Әбіш Кекілбайұлының поэзиясы

Әбіш Кекілбайұлының поэзиясыҚазақ әдебиетінің тарихында қазақ поэзиясының  ерекше дәуірлеген кезеңі өткен ғасырдың 60 жылдарына тура келеді. Бұл жағдайдың басты себебі 1956 жылғы СОКП-ның ХХ съезінде жасаған Н.С.Хрущевтің баяндамасынан кейін «жылымық» аталған жылдардағы КСРО құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті мен өнеріне шығармашылық еркіндік берілуі еді. Басқа да ұлттардың әдебиеті мен өнеріндегі сияқты қазақ әдебиеті мен өнерінде де ерекше өрлеу, даму үрдістері болды. Заман, қоғам шындықтарын тереңнен толғап, ашып суреттеген кемел тарихи романдардың, сондай-ақ, күрделі күрмеуге, шытырман шиеленіске толы драмалардың алғашқы легінің жарияланып, қоғамда үлкен дүмпу туғызған уақыттары осы кезеңге тура келді.
Қазақ поэзиясында да жаңарулар мен жаңғырулар, мазмұндық, түрлік жаңалықты сипаттар осы уақыттарда ерекше байқалды. Әсіресе, қазақ лирикалық поэзиясындағы соны серпін, өзгеше өрлеу жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, көзге ерекше көрінді. Осы жылдардан бастап қазақ өлеңінің философиялық тереңдігі арта бастады, поэзияның уақытпен үндестігі – публицистикалық сипаты молайды, ақындарымыз мазмұн, түр жаңалықтарына жиі барды, әдебиетіміз, өлеңіміз ұлттық дәстүрге бірыңғай бет бұрды. Өздерінің шығармаларымен қазақ әдебиетінің тарихынан мәңгілікке орын алып қана қоймай, оның ілгерілеуіне, дамуына айрықша үлес қосқан бір топ таланттар шоғыры: Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова және тағы басқалар әдебиетке осы уақытта келді. Осылардың бел ортасында Ә.Кекілбайұлының есімін атасақ, артық болмас еді. Өйткені Ә.Кекілбайұлының да әдебиетке өлеңмен, поэзиямен келген уақыты осы жылдарға тура келді. Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен бастап, бүкіл поэзиясына дендеп қарағанымызда оның саңлақ суреткерлігінің, асқан ақындық қабілет-қарымының сол кездің өзінде-ақ ерекше байқалғаны – бұл біріншіден, екіншіден егер кейіннен Ә.Кекілбайұлы проза мен драмаға ден қойып кетпей, бірыңғай поэзиямен айналысқанда оның мықты ақын боларына ешқандай күмән жоқ еді. Бұл айтқандарымыздың шындығын оның өлеңдерімен дәлелдеуге болады. 
Жалпы лирикалық поэзияның күші суреттілігінде, яғни ақынның сөзбен сурет сала алуына байланысты дер болсақ, Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінің өзі бұл қалыпты айрықша танытады. Ақынның «Туған жер» (1959) деп аталатын өлеңінде:
Өстім, қырда, қиырда,
Естімей орман шуылын.
Жүзімді қақтап құйынға
Селеудің тыңдап суылын.
Теңізден шетпін бұрқақты,
Тәнімді толқын көмбеді.
Сусай қалсам, су тарттым
Шыңыраудан шөлдегі.
Тақырға асық иірдім,
Құмақта қудым қозыны.
Күн жеп қойған киімнің
Иықта кеткен тозығы.
Өлеңнің  лирикалық кейіпкері өзі туралы айтып отыр. Өлеңде өмірбаяндық дерек бар. Бірақ бұл жай сөз емес, табиғат суретіне, пейзажға сүйенген сөз және бір ғажабы қолмен қойғандай, анық, дәл, әсерлі және әдемі сөздер. Осы жерде суреткерлік қабілет, ақындық талант, оның өзіндік ерекшелігі мен даралығы төңірегінде бір көш әңгіме айтуға болар еді. Өлең шумақтары субъектіленген, сезімге суарылған, табиғат суреті, бөлшегі, құбылысы бұл жерде екінші орында, фон ретінде ғана алынған.
Өлеңді бастан аяқ оқып болғанымызда алған бірінші әсер ақынның көңіл-күйіне, айтпағына табиғат суреті – пейзаждың әсем үйлесіп, өлеңнің  құрғақ сөзге емес, сезімге суарылған табиғат суретіне малынып тұруы арқылы оқырманды жіпсіз байлауы мен баурауы. Екінші әсер бұл өлең кім-кімнің болса да туған жерін еске түсіреді, сағыныш сезіміне бөлейді. Осылайша өлең мақсатына жетті, бітті. Нағыз өлең, ұлы суреткерлер ғана дүниеге әкелетін көркем шығармалар осылай болса керек-ті.
Әдебиеттанушылар өлеңдегі лирикалық кейіпкердің автобиографиялық және автопсихологиялық сипатты болып келетінін айтады. «Туған жердегі» автобиографиялық сипат байқағанымыздай, жалаң өмірбаян емес, өмірдің барша сұлулығын кере¬меттей табиғат суреті арқылы тамашалата ала¬тын жанды, суретті өмірбаян болғандықтан кез келген оқырманды толқытады, тебірентеді. Ә.Кекілбайұлының, бір ғажабы, ұлы суреткерлік қыры осы табиғат тақырыбына жазылған алғашқы өлеңдерінен-ақ тайға таңба басқандай анық танылды дейтініміз сондықтан. «Алматыда, күздікүні, бульварда» (1959) деп аталатын өлеңінен үзінді:
Теректер де жұлдырыпты кекілді,
Тауда тұман тастан тасқа секірді.
Күз жауыны тарсылдайды жер шұқып,
Жем іздеген жетім шөже секілді.

Сабапты жел қайыңды көк жоса қып,
Жайратыпты қызыл гүлді қоса атып
Сар жапырақ тұра бермей бұтақта
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып.
Өлеңнен байқағанымыз – көзбен көргенді сурет¬ке, өлеңге айналдырудағы дәлдік, шеберлік. Осы дәлдік арқылы өлеңнің шынайылығы байқалып қана қоймайды, сұлу суреттен туған сұлу сезім терең ойға жетелейді, өйткені өлеңде табиғат су¬реті, оның детальдары бәрі де жанды, тірі адамға айналып кеткен. Өмірде бәрі өткінші, мәңгілік еш нәрсе жоқ екен. Күздің келуі арқылы ақын осы өмір заңдылығын тағы бір еске түсіреді. Суреткерлік қарым-қабілеттің күштілігі сондай, сөзбен сурет салу мен табиғат суретіне ынтықтыру арқылы жан-жүрегімізді сұлу сезімге бауратады. Нәтижесінде күзбен бірге ордалы ойға келеміз. Аса дарынды суреткердің алғашқы туындыларының өзінде осындай қымбат қасиеттер бар еді. Өлең өнеріміздің философиялық тереңдігінің артуы дегеніміз, осылайша, Ә.Кекілбайұлы сияқты сирек таланттарымыздың алғашқы өлеңдерінде-ақ жүзеге асқан болатын.
Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деді-ау. Ә.Кекілбайұлы болса, жас кезінің өзінде-ақ:
Махаббат деген – ақырет,
Тыңдата ма, бірақ, қыз.
Бәйгеден жүрек аты кеп,
Қызығын көрдік бір-ақ күз.
Мен өкінбей қайтейін.

Жүректі қайғы даты жеп,
Қапаста қалдым шырақсыз.
Қас пен көздей жақын ек,
Жер мен көктей жырақпыз.
Мен өкінбей қайтейін,  – деп жазды.
Әдебиеттанушылар әлемдік әдебиеттануда «медитивті» лирика деп атап жүрген өлеңдердің үз¬дік үлгісі – бұл. Қазақ әдебиетінде Ұлы Абай, Мағжан мен Қ.Аманжоловтан кейін «медитативті» лирикалық үлгілер жаңа бір сатыға, сапаға көтеріліп, әлемдік әдебиет деңгейінде 1960 жылдардан бастап көріне бастаса, осы сипат, үрдіс Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен байқалды. Жоғарыдағы өлеңді махаббат лирикасы деп өте шығуға бола ма?! Жоқ, әрине! Бұл ақынның ішкі жан дүниесінің толғанысы, тебіренісі, сезім-сырлары, өз-өзіне сараптама жасай отырып, толғануы, ал бұндай жай-күйдің әрқайсысымыздың басымызда болып қалуы әбден мүмкін ғой. Ұлы ақын өзі туралы айтса, бәріміз, халық туралы айтқаны (В.Белинский). Лири¬калық кейіпкердің сезімі неғұрлым терең жырланса, одан туатын ой да соғұрлым биік, әсерлі, ықпалды болатынына жоғарыдағы өлеңдерді мысалға келтіруге болады.
Философиялық тереңдік дегенде астарлы сезімнің терең тағылымды ойға құрылуын және ойдың қарама-қарсы ұғымдардың салыстырылып, салғастырылып берілуі арқылы айтылмақ сыр мен сезімді ұштай, өткірлей түсуін айтамыз. Бұндай өлеңдердегі ой мен сезім кейде ұғымдардың  са¬лыстырылуы арқылы берілсе, кейде бір-біріне қарсы қойылып та бейнеленеді. Мысалы, «қас пен көздей жақын ек, жер мен көктей жырақпыз» деген сияқтылар. Әдетте өлеңді жіктеп-жіліктегенде философиялық өлең деп топтастырып жатамыз. Шын мәнісінде тек ойдан ғана тұратын өлең болуы мүмкін емес қой. Егер өлең бірыңғай ойдан тұрса, ол өлең емес, трактат болған болар еді. Өлеңде ой мен сезім бір-бірімен астасып, астарласып қосөрім беріліп отырады. Сезімнің  сирек сарабдалдығы мен терең ойшылдықтың қабысуы арқылы дүниеге келетін өлеңдердің қазақ поэзиясында 60-жылдардан бергі уақытта кең етек алғанын айтсақ, осы үрдістің басында Ә.Кекілбайұлы, Қ.Мырза-Әлі шығармаларының тұрғанын жасыра алмас едік.
«Медитативті» лирикалық поэзияның үлгілерінде лирикалық кейіпкер үнінің басым болатыны түсінікті, бірақ лирикалық кейіпкердің өлең өміріндегі өрісі, айталық толыққанды әдеби бейнеге айналуы не айналмауы, сондай-ақ тұлға деңгейіне көтерілуі не көтерілмеуі дегендердің әр ақын шығармашылығында әртүрлі болатынын айтсақ, шындықтың ауылынан алыс кетпейтініміз ақиқат. Мәселен, Ә.Кекілбайұлы жарыққа шығарған соңғы өлеңдерде лирикалық кейіпкер үнінің күрделеніп, жан-жақтылық таныта бастағаны, толысқан, сомдалған лирикалық бейненің тұлғаға айналғаны танылады. Бұл да, әрине, ақындық қуатқа, таланттың қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Ә.Кекіл¬байұлының «Далиған, қайран, далам-ай» деп баста¬латын өлеңі – осы айтқандарымыздың дәлелі. Жалпы даланың қазақ поэзиясында символдық бейнеге айналғаны қашан, ақындарымыз даланы жырласа, қазақ деп қабылдайтынымызға көп болған. Ә.Кекілбайұлының даласы да көзге ыстық, көңілге жақын, жылы.
Далиған, қайран, далам-ай,
Жиылмайды-ау етек-жең,
Аңғал өскен баладай
Құқай көрмей бөтеннен, – деп басталатын өлеңде қазақ халқының мінезі, әдет-ғұрпы, салт-санасы кеңінен жырланады. Кеңдік, кең пейілділік, қонақжайлылық, меймандостық, аңқаулық, аңғалдық, сенгіштік, ақындық пен ақынжандылық, т.б. қасиеттеріміз өлеңде әдемі өрнектелген. Осы өлең¬нің соңы:
Аңырайған сол аузың,
Аңқаюмен өте ме,
Нұқығаны заманның
Аз болды ма шекеңе – делініп аяқталса, Қ.Мырза-Әлінің бір өлеңі де:
«Аңқау халық екенбіз ғой біз деген,
Астындағы атын алты ай іздеген,
Әттең, бабам маңдайынан аққан сор
Ақырғысы басымырақ жатқан соң, – деп аяқталады. Бұл екі ойшыл ақынның қазақ болмысын жырлаудағы ұқсастығы ғана емес, ой түйіндеу¬лері  мен тұжырымдауларының бірлігі де. Ә.Кекілбайұлының лирикалық кейіпкерінің ұлт болмысы, халық та¬рихы мен тағдыры, жаратылыс, дүние-таным мәселелері туралы толғануы заңдылық. Өйткені ол – тегеурінділігі терең теңіздей талант иесі, оның лирикалық кейіпкерінің интеллектуальдық дәрежесі өте биік, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Бұл айтқандарымызбен Ә.Кекілбайұлы қазақ поэзиясына терең ойлылық, дидактика-философиялық сарындар әкелген ақын болды деп қорытындылаймыз.
Ә.Кекілбайұлының қазақ поэзиясында, өлеңінде бұрыннан бар дәстүрді ілгерілетуші, дамытушы болғанына дәлелдер көп.
Жазғы күн шапағын,
Өшірді. Түн келді.
 Қап-қара жамылып,
Дүние бүркенді.
Алыстан жарқырап,
Көк айдын көлбейді,
Қорқақ ши қалтырап,
Қоға бас тербейді.
Кезектес ұйқаспен беріліп, 6 буыннан құралған, 40 жолдан тұратын осы табиғат лирикасында қазақ поэзиясы үшін дәстүрлі жыр үлгісінің элементтері, ұлы Абай дәстүрі бірге қауышып, жаңа бір үндестік тапқан. Бұл өлең де табиғат суреті – пейзажға жан бітіре суреттеудің ерекше үлгісі.
Әлділер де туыпты,
Әлсіздер де туыпты,
Әлін білмес әлектер,
Әр дауды бір қуыпты». Осылай басталатын өлең 6 шумақтан тұрады. Ұйқасы қара өлеңге келгенімен, бұның буын саны 11 емес, 7.
Ә.Кекілбайұлының соңғы жылдары жазған өлең¬дерінде эпикалық қуат, айрықша ақындық  тем¬перамент байқалды. Бұл сипаттың кездейсоқ құбылыс емесі түсінікті әрине. Біріншіден, осы уақыттарда Ә.Кекілбайұлы қаламынан небір ғажайып эпикалық дүниелер, әңгімелер, повестер, романдар дүниеге келді, яғни, ол аса дарынды прозаик екенін дәлелдеп үлгірген еді.
Ә.Кекілбайұлы қаламынан туған күрделі драма¬лық дүниелер де – осы жылдардың туындылары. Сондықтан өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Ә.Кекілбайұлы өлеңдерінде эпикалық, драмалық сипаттардың болуы заңдылық. Бұндай даму үдерістері, яғни әдебиет тектерінің бір-бірімен жым¬дасуы, жақындасуы, бір-бірінің заңдылықтарын өз бойларына қабылдай бастауы ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі әлем әдебиетіне тән жағдай болатын. Әдебиет пен өнердің өз заңдылықтарына сәйкес, стихиялы түрде осылайша дамуы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан құбылыс.
Ә.Кекілбайұлының «Түс пен жору» (1999) деп аталатын өлеңі: Алпысыншы жылдар. Жазушылар Одағы. Үшінші қабат үйдегі
Сол жақ қанат. «Қазақ әдебиеті». Қоңыржай бөлме түптегі.
Алпамса ақын. Талдырмаш сыншы. Тамақ үсті. Түс кезі.
Екеуара әңгіме. Сөйлеген бала. Тыңдаған жігіт. Көлгірсіген ешкім жоқ –делініп, 75 жолға созылған. Өлеңнің әр жолы 19-20, кейде 21-23 буыннан құралады. Өлең мазмұны лирикалық кейіпкердің яки ақынның қазақ поэзиясының дарынды өкілі М.Мақатаевқа түсін айтуына, жорытуына құрылған. Өлеңде әңгіме элементі, яғни эпикалық сипат басым. Көлемді, ұзақ, әр жолы 19 буыннан кем емес бұндай өлеңдердің де қазақ әдебиетіндегі бастауы сол 60-жылдардан тамыр тартады. Т.Айбергеновтің «Аруана бауыр дүние», «Сағыныш» деп аталатын өлеңдері тым ұзақтығына, әр жолының кемі 19 буыннан тұратынына қарамастан, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Кейіннен бұл дәстүр М.Шаханов шығармашылығында жал¬ғасты. Ә.Кекілбайұлының 90-жылдардың аяғында жазылған «Түс пен жору» сияқты бірнеше өлеңдері осы дәстүрді жалғастырып ғана қойған жоқ, дамытты, тереңдетті. Өлең-жырдағы эпикалық қуаттылық әдебиетіміздің ұлттық дәстүріне сыйым¬ды құбылыс болғандықтан, түптеп келгенде, бұндай жағдай қазақ өлеңінің ұлттық дәстүрге бет бұрып, дамудың даңғыл жолында келе жатқанын да дәлелдейді.
Ә.Кекілбайұлының осы жылдардағы жазған өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік – қанасына сыймай, ағылып-төгілген, асып-тасқан сөз нөпіріне, нөсеріне толы болуы.
Мысалы:
Қалайсың»-дейді қиылып, «Отырмын»-деймін бұйығып.
Барады жүрек жиі ұрып, барады сабыр сұйылып,
«Бері кел»,-дейді қысылып, «Жарайды»-деймін түңіліп.
Түндігін үйдің түсіріп, зәремді түн ұшырып,
Есігін зорға тапқаным, ентігіп зорға аттадым.
Босағадан аспадым, төрге қарай баспадым,
Түрінің көріп аппағын, сұсының көріп қашқанын,
Немене болып қалды деп, қаралай әбден сасқаным.
Жалма-жан оған ұмтылдым, «жолама» деп жұлқынды,
Тежеп-тентек құлқынды, кеуде тұсым бұлқынды,
Томпайтып алып ұртымды, бере алмай қызға сыртымды
Томсырайып мен тұрдым, тымсырайып ол тұрды.
Осындай экспрессивті түрде баяндалатын ұзақ-ұзақ шумақтардың не бір асыл сөздерге, бейнелерге, бейнелілікке толы болып келіп отыруы Ә.Кекілбайұлының ақындық, суреткерлік қырының ерекше сипаты күйінде қазақ поэзиясының соқталы мазмұны болып әр уақыт қала бермек. Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағыдай өлеңдерде драмалық сипат: сұхбат, әңгіме элементтері де бар. Бұның барлығы ақын Ә.Кекілбайұлы шығармашылығының сан қырлылығын, күрделілігін көрсетеді. Төгіліп тұрған сезім мен ортаймайтын ой ағынын құйылып тұрған асыл сөздер арқылы бере отырып, өлең нысанындағы адам, зат, құбылыстың бәрін де үздіксіз қозғалысқа түсіру, сөйте отырып қоршаған орта, әлем барлығына жан бітіре суреттеу – бұл енді ақын Ә.Кекілбайұлына тән стиль болатын.
Көріп отырғанымыздай, Ә.Кекілбайұлының ақындығы туралы айтқандығы есімізде болуы тиіс бір нәрсе – оның жоғарыда мысалға алынған өлеңдеріндегі жаңа леп, үн, қарқын. Өлеңдегі ұлы Абай дәстүрін, лирикалық поэзияның әлемдік тәжірибесін толық әрі терең меңгерген ақын Ә.Кекілбайұлы тыңнан түрен салғандай қазақ өлеңіне жаңа бір эксперимент жасап көргісі келген сыңайлы. Жоғарыдағыдай өлеңдер лирикалық поэзияның классикалық анықтамасына тура келе бермегенімен, бізге өте таныс, жат емес, жақын. Бұл жерде ақын қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жыр үлгісін жаңғыртып, жаңартып бұларға лир謬калық сарын қосып, өзіндік жол салғысы келгендей көрінеді. Қалай болғанда да, бұл стиль әдебиетіміздің, өлеңіміздің ұлттық дәстүріне бөтен емес. Соны серпін, аса қуатты ақындық темперамент, эпикалық құлаш, Құрманғазының күйлеріндегідей дауылды, асқақ қалып, төгіліп-құйылып тұратын нөсер жаңбырдай сұлу сөздердің тасқыны – бұлар ақын Ә.Кекілбайұлының бітім-болмысындағы ерекше қырлар. Жалпы өнерпаздың стилі туралы айтқанда, оның табиғи бітім-болмысын  бірінші кезекте есте ұстауымыз керек-ақ. Сондықтан ақын Ә.Кекілбайұлы, жазушы Ә.Кекілбайұлы, драматург Ә.Кекілбайұлы дегендердің алдында адам Ә.Кекілбайұлы тұрғанына ден қойсақ, Алла тағаланың Ә.Кекілбайұлын басқалардан артық жаратқанына ешкім таласа қоймас.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,   
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
ӘДЕБИЕТ 22 қазан 2016 г. 2 638 0