шовинистің «қара жүрек ұлтшыл» деп қанымызды қайнатқан жаласынан халқын құтқарып алғасын, шетелдік сапарын ә дегенде, тәуелсіздігіміз жарияланбай тұрған тар кезеңде-ақ Генсектің рұқсатынсыз  қандас-жандас Түркиядан бастаған еді. Бұл қадам – Қазақстанды аңдып, қарауылға алып отырғандарға көрсеткен қыры болатын. Қасым ақынды қайталап айтсам: «Ей, тәкаппар Дүние! Бізге де бір қарашы – біз Қазақтың баласы...», жұмыр жерде біз бармыз, біз де елміз, – дегені еді. Айтарыңыз не, Нұрсұлтан Әбішұлының сондағы сол сапары халықаралық әккі саясатта сенсация болды.
Әлбетте әуелі сыртқы саясатты бекемдеп алмай ішкі тірлігіміз қайдан оңалсын. Құбылмалы саясатқа сенім жоқ, егер қатерлі жағдай тұтана қалса, анау Семей полигоны мен 1216 ядролық арсенал тұрғанда, Қазақстан қайда қашып құтылғандай?! Құтылу жоқ, тек қосақ арасында құрбан болудан басқа... Дербестігімізді бекемдеп өркендеуімізге халықаралық өреде нық сенімді кепілдік керек! Семей құбыжығы сол үшін жабылды. Ядролық арсеналдан сол үшін құтылдық. АҚШ, Ресей, Қытай, Англия сынды алпауыттардан қауіпсіздік кепілдігін осылай алдық.
Аралдық ақын Мешітбай Құттықов бірде маған алыс қиырдағы американдық үндістер Арал теңізінің қайғылы көрінісін кинодан көргенде жылаған екен, – деп, «Аборигендер» деген өлеңін оқып берген еді.
Президент стратегиясының ертеңімізге деген сенімімізді бекемдей түскен және бір мысалы жаңа елордамыз Астана қаласының шұғыл өркендеуі. Басқа да қалаларымыз әлемдік озық өркениет нұсқасымен жаңаруда. Мұның мысалына тек өзіміздің Қызылордамызды-ақ алайықшы. Заманында «Қамыс қала» аталған ордамыздың дәл бүгінгідей шарықтап көріктенуі бұрынғы бодан заманымызда болып па еді? Болған жоқ! Міне, осының бәрі әуелі дербестігіміздің, сосын тәуелсіз мемлекеттер көшіне ілесіп, әлемдік өркениетке еркін араласуымыздың арқасы.
Міне, ағайын, жарық дүниенің жақсылығы дегеніміз осындай болады. Егер Қазақстан бодандық қамытынан құтылмағанда ойымызды осылай еркін айтып, еркін қимылдай алар ма едік? Қайдағы қимылдаған... Демек, біздің бәріміз де Тәуелсіздік алдында қарыздармыз.
Тәуелсіз еліміз енді міне жігіт жасы жиырма бесте! Осыдан 25 жыл бұрын азат Қазақстанымыздың ширек ғасырын көрсек деп армандап едік. Бұзылмай-жарылмай бұған да жеттік аман-есен. Тәубе, тәубе. Тәуелсіздігіміздің алғашқы апыл-тапыл қадамына орай «Ашық мұхитқа шыққан алып» деген толғау жазып едім. Мұхит – күллі әлем, оның аласапыран толқынында «Қазақстан» деген алып кеме өте ауыр жүзіп келеді. Оны тау толқындар, ғаламат айсбергтер талай рет аударып жібергісі келген. Ондай қатерлі қауіптерден талай рет жол тауып шықты. Кемедегілер аман, ашық мұхитта алға өрлеп барады. О, Тәңірім, Кемемізді бұдан былайғы сапарында да кесапатқа кезіктіре көрмегін. Менің күндіз де, түнде де Ұлы Жаратушымыздан жалбарынып өтінерім – тек осы тілек. Еліміздің амандығы, жеріміздің тұтастығы. Осынау ұлан-байтақ ұлы Далада ақ көңіл халқымыздың қаны мен тері сіңбеген бір сүйем де жері жоқ екен. Бодандықтан бостандық жазирасына жетіп, төрт құбыламызды түгендеп жатқан осынау сұсты ғасырда осыны бекем ойлап ескергейміз. Бабаларымыз аманатқа қалдырған жұртымыздың қойынын ашып, мұнайын сапырып жатырмыз. Сол мұнай майдан мұхитында халқымыздың қаны барын білгейміз.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
ӘДЕБИЕТ 05 қараша 2016 г. 1 093 0