« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жалағаштық қарымды қаламгер Тұрсынбай Тәшен мәңгілік сапарға мезгілсіз кетпегенде биылғы жылы жетпіс бес жасқа толар еді. Ол өзінің саналы ғұмырының 40 жылын аудан айнасы – кезіндегі "Жаңадария” газетінің ("Жалағаш жаршысы”) өсіп, өркен жаюына арнады. Еңбек жолын қатардағы әдеби қызметкер болудан бастандырған ол бертін келе бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор қызметін абыроймен атқарды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Тұрсынбай Тәшеннің қолынан қаламы түскен жоқ. Өкініштісі сол, аяқасты айықпас науқасқа шалдығып, бір аяғы мен бір қолы жұмыс істемей де қалған. Тарих беттерінде сарғайған жазбаларды бүгінгі және келер ұрпақтарға ұлағат етуді мұрат тұтқан Тұрсекеңнің қайсарлығы сол, жата-жастана жатып жазумен болды. Содан да оның "Біз елу жетінің түлектеріміз”, "Жалағаштың жаршысы” атты кітаптары оқырмандар олжасына айналды. Сондай-ақ, Камал Бердәулетовтің "Бұқарбай батыр”, Жайық Есіркепұлының "Өмір өткелдері”, "Сәрке батыр” еңбектеріне редакторлық етуі де тектен-тек болмаса керек.
"Жалағаш ауданының құрметті азаматы”, марқұм Тұрсынбайдың өмірден өткеніне жыл толғанда оның "Сырда өскен шынар” атты кітабы оқырмандар қолына тиер деп кім ойлаған. Көп көкейінде жүрген осы сауалға жақында аудан орталығында өткен осы кітаптың тұсаукесер рәсімінде жауап алдық. Алғысөз алған аудан әкімі Талғат Дүйсебаев қарымды да қайсар қаламгер туралы толғана сөйледі.
Келесі сөз кезегін алған, осы кітаптың шығуына барынша күш салған досы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев:
– Марқұм Тұрсекең досымның өмірден өткеніне жыл толғанда жеке архивімен танысуыма тура келді. Сарғайған қолжазбаларының ішінен бөлек папкаға жинақталған бума көзіме түсті. Мұнда әр жылдары жазған очерктері мен эсселері, жаламен жапа шеккендер мен батыр, билер, замандастары жайлы жазбалары жинақталыпты. Кітап етіп шығаруды арман етіп, "Сырда өскен шынар” деп ат та қойыпты. Қолжазбаны айлап жүріп компьютерге тергіздім. Қаламгердің дүниесін қолдап, демеушілік жасаған аудан әкімі Талғат Тұрсынұлына замандастары атынан айтар алғысым шексіз, – деді.
Қайсар қаламгердің "Сырда өскен шынар” атты кітабының тұсаукесер рәсімінде әріптестері сөз алып, ол жайлы естеліктерін айтты. Соңынан Тұрсынбай Тәшен рухына құран бағышталды.
Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.
Жалағаш ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |