ЖАНҚОЖА БАТЫР

(дастаннан үзінді)

Дастан авторы Талғат Ті­леулесов Арал ауданы, Қа­ра­терең ауылында дүние­ге келген. Қазір Ақтөбе қа­ла­сында тұрады. Қазақстан Жур­на­лис­тер одағының мү­ше­сі. «Са­ғындым сені» жыр жи­нағының авторы.

Атадан ұрпағына қалған нақыл,

Азығың керегінде болар дақыл.

Дем бітсе келер күннен хабарың жоқ,

Тағдырдың жазуында екен ақыр.

Артыңа өшпейтұғын із қалдырсаң,

Өсиет осы емес пе құрған шатыр.

Қаншама жер бетінен дүрлер өтті,

Қойнына қара жердің кіріп жатыр,

Өткенге көз жүгіріп қарамасаң,

Дүнияда ең сорақы болдың пақыр.

Атаның аманатын жеткізбесең,

Жасыңда қайда кеткен алған ақыл.

Мазалап көптен бері жүрген ойым,

Таразы тыңдаушыма болса татыр.

Алдыңғы ағалардан алдым кеңес,

Өзімше жыр бастауға жетпей батыл.

Аруақты Жанқожадай ел қорғаны

Әулие болған екен өзі батыр.

Жауынан каймықпаған Жанқожаны,

Жаладан қапияда қылған қапыл,

Әлімнің алты аталы әулиесіне

Сыртынан қол көтерген қандай пақыр.

«Жазығым мұсылманға жоқ ед»,— депті,

Сол заман оған куә ой мен тақыр.

Сыйынып бір Аллаға қылдым талап,

Ер ісін мадақтауды көріп мақұл.

***

Жылқыайдар батыр еді заманында,

Жауының талай бұзған қамалын да,

Бұл күнде егде тартып қалған кезі,

Кәрілік тұсаулаған қадамын да,

 

Отырып от басында қалған екен,

Дүние расында жалған екен.

Кешегі өте шыққан қайран жастық,

Адамға қайта оралмас арман екен.

 

Қазақтың кім білмейді ат құмарын,

Бәйгеге арғымағын шаптыратын.

Батырдың үйір-үйір жылқысы көп,

Нұртайдай жылқышыға бақтыратын.

 

Нұртайдың шыққан тегі қарақалпақ,

Өзінің мекеніне жүрген бармақ.

Бес жылғы еңбегіне бес жылқыны

Жылқыайдар ырзалықпен берді арнап.

 

Батырым, салмайыншы Сізге салмақ,

Жүр едім көптен бері көзбен барлап.

Бес жүз жылқы ішінен бес жылқы емес,

Осы бір ақ тайыңды алдым таңдап.

 

Ақ тайы төрт-бес жылда ат болыпты,

Ақ тұлпар басындағы бақ болыпты,

Ақ тайдың алыс жолға шабатынын,

Нұртай да білгір екен, нақ жорыпты.

 

Нұртайдың орындалып басты арманы,

Келіп бір кемеріне тасқан шағы.

Хиуа ханның үкілеген аттарынан,

Атағы талай озып аспандады.

 

Жігітке бақ үнемі тұрмаған-ды,

Қызғаныш әркімде де бүр жарады.

Елдің көзі ұйқыға кеткен кезде,

Ақ тұлпар түн ішінде ұрланады.

 

Нұртайға түсті енді жаман қайғы,

Жан-жаққа хабар салып таба алмайды.

Хиуаның ханынан да күдіктеніп,

Көңілі сан жаққа алаңдайды.

 

Ақ тұлпар жоқ болғалы айлап кетті,

Апырмай, қандай адам байлап кетті!

Бір күні Жылқыайдардан ізі шығып,

Нұртайдың іші өртеніп қайнап кетті.

 

Еліне Жылқыайдардың бармақ болды,

Қалайда ақ тұлпарын алмақ болды,

Жылқыайдар шал болса да, өзі батыр,

Жауласып алуы да салмақ болды.

 

Жинады ел ішінен көмек қолды,

Нұртайдың батырлығы ерек болды.

Екі елге іріткіні салып жүрген,

Тықының қайрауы да себеп болды.

 

Қасына қырық жігіт ерткен-ді,

Басылар емес бойда желіктері.

Мың шақырым жол жүріп ақырында

Жылқыайдар ауылына келіп жетті.

 

Алуды мақсат тұтып қақпанына,

Қырық жігіт келген кезі баптарына.

Еліне Жылқыайдардың лап қойысты,

Батырым тәтті ұйкыда жатқанында.

 

Қырық жігіт қояр емес қарқыны да,

Батырдың тиді қылыш алқымына.

Ақ тұлпар дауы, міне, осылайша,

Жетіпті Жылқыайдардың ақырына.

***

Жылқыайдардың асында,

Мазарының қасында

Дұға оқып кұрмет қылады,

Елін сүйген асылға.

 

Қазақтар түгел жиылды,

Бір Аллаға сыйынды.

Жылқаман батыр қол бастап,

Нөпірге қалың бұйырды.

 

Адамның болар аласы,

Тағдырға мына қарашы.

Нұртайдан кекті алмасақ,

Жазылмас жүрек жарасы.

 

Сөзімнің осы сарасы,

Ешкімнің болмас таласы,

Қолға қару алыңдар

Жететін бар ма шамасы?!

 

Еретін, қане, кімім бар?

Жалпыңа бірдей үнім бар,

Қазақтың қайсар ұлдары,

Ат басын бұрып шығыңдар.

Тұратын әр кез саптағы,

Батырдың нағыз батпаны.

Суырылып шықты ортаға,

Қаракесектің Ақтаны.

 

Батырлыққа жараған

Аты аңыз боп тараған.

Төртқарадан Тілеулі,

Жауына оқ боп бораған.

 

Батырлығы кем емес,

Шөмекейден шыққан Елемес.

Ашуға мінсе айбатты,

Алдын да ешкім бөгемес.

 

Жеңіспен біткен жорық-ай,

Қайнатқан жаудың сорын-ай.

Шектіден шыққан ерлер көп,

Бәрінің бөлек орны-ай.

 

Жылқаман батыр ер еді,

Батырдың болды дегені,

Нұрымбеттен Жанқожа,

Ол да еріп келеді.

 

Жастар ғой елдің айнасы,

Қолында қисық найзасы.

Жігіттер күліп қояды:

«Найзаңның тисе пайдасы».

 

Құрдастың әзіл ермегі,

Бірін-бірі жөндеді.

Тас түйінген Жанқожа,

Ешкімге сырын бермеді.

 

Қазақтың дарқан даласы,

Ой менен қыры, саласы.

Мың шақырым жол екен,

Қарақалпақ арасы.

 

Тағы қанша күн жүрді,

Күнменен қоса түн жүрді.

Нұртай деген бүлдіргі,

Екі елге сызат түсіріп,

Салып та қойды-ау сүргінді.

 

Ізімен жүріп ақыры,

Тықының тапты қамалын.

Олар да естіп тұр екен,

Қазақтың келер хабарын,

 

Сыртына келді қаланың,

Дайындап қару-жарағын,

Тықы да залым біліп тұр,

Еліне ойран саларын.

Тықыны алдап қу Нұртай,

Қақпадан шығып кетудің

Тапқан да екен амалын.

 

Хиуа ханына барам деп,

Хиуадан әскер алам деп,

Сыртынан келіп қазақтың

Әскеріне шабам деп.

Білмепті Нұртай алдарын,

Білді енді жалғыз қалғанын.

Қулығына Нұртайдың,

Тықы тұр тістеп бармағын.

 

Нұртай қашқан жолменен,

Отыз-қырық қолменен.

Жылқаман қуып келеді,

Сай-салалы орменен.

 

Құтылмасын білгесін.

Шайқалтқасын қазақ іргесін.

Нұртай да білді өкініп,

Енді өмір сүрмесін.

 

Жолықты енді бетпе-бет,

Қазаққа жалын от керек.

Нұртай тұрды айқайлап:

«Шығыңдар, қазақ,

жекпе-жек!».

 

Осыны Нұртай жөн деді.

Намысты қолдан бермеді.

Жекпе-жекке шықпаса,

Қазақтың онда өлгені.

 

Құдайым, өзің талап қыл,

Сарбазым қайсы жарап тұр.

Нұртай да осал жау емес,

Жылқаман батыр ойланып

Жігіттеріне қарап тұр.

Шапса, құстай қанатты,

Мынау қалың қабақты,

Қаракесектің Ақтаны,

Бес сайманын жаратты.

 

Жауға тисең епті ең,

Ақтаным – батыр, бек білем.

Ертең қазақ айтады-ау,

Жылқыайдар кегін алатын,

Шықпады ма деп Шектіден.

Ер керек еді мұндайда,

Құдайым өзі қолдай ма?

Жылқаман көзі түсті енді

Ту ұстайтын Толыбайға.

 

Толыбайдың мықты талабы,

Жіберсең жауға барады.

Нұртай да осал жау емес,

Деп ойланып қалады.

 

Жылқаман батыр сөз етті,

Мәселе болды өзекті.

Сол мезеттер болғанда,

Аталап шықты бір дауыс.

Маған бер деп кезекті.

 

Қақпақ жауырын, апайтөс,

Нұрымбеттің баласы.

Жанқожа екен кеп тұрған.

Болардай елдің панасы.

Байқап тұрсам осының,

Нұртайға жетед шамасы.

 

«Көрдің де, балам, атаңды,

Сұрадың келіп батамды,

Өздеріңдей жас буын

Жауына қарсы ұмтылып,

Еліне батыр атанды.

 

Не дермін, балам, не дермін,

Өрімдей жас өренім.

Жылқыайдар кегін алуға,

Мен барамын деп едің.

Толыбай, балам, сен тоқта,

Күшің тасып бара жатса,

Оны-дағы көремін,

Баланың беті қайтпасын,

Жолың болсын, Жанқожа,

Батамды саған беремін».

***

Жанқожа бата алғасын,

Аузына алып Алласын.

«Бақтыбайлап» ұрандап,

Суырды қыннан алмасын.

 

Арғы атасы – Киікбай,

Дұғасын қылды ұмытпай.

Пірлеріне сыйынды,

Жауатын қара бұлттай.

 

Екеуі келді бетпе-бет,

Бір-біріне кектене.

Екі жақ та қиқулап,

Басталып кетті жекпе-жек.

 

Екі батыр шайқасты,

Екі аттың басы айқасты.

Құлап барып екеуі.

Атына қайта жайғасты.

 

Көктөбе деген бел еді,

Қайсысын қайсы жеңеді.

Нұртай деген залымның,

Бола да қоймас дегені.

Айтып тұрған бұл жерде,

Жылқаман батыр сөзі еді:

«Қараңдаршы, анау кім,

Кімге найза кезеді?»

 

Екеуі терге малшықты,

Жекпе-жекке сан шықты.

Күн түнеріп әп-сәтте,

Адам көрмес шаң шықты.

 

Құдайым кімді қолдады,

Кімге бақыт орнады.

Қараңдаршы, жігіттер,

Қайсысы құлап, сорлады.

 

Ала кұйын басылды,

Күннің де көзі ашылды,

Сүртіп тағы қарайын,

Жанардағы жасымды.

 

Ер Жанқожа – мақтаным.

Көрдің бе, батыр Ақтаным.

Жанқожамның қасында,

Нұртайдың құлап жатқанын».

 

Қазақтар түгел қуанып,

Жанқожаны тұр алып.

Ерлікпен біткен бұл іске,

Көңілдер қалды жұбанып.

 

Сол кезде көрсең Ақтанды,

Ер көңілі шаттанды.

«Нағыз батыр қасымда

Жүр екен»,— деп мақтанды.

 

«Айтқаным түгел келсін, – деп,

Ізіңе халқың ерсін», – деп.

Қарт Жылқаман қол жайды,

«Бізден тайған бақытты

Жанқожама берсін», – деп.

***

Тықыға кезек келеді,

Елінен шыққан ер еді.

Қамалының ішінде

Болып та жатыр дегені.

Әмірі жүрген адамға,

Өзін ханға теңеді,

Билері тоқтау айтқанмен,

Сенікі дұрыс демеді.

Ашуына булыққан,

Тықының ісі жөн еді.

Қақпаның келген алдына,

Садақпен оқты жаудырып,

Қазаққа соққы береді,

Нұртай да келіп қалар деп.

Іштей-дағы сенеді.

Хиуадан әскер алдырып,

Келемін деген Нұртайдың,

Тықыға берген жел еді.

 

Көңілі бір уақ тасады,

Қамалдан басын көтеріп

Қазақтың көп деп жасағы.

Бұл жерде енді Тықының,

Үрейі әбден қашады.

Нұртайға да кіжініп,

Не істерін білмей сасады.

 

Қазақтар қоршап қамалын,

Өркештенген Тықының

Тайғақ қылды табанын.

Қазақтың бетін қайтарар,

Таппады істің амалын.

Қазақтар елші жіберді.

Тұтқынға түскен Ақназар,

Тықыдан басқа жау жоқ деп,

Жеткіз деп қазақ хабарын.

 

Тықыға келіп Ақназар,

Айтып жатыр көргенін.

Қауіптің енді төнгенін.

Нұртайды да айтады

Хиуасына жете алмай,

Жанқожамен айқасып

Жекпе-жекте өлгенін.

 

Айтып жатыр Ақназар,

Көзінің жасы шелектеп.

«Жылқыайдардың өлуіне,

Ең басты себеп, – деп,

Нұртайды соған жіберген,

Тықының басы керек», – деп.

 

Мына сөзді есітіп,

Ашуы келді Тықының.

«Басымды менің алам, – дейді,

Қазақтың қараш, құлқынын.

Ақназар, сен сатқынсың.

Қарақалпақ ұлтының.

Қазақтың сөзін сөйлейсің,

Ойламай қамын жұртыңның.

Қазаққа сәлем айта бар,

Қысқартсын маған бұрқылын!»

Ақназарға жақындап,

Тапқандай сөздің ұтымын.

Екі қолын шошайтып,

Астынан шығарды бұтының.

 

«Ей, Ақназар, сатқыным,

Өтірік неге жыладың,

Ер мінезің көрінбей,

Көзіңнің жасын бұладың.

Сен қазақтың құлысың,

Басыңды сенің алмасам,

Тарқамас менің кұмарым.

Айтып тұрған сөзіңе

Енді қайтып шыдармын.

Құлдың қандай екенін,

Көрсетем саған, шырағым».

Шап беріп ұстап алды да

Тастады кесіп құлағын.

 

Жылап тұрып Ақназар:

«Қайдағы сен батырсың.

Қамалыңнан шыға алмай,

Қазақтан қорқып жатырсың.

Қолыңнан келер түгің жоқ,

Сен кімге татырсың?

Айтқаным, саған, айтқаным,

Батыр емес, қатынсың.

Үйде отырған пақырсың.

Анау — Шөмекей Елемес,

Мықты болсаң, шақыр шын».

***

Тықы сонда ақырды,

Айбатын шақырды,

«Көрсетейін мен саған,

Қатын менен пақырды!».

 

Ақназар сөзі батқаны,

Ішіне ашу сақтады.

Жекпе-жек деп ұрандап,

Аштыртты Тықы қақпаны,

Бір-біріне айқайлап,

Қарсы қарай шабады.

Ұйтқып соққан желдей боп,

Артында шаңы қалады.

Сәт сайын екеуі,

Жақындасып барады.

Елеместей батырым,

Көкіректің тұсынан.

Найзасын келіп салады.

 

Найзаның қырсық тайғаны,

Елемес іші қайнады,

Осы сәтте Тықы да,

Тауып та кетті айланы.

Елемес есті жиғанша,

Түсірді шауып найзаны.

Жаралы қалған Елемес,

Қарусыз қолын байлады.

Тықы тұрды намарт деп,

Өзіне шешіп пайданы.

 

Жанқожадай батырым,

Ат үстінде түйініп,

Артында шаңын үйіріп,

Тықыға қарсы шабады.

Бір Аллаға сыйынып,

Көрсетейін саған деп,

Жанқожа қарап тұрмады.

Найзасын келіп ұрғаны.

Тықыны аттан аударып,

Әрі де бері ырғады.

Жылқыайдар кегін алам деп,

Ойбайын да қылмады.

 

Жиналып келген қалың қол,

Сырдағы менен Қырдағы,

«Бақтыбайлап» ұрандап,

Қазақтар да күйінді.

Қамалды бұзып алуға,

Қырандай көктен шүйілді.

Көрдіңдер ме, жігіттер,

Жанқожаның қолынан,

Тықының басы қиылды.

Қарт Жылқаман сол кезде,

Қарапайым халықты

Өлтірмеуге бұйырды.

 

Тыңдайтын оны жан бар ма,

Қамалды бұзып алғанда,

Жапа шегіп жатқан-ды,

Жазықсыз жүрген жандар да.

Найза менен қылыштан,

Судай ақты қандар да.

Тонаушылық басталды,

Жеткендей қолы арманға.

Ешкім де құлақ аспады,

Жанқожа айқай салғанға.

«Осылай боларын білмедім,

Тықы менен Нұртайдан,

Кекті алуға барғанда».

 

Жанқожа іштей айтады,

Көзімен көріп байқады.

Дүниеқоныз шалдарға:

«Астапыралла, Алла!», деп,

Басын тұрып шайқады.

Жеңіспен біткен жорықтан,

Жанқожадай батырым,

Еліне жалғыз қайтады.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Ақтөбе қаласы.


ӘДЕБИЕТ 11 қазан 2014 г. 3 548 0