ТҮРКІТАНУҒА АРНАЛҒАН ТОЛЫМДЫ ТУЫНДЫ

Белгілі ғалым Тоқболат Еңсегенұлының әлемге әйгілі ғұлама В.В.Бартольдтың шығармашылық жолы, ғылымдағы орны, азаматтық келбеті жайлы жазған «Түркі дүниесін зерттеп даңқы шықты» атты еңбегі жарыққа шықты.

Ғалым болудың, ұстаз, азамат, шыншыл, адал, еңбекшіл, мейірімді, қарапайым, өмірге ғашық, артында тозбайтын мұра, өшпейтін із қалдырудың үлгісін академик В.В. Бартольдтан үйренуге, соған қарап бой түзеуге болады. Сонымен қоса, ол бізге ерекше қымбат тұлға, оған мәңгі қарыздармыз. Ғалым Орта Азияны ежелден мекендеген түрік тектес халықтардың түрен түспеген көне тарихын, мәдениетін, дінін, дәстүрін, рухани жазба мұраларын сала-сала бойынша зерттеп, артында аса құнды дүниелер қалдырды. "Тоғанай-Т” баспасынан жарық көрген туындыдан Бартольд әлемінің терең қыр-сырын, ашылмаған құпиясын, ерекше дара келбетін тануға болады.

***

Осы автордың тағы бір туындысы "Ырқ бітіг” кітабы және қазақ, шығыс даналығы” деген атаумен жарық көріп отыр.

Біздің бабаларымыз көне түркілер бағзы заманнан мәдениеті, дәстүрі, нанымы, әдебиеті, өнері, жазуы, кәсібі берік қалыптасып, түркі империясын құрып, әлемге кеңінен танылды. Бұған олардың Енисей, Тува, Хакасия, Абақан, Байкал, Солтүстік Кавказ, Византия, Шығыс Еуропа, Шығыс Түркістан, Алтай, Орхон, Талас бойларынан табылған биік қабырға тастарға, түсірген жазба ескерткіштері мен қымбат зергерлік бұйымдары, дәу тасқа ойып салған таңбалары мен бейне-суреттері дәлел бола алады.

Көне түркілер биік жалпақ тастарды дәптер етіп, мәңгілік рухани мұралар жасаумен бірге сол көне түркі руна әрпімен ақ қағаз бетіне де түсіріп, бума-бума жазбалар қалдырған. Оған Турфан аймағынан табылған жазбалар мен «Ырқ бітіг» – «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағы дәлел. "Тоғанай Т” баспасынан жарық көрген еңбекте көне түркі руна әрпімен қағазға түсірілген осы жаз­балар мен «Ырқ бітіг» кітабы түркітану саласында алғашқылардың қатарында зерт­те­лініп, негізгі мәтін мен транскрипциясы, қазақша аудармасы жарияланып, оған әде­биеттану тұрғысынан терең талдау жүргізіліп, қазақ халқының және шығыстың дана­лық шығармаларымен салыстыра қарастырылып, ғылыми орнықты байлам назарға ұсынылған.

Бұл күрделі жұмысты атқаруға автор көп уақыт жұмсаған. Шетелдерден «Ырқ бітіг» кітабының негізгі мәтіні табылды, қосымша мәлімет, тың деректер жиналды, соған сүйеніп бірнеше ғылыми мақалалар жарияланып, жинақтарға енгізілді. Одан соң «Ырқ бітіг», «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» (Алматы: 2012, 10 б.т.) атты еңбек жарық көрді. Зерттеуді әрі жалғастырған автор еңбекке қатысты бірталай нақтылықты танытатын көне нұсқалар, үзінді қолжазбалар жинастырған. Соған орай бұл жұмыс қайта жазылып, бабалардан қалған мәңгілік мұраны жан-жақты зерттеп, толымды аяқталған еңбек есебінде оқырманға ұсынылған.

***

Ал, Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген «Көне түркі руна жазба поэзиясы» деген монографиялық еңбегінде автор Алтай, Талас бойындағы ескерткіштер жайлы тарата жазады.

Таулы Алтай жоталарынан осы уақытқа дейін 83 көне түркі руна жазба ескерткіштері табылды. Осы құнды мұраның бірсыпырасының қазір орнын табу да қиын. Біраз уақыт өткеннен кейін басқа мәдени ескерткіштерден де айрылып қалу қаупі бар. Өйткені, көне түркі жазба ескерткіштерінің бәрі дерлік сондағы тау шыңдарының жалпақ беттеріне шоғырландырыла орналастырылған. Кейінгі кезде сол аймақтарда тау кендерін игеру мақсатында жарылыс жұмыстары жүріп жатыр. Соған орай, автор жанұшыра еңбектеніп бабалардан қалған жазба мұралардың көпшілігін жинаған, тастардағы негізгі мәтіндер көшірмесін жасаған. Ал жоғалып кеткен көне түркі руна жазбалардың көшірмесі сол өңірлердегі мұражайлардан табылды.

Таулы Алтай бағзы заманнан ежелгі түркілердің құтты мекені болған, демек, көне мәдениетіміздің, әдебиетіміздің, өнер, тарихымыздың, жазу, дін, дәстүр-салт, ата кәсіптеріміздің түп-төркінін, шынында, сол аймақтан іздеген орынды. Сондықтан автор зерттеу жұмысын тарихи-типологиялық, синтездік тұрғыда жүргізіп, адамзаттың Таулы Алтайды қоныстануы және Алтай тілді қауымдар мәдениетінің қалыптасуы, уақыт пен кеңістікті игеруден жазу мәдениетінің туындауы, түрік сөзінің, түркі жазуының түп негізі, түркі дәстүрі, олардың қаһармандық ерлігі, түркі кәсібі, бәрі, бәріне сабақтастырыла терең талдау жасалынып, ғылыми бағасы берілген. Таулы Алтайдағы көне түркі руна жазбалары түгелдей бір кейде екі қатар жолдан тұрады. Бұлардың бәрі философияға құрылған даналық сөздер екені салыстырмалы түрде дәлелденген.

***

Танымал ғалым Т.Еңсегенұлы көне түркі руна жазба ескерткіштері жайлы ұзақ зерттеп көп томдық ғылыми еңбек жазу үстінде. Сол жұмыстың бірінші томы жуырда «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрді.

Көне түркілер әлемдегі жазуы, дәстүрі, діні, тарихы, кәсібі, өнері өте ерте дамыған ел­дер­дің бірі ретінде түркі империясын құрып, көне дәуірде-ақ түркілердің алтын ғасырын орнықтырып, даңқы шықты. Ежелгі бабаларымыз жасаған сол зор жетістіктерді кезінде танып игермегендіктен көне мәдениетіміз, әсіресе, түркілік дәстүр жоғалу қаупін бастан кешті. Бұл еңбекте түркі руна жазба шығармаларына талдау жасау синтездік тұрғыда жүргізіліп, көне түркі мәдениеті, тарихы, жазуы, нанымы, кәсібі және түркі психологиясы, философиясы қоса зерттелініп, қазақ халқының арғы тегі және көне түркі руна жазуының қазақ халқының ру, тайпа таңбаларымен сабақтастығы сөз болады. Көптеген жазба тастар суреті беріліп, ондағы негізгі мәтіндер назарға ұсынылып, аударма талдау жұмысы жүргізілген. Түркі руна шығармаларының қазақ халық жырларымен сабақтастығы байыпты баяндалып, мәңгілік тозбас мұраға айналғаны терең талдау жасау арқылы тұжырымдалыпты. Тастағы жазбалардың тақырыбы, құрылысы, жанры, көркемдік деңгейі теориялық тұрғыда қарастырылып, орнықты ғылыми бағасы берілген.

Е.ТОҚТАҒҰЛ.


ӘДЕБИЕТ 13 желтоксан 2014 г. 1 932 0