К Е К
Қармақшы аудандық прокуратурасының аға тергеушісі Бәкішев, сезікті кісі қатарында ұсталып, қамауға алынған жас әйелге қарап: «Осындай жас келіншек мұндай сұмдық қылмысқа қалай барды екен?» деп, біраз ойланды. Әйел де жайбарақат, еркін отыр. Қылмыс жасаған адамға мүлдем ұқсамайды. Әдетте, қылмыскерлер аяныш тудырғысы келіп, тергеушіге жалынышты қарайтын. Рас, кейбір қылмыскерлер тағылған айыпты мойындамай, таласып жатады. Қалай дегенде де, жауапқа тартылған адамдар бейқам мінез көрсетпейді. Бәкішев осылай екі ойлы болып, жауап алуға кірісті.
– Сіз күйеуіңізді қасақана өлтіргеніңізді мойындайсыз ба? – деп, Бәкішев сұрады.
– Иә, мойындаймын! – деп, әйел байсалды үнмен жауап қайтарды.
– Сонда күйеуіңізді не үшін өлтірдіңіз?
– Расын айтқанда, күйеуім осыған лайық іс қылды.
– Қалайша?
– Ұрыс-керіс болды, аяғы жанжалға ұласты.
– Не себепті?
– Қысқаша айтқанда, осыдан екі-үш жыл бұрын күйеуім қайтыс болды. Қолымда кішкентай қызым қалып, не істерімді білмей қиналып жүрген кезімде, бұрын әйел тастаған осы адамға кездестім. Кейін білдім, әйелін бала тумағасын тастаған екен. Ерлі-зайыпты болып тұрып жатқанда балалы болғысы келетінін талай айтқан. Алайда, балалы болатындай оның қабілеті болмады. Өзіне сыпайы, баламыз бар ғой деп, намысына тимейтін етіп түсіндіріп едім, мойындағысы келмеді. Керісінше, қашан екіқабат боласың деп, күн-түн демей мазалайтын болды. Ақыры, жүктімін деп айтуға мәжбүр етті. Қуанғанын көрсеңіз! Мені алақанына салып, аялап жүрді. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмады. Уақыт өткен сайын күйеуім, түк өзгермеген ішіме қарап, күдіктене бастады. Бұл «қиын жағдайдан қалай жол тауып шығамын» деп, қиналып жүрген кезімде үйге бейтаныс біреу келді. Біздің үйге жақын жерде, жанармайы таусылып, машинасы тоқтап қалған екен. Ұзақ жол жүріп, шөлдеп, ішетін су сұрай келіпті. Бір үлкен кесеге айран құйып бердім. Сол жерде көңіліміз жарасып, біраз әңгімлесіп, отырдық. Ұзын сөздің қысқасы, осы қолайлы сәтті пайдаланып, күйеуіме бала тауып бергім келді. Әлгі жігіт қалай алдау-арбауға түсіп қалғанын байқаған жоқ. Мүмкін, оған да керегі сол шығар. Бірақ, бір нәрсені ескермеген екенмін. Үйде өз бетімен ойнап отырған бес жасар қызыма, жас бала ғой деп, онша назар аударған жоқ едім. Сол бекер болған екен. Кешкілік күйеуім жұмыстан қайтып келгенде, қызым үйге бөтен біреудің келіп, ұйықтайтын бөлмеде оңаша қалғанымызды айтып қойды. Күйеуім сөзге келместен мені табанда ұрып жықты. Мұндай ұятты іске неге барғанымды түсіндіргім келіп еді, күйеуім одан сайын ашуланып, ұрып-соғып, шашымнан сүйреп, сыртқа шығарып тастады. Көп ұзамай арақ ішіп, қатты мас болып, ұйықтап қалды. Мен оның айуандық әрекетін кешіре алмадым. Сарайда жатқан балтаны алып, ұйықтап жатқан жексұрын күйеуімнің басына бірнеше рет соққы бердім. Ізінше жанармай құйып, үйді өртеп жібердім. Осыдан кейін қызымды алып, көрші үйге барып, жасырындым. Қалған оқиға сіздерге белгілі, – деп, тұтқынға алынған келіншек үндемей қалды.
– Сіз осындай ауыр қылмысқа барғаныңызға өкінесіз бе? – деп, Бәкішев сұрады.
– Жоқ, өкінбеймін! Себебі, күйеуім мені ұрып-соғып, қорлады. Сондықтан да, мен одан кек алдым. Ал, кек алған адам өкінбейді.
– Сіздің жас қызыңыз бар ғой. Сол қызыңыздың тағдыры енді не болады? Осы жайында ойланған жоқсыз ба?
– Неге ойланған жоқпын, ойландым. Әр баланың несібесі болады дейді. Несібесіне қарай көреді...
– Түсінікті, – деп, Бәкішев қызметіне байланысты тергеу астындағы әйелдің жауабын сабырлы қабылдады. Әйтсе де, өзінің туған баласын тағдырдың еркіне тастап, кешірілмейтін осындай ауыр қылмысқа барған анаға қатты таңғалды.
Кешікпей, облыстық сот алқасы күйеуін аса мейрімсіздікпен өлтірген әйелді 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
АҚЫР ЗАМАН БЕЛГІСІ
Жұмыстың аяғына қарай қабылдауға абыржыған жас әйел келді. Ұсынылған орындыққа жайғасып, дем алып ұзақ отырды. Бәкішев, келіп кетуші біршама есін жиған соң, тергеушіге неге келгенін сұрады.
– Мен базарда отыратын бір таныс әйелден қарызға ақша сұрадым. Әлгі әйел келісіп, 100 000 теңге берді. Әрине, тегін берген жоқ. Қайтарып беру мерзімін белгілеп, «процентке» берді, – деп, жас әйел ауыр күрсінді.
– Сізге осынша ақша неге керек болды? – деп, Бәкішев сұрады.
– Расын айтқанда, сауда істегім келді. Бірақ, бұл ойлаған ісімнен ештеңе шықпады. Тек, бекерге шығындалып қалдым. Қысқасы, қарызға алған ақшаны қайтарып бере алмай, қиын жағдайға ұшырап қалдым.
– Сонымен сіз не айтқыңыз келеді?
– Кішкентай баламды құтқарып алуға көмек берсеңіздер...
– Бұл оқиғаға баланың қандай қатысы бар?
– Әлгі, таныс әйел баламды тартып алып: «Бала керек болса, қарызға алған ақшаны өсімімен бірге қайтарып бересің», – деп, талап қойып отыр. Ал, менде көк тиын жоқ!
– Сіздің балаңыз қанша жаста?
– Емшек баласы ғой...
– Немене?
– Менің босанғаныма, міне, бүгін үш ай болды.
– Бұл қызық екен! Сонда балаңызды қашан алып кетті?
– Осыдан екі апта бұрын тартып алды. Қазір балам сол әйелдің үйінде.
– Сонда қалай, баланы емшегімен кім асырап отыр?
– Әлгі әйел арасында келіп, баланы емізуге рұқсат береді. Алайда, бүгін шарт қойды. Яғни, қарызға алған ақшаны кешке дейін қайтарып бермесем, баланы емізу мүмкіндігінен айырыламын. Мен балам үшін қорқып отырмын, көмек беріңіздерші?..
Әрине, құқық қорғау органдары өсімқор әйел алып кеткен баланы анасына қайтарып берді. Алайда, осы қайғылы оқиғадан кейін Бәкішев ақыр заман туралы көп ойланды. Құран мен пайғамбардың хадистерінде: «Бір уақыт келеді. Адамдар тек ақшаны ғана ойлап, табысының харам, халалы туралы ойламайды. Өсімқорлық, пайыз алу көбейеді...» деп айтылған екен.
Расында, бұл оқиға ақырзаман белгісі емей немене?!
КІМГЕ НЕ ҚАЙҒЫ?..
– Бұл кеңседе бізге көмектесетін біреу бар ма, жоқ па? – деген бейтаныс әйелдің ашынған дауысы кіреберіс бөлмеден естілді. Ізінше кабинетке келбеті келіскен жас келіншек кірді.
– Қайда бармасаң да, ылғи бюрократтар! Біресе анда, біресе мында жібереді. Қанеки, бұл жерде кім бастық? – деп, келіншек кабинетте отырған екі тергеушіге кезекпен сұрай қарады.
– Сәлеметсіз бе? Сізді мұқият тыңдап тұрмын. Қандай шаруамен келдіңіз, айтыңыз? – деп, Бәкішев бел байлаған әйелге тілектестік білдіріп қарады.
– Жарайды. Сіз мейірімді адам сияқтысыз. Мен келген жұмысымды сізге айтайын. Байқоңыр қаласында нағашы сіңлім тұрады. Отбасы, үш баласы бар. Күйеуі жалқау, жұмыс істемейтін, барып тұрған маскүнем. Сіңлім бір институттың соңғы курсында сырттай оқиды. Жақында мемлекеттік емтихан тапсыруға келді. Қазіргі мұғалімдер шетінен парақор ғой. Солардың бірі сіңлімді қорқытып, 5000 сомдай ақша талап еткен көрінеді. Сіңлімде ондай ақша қайдан болсын?! Мен оған көмектескім келіп, көрші тұратын бір танысымнан қарызға ақша сұрадым. Алайда, танысым жексұрын болып шықты. «Сұраған ақшаны беремін, бірақ сіңлің менімен бір түн ұйықтап шықсын» деп, шарт қойды. Әрине, әуелде сіңлім оның қойып отырған шартына келіскен жоқ. Дегенмен, ойланып-толғанып басқа амалы болмаған соң, келісті. Сол күні екеуін үйіме шақырып, қонақ еттім. Расын айтқанда, сіңлім бір түн емес, қарғыс атқан жауызбен бірнеше түн ұйықтап шықты. Бірақ, оңбаған, сөзінде тұрмады. Қазір, келіскен ақшаны сіңліме бермей, қашып жүр. Сонда оған тыйым салу жоқ па? Осылай тиісті ақшасын бермей, сіңлімді қорлап, жер басып жүре береді ме? Жоқ! Бұл оңбағанға қалай да тыйым салу керек! Мен сіздерден көмек сұрап келдім, көмектесіңдер...
Осыны айтты да келіншек өзінің сіңлісі алдында қысылып жүргенін білдірді:
– Әлгі жексұрын мені ұятқа қалдырды. Сіңліме не дерімді білмей жүрмін. Ол үйге күнара келіп, ақшасын сұрап кетеді. Шамасы, ақшаны мен пайдаланып кетті деп ойлайды-ау деймін, – деп, қобалжыған сыңай танытты.
Бәкішев қазақ қыздарының ар-намысы туралы әңгіме қозғап көріп еді:
– Мен біреуді аздырып, бұзған жоқпын. Керісінше, қиын жағдайда жүрген адамға көмек бергім келді. Ал, қазақ қыздарының ар-намысын ойлайтын болсаңыздар, сіңлімнің ар-намысын қорғап, тиісті 5000 теңгесін алаяқ көршімнен алып беріңіздер, – деп, Бәкішевтің өзіне бас салды. Өзінің жеңгетайлық жасап, біреумен сіңлісін таныстырып, оларға пәтерін бергенін айып көрмеді.
– Кімге не қайғы, – деп, Бәкішев бейтаныс әйелдің ерсі әңгімесін тыңдап, ойланып қалды.
ПАРАҚОР ТЕРГЕУШІ
Облыстық ішкі істер басқармасына жақсы киінген, орта жастағы мұртты жігіт кіріп, кезектегі офицерге шақыру қағазын көрсетіп, кіруге рұқсат сұрады. Ол телефон арқылы біреумен хабарласып барып, тергеу бөліміне қарай өтуге рұқсат берді. Кешікпей келіп кетуші істеген жақсылығы үшін тергеушіге алғысын айтып, қолына қалың конверт ұстатты.
– Сіз сұраған екі мың долларды алып келдім. Санап алуыңызға болады, – деді келген кісі.
– Қажеті жоқ, – деп, тергеуші конвертті дереу қалтасына тықты. – Ешқандай уайымдамаңыз, барлығы ойдағыдай болады.
Осыдан кейін тергеуші пара берушімен асығыс қоштасып, қора ішінде тұрған көлігіне мініп, үйіне қарай бет алды. Тергеу бөлімінің бастығы Бәкішев бастаған жедел-іздестіру тобы ілесіп, соңынан қуа жөнелді. Көп ұзамай тергеуші қала сыртындағы жеке тұрғын үйдің есік алдына тоқтап, лезде үйіне кіріп кетті. Соңынан іле-шала арнайы қызмет органдарының қызметкерлері баса-көктеп кірді. Тергеуші қолайсыз жағдайға ұшырап қалғанын бірден түсінді. Көп ойламай қалтасынан ақша салынған пакетті алып, столдың үстіне тастай салды. Конверттің ішінен «жасыл түсті қағаздар» төгіліп, шашылып қалды. Алайда, тергеуші ақшаға мүлдем көңіл аударған жоқ. Осы кезде оның бар ықыласы стол үстінде жатқан пышақта болды. Ақыры, шыдамады, пышақты ұстап алып, қатты соғып тұрған жүрегіне тақап қойды.
– Маған жақындамаңыздар, жақындасаңыздар өзімді-өзім өлтіремін! – деп, тергеуші айқайлап жіберді. – Менің түрмеде отырғым келмейді...
Расын айтқанда, қылмыс істеген тергеушіні ұстауға келген чекистер мұндай жағдайды күтпеген еді. Сондықтан да, не істерін білмей, қатты абыржыды.
Осы оқиғаға еріксіз куә болған тергеушінің анасы, біресе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне, біресе баласына қарап, бір сәт ойланып тұрды. Сосын барып баласына қандай қауіп төніп тұрғанын аңғарды. Бар бәле ақшадан екенін түсініп, стол үстінде шашылып жатқан ақшаны лезде жинап, бөлме ішінде жанып тұрған пешке тастады.
Бәкішев және жедел-іздестіру тобының қызметкерлері лаулап жанып жатқан ақшаға қарап, бастары айналып ұзақ тұрды. Абыройсыздыққа қалу кәпелімде екен. Көз алдарында «айғақ заттары» лезде өртеніп кетті. Сөйтіп, парақор тергеушіні қылмыс үстінде ұстау мүмкіншілігінен ойламаған жерден айырылып қалды.
СӘТСІЗДІККЕ ҰШЫРАҒАН ОПЕРАЦИЯ
Ұқыпты және жан-жақты ойластырған операция күтпеген жерден сәтсіздікке ұшырады. Тергеу бөлімінің бастығы Бәкішев, қол астындағы қызметкерлерді кабинетіне шақырып:
– Айтыңыз, не себепті операция сәтсіздікке ұшырады? – деп, операцияға жауапты жедел-іздестіру тобының жетекшісінен қатал сұрады.
– Кешіріңіз, түсініспеушілік болып шықты.
– Қалай «түсінбеушілік» болып шықты? Операция тамаша ойластырылған жоқ па еді?
– Солай ғой... Алайда, біз пара ретінде берілетін өңделген ақшаны аяқ астынан жоғалтып алдық
– Түсінбедім...
– Расын айтқанда, операцияға алдын ала дайындалып, барлық мүмкіндікті қарастырған едік. Дегенмен, қылмыскер айлакер екен. Әйтеуір, жол тауып, құрып қойған тұзақтан құтылып кетті. Пара алушы полиция қызметкері газетті жайып, пара берушіге саусақтарымен түсіндіріп, ақшаны салдырған. Содан кейін кабинетінің есігі жай ғана ашылып, сыртта тұрған белгісіз біреудің қолы ғана пайда болған. Кірпік қаққанша полиция қызметкері газетпен бірге ақшаны, сол «қолға» берген. Сөйтіп, парақор тергеуші және оның бейтаныс сыбайласы бізді жер соқтырып кетті.
– Бұл оқиға сіздерге сабақ болсын! – деп, Бәкішев топ жетекшісінің жұмысына наразылық білдіріп, оған қатаң ескерту жасады.
ТАПСЫРЫСШЫ
Жасы жетпіс беске келген Наталья Семеновна қызымен бірге Ауғанстандағы соғысқа кеткен ұлының бір бөлмелі пәтерінде тұрып жатқан. Кешікпей әскери міндетін толық атқарып, баласы үйіне қайтып келді. Алайда, анасы сұрапыл соғыстан аман-есен оралған баласына масаттана қойған жоқ. Себебі, өзінің жеке тұрғын үйін және баласына әскери қызметіне байланысты берілген Мәскеудегі бір бөлмелі пәтерін сатып, күйеуден қайтып келген қызының қарыздарын өтеген болатын. Осы жағдайға байланысты дау-дамай болатынын сезіп, мейірімсіз ана баласынан біржолата құтылудың жолын қарастырды. Осы мақсатпен баласын өлтіретін жалдамалы адам іздеді. Алайда, тапқан «киллері» құқық қорғау органдарының тыңшысы болып шықты.
– Мен берген тапсырманы ойдағыдай орындаған жағдайда 100 мың теңге беремін, – деп, Наталья Семеновна «киллерге» уәде берді.
– Жарайды, бірақ келісімді ақшаны бірден бересіз, – деп, «киллер» тапсырыс берушіге шарт қойды.
– Жоқ! Қазір аванс ретінде 15 мың теңге беремін, қалғанын тапсырманы орындағаннан кейін аласың. Алайда, саған: «Ақшаны әншейін береді», – деген ой келмесін Маған баламның өлгені жайлы фотосуреттер немесе бейнетаспаға жазылған нақты деректер керек. Сондай-ақ, баламның аяғындағы туфлиін әкеліп бересің. Үйде бұрын киген ескі көйлегі мен костюмі бар, ал жерлеуге қажет артық аяқ киімі жоқ, – деді қария асықпай, өзін-өзі байсалды ұстап.
– Иә, ұмытып барады екенмін. Маған баламның жеке куәлігі керек. Өйткені, ЗАГС-тан оның өлгені туралы куәлік алуым керек, – деді Наталья Семеновна, кетіп бара жатырған «киллерді» тоқтатып. – Бұл – басты шарт, түсіндің бе?
– Түсіндім, – деп, тыңшы тас бауыр кемпірді тастап, қашып кетті.
Сол күні «киллер» тапсырманы ойдағыдай «орындап», қажетті фото суреттер мен бейнетаспаны тапсырыс берушіге табыс етті. Өзі де сабырлы адам екен, әбден «қанға» боялған баласын көріп, «киллерге» риза болды. Сөйтіп, оған екі мың теңге беріп:
– Қалғанын, кейін зейнетақы алғасын беремін, – деді.
Көп ұзамай, мейірсіз ана мен қызы, сот алдында тұрды.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ.