Ақтөбеден жыр-шашу ала келді

Ақтөбеден жыр-шашу ала келдіАқтөбе облысының Қызылордадағы күндері аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының поэзия кеші өтті. 
Арынды, дарынды ақын әдебиетке тоқсаныншы жылдары келіп қосылды. Өршіл рух пен асқақ сезімге толы туындыларынан шынайылықтың лебі есіп тұрады. Әріптесі Сәтжан Дәрібайдың сөзімен айтсақ, нашар өлең жаза алмайтын, өз шығармашылығын нашар өлеңмен былғай алмайтын ақын. 
«Аяймын мен дұшпаны жоқ адамды, 
Оның сүріп жүргенінің несі өмір?!» - дейді Бауыржан Бабажанұлы. 
Жыр кешінің тізгінін қолға алған поэзия гладиаторы Шаһизада Әбдікәрімов әдебиетке олжа салып, жыр қазанын қайнатып жүрген оның журналистикадағы орны бір төбе екенін еске салды. Әсіресе, халықтың мұң-мұқтажын жетер жеріне жеткізе білген, өткірлігімен баспасөз саласын дүр сілкіндірген «Алтын Орда» тәуелсіз апталығында бас редактордың орынбасары қызметін атқарған жылдары жұлдызы жарқырай түсті. Бауыржан Бабажанұлы сонымен қатар «Жалын» журналында, «Ана тілі» – «Жалын» бірлескен басылымдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 2000 жылдан бері Ақтөбе облыстық газетінің бас редакторы. Бас редакторлар арасында «Экспресс К» газеті ұйымдастырған байқауда топ жарып, Геннадий Толмачев атындағы жүлдені иеленген.
«Сәл бірдеңе түссе болды қазанға, 
Және түбі көрінбесе қапшықтың. 
Әркім барын шығаратын базарға, 
Мен жырымды ап шықтым», – дейтін ол – өлең өлкесіндегі өресі биік ақын. 2003 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет» номинациясы бойынша бас жүлдегері. 
Сырбойылық оқырманмен кездесуде Бауыржан Бабажанұлы туған жер, жастық шақ, махаббат тақырыбындағы жыр жауһарларын оқыды. Шараға қатысқан қонақтар өз кезегінде ақжарылқап лебіздерін арнады. Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқарамасының басшысы Қанат Айтбаев:
– Саф өнерді бойына сіңіріп, халықтың жүрегінен шыға білетін сөз зергерлері некен-саяқ. Баукең – солардың қатарындағы интеллектуал ақын, – деді. 
«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев: 
– Ақын – Құдайдың сүйген құлы. Ал Баукең – қазаққа ақын ретінде танылған, мойындалған азамат, – дей келе, газеттің мың сан жұмысына қарамастан, өлең өлкесіндегі шабысын бір сәтке де үзбеген Бауыржан Бабажанұлына шығармашылық табыс тіледі. 
Студенттік шақты бірге өткізген ақынның курстастары Нұрлан Бөкенов, Тұрар Сыздықов, Мұрат Жетпісбаев естеліктерімен бөлісті. Кеш иесінің Өмірзая жұлдыз секілді жарқ еткен талантты ақын Әділ Ботпановтың жазған дүниелерін жинастырып, қаттап, жарыққа шығаруға зор еңбек сіңіргені айтылды. Сонымен қатар кеш иесіне Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғыс хаты және сый-сияпаты табысталды. 
Бауыржан Бабажанұлы шығармашылық шара соңында оқырман сауалдарына жауап беріп, келушілер назарына «Арманымен қондырған айға өлеңін» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Н.ШАМАУ.
ӘДЕБИЕТ 18 қазан 2016 г. 1 291 0