« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Өткен ғасырдың 70 жылдарының орта тұсында, мектепте тарихтан дәріс берген, халық арасында «Музей адам» аталып кеткен ұстазым Асантай Әлімұлына сәлем бере үйіне барып қалдым. Ақтөбе облысында үш жылдай еңбек етіп қайтқан кезім. Елді, жерді, ел адамдарын сағына келгенмін, арсалаңдай аулаға кіре, ағайға дауыстап сәлем бердім.
Жаз кезі, ауылда күн ыстық, оның үстіне біз өскен темір жол бекетінде тал да сирек, өйткені ағын су тұрмақ ауыз су да тапшылау. Ауыл бойынша бір-ақ жерде теміржолдың су колонкасы бар, күнара темір жолмен бір вагон су келіп тұрады. Ағайлар тұрғын үйдің көлеңкесіндегі нарға көрпе жайып, демалып, жайланып отыр екен. Қауқылдасып қалдық, төрде сымбатты келген, отыздан енді асқан жас жігіт отыр екен, аман-саулықтан соң таныстырды: жазушы Дүкенбай Досжанов – Отырар жайлы шығармалар жазып жүр, болашағынан көп үміт күттіретін азамат деді. Асантай ағай шын мәніндегі шынайы тарихшы еді. Жаз бойы тапқан-таянғанын жаратып, Отырар қаласының орнында қазба жұмыстарымен айналысатын еді. Бір өзі – бір экспедицияның атқаратын істерін атқарып жүрді десем, аса көп жаңылыса қоймайтын шығармын. Аудан орталығында ашылған тарихи-этнографиялық музейдің негізгі базасы Асантай ағай тапқан экспонаттар екеніне халық куә, ел куә. Сондықтан ел ол кісіні «Музей адам» атап кеткен.
Сол ағай жас айырмашылығына қарамастан Дүкенбай Досжановпен аса бір қимас, ықылас ниетті сыйлас болып кетті. Себебі өз ісіне берілген еңбекқор адам, өзі тектес азаматты танығаны болар. Дүкеңнің әдебиетке берілгендігін, тұла бойында туа біткен қасиет бар екенін, кез келген кісінің төзімділігі шыдас бермейтін еңбекқорлығын сезген болуы керек. Араларында ағайынға бергісіз сыйластық, бір-біріне деген риясыз сезім Асантай ағай дүниеден өткенше үзілмегеніне ел куә.
Дүкенбай Досжан ағаның шығармаларының әдеби құндылығына баға беру әдебиет сыншыларының үлесі, өйткені оған менің өрем жете бермес.
Қазақша айтқанда «Көтере алмайтын шоқпарды беліме байламай-ақ қояйын». Өмір ғой, оның үстіне менің мамандығым құрылысшы, құрылысшыларда қысы-жазы науқан. Науқан кезінде күнді күнге, түнді түнге ұрып дегендей, тіптен үй көрмей кетеміз. Бұны айтып отырғаны сол 70 жылдардағы таныстықты әрі қарай өрбіте алмай қалғаным өкінішті-ақ, өзекті өртейді.
Тек 2002 жылдың қара күзінде Дүкеңнің 60 жылдығы аталып өтіп жатқанда іздеп Астанаға келдім. Ол кезде Отырар ауданының әкімі қызметіндемін. Ауыл ақсақалдары, ел арасының сөзін сөйлеп жүрген қариялар «Дүкенбай Отырардың болмысын ашуда, елдің елдігін, жердің киелігін көрсетуде аз еңбек еткен жоқ. Етпеттеп жатып жазған шығармаларының шоқтығы биіктерінің қатарынан Отырар туралы, Отырардың тарихы, табиғаты, елдің салт-дәстүрлері, азаматтары туралы жазылған шығармалары ойып тұрып өз орнын алады».
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады», –деген ел ағаларының ойы мені Астанаға жетеледі.
Астанада К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында кездесудегі халықтың ықыласы, әріптестерінің ізгі ниеттері, замандастарының Дүкең еңбектерін жоғары бағалауы маған терең ой салды. Егерде халықты сүйе білсең, ұлттық рухыңды бағалап, пайымдап көтере білсең, адамзат баласынан келген қиянатты қарымта қайтармай қара нардай көтере білсең, елге еткен еңбегіңді міндет етпесең, халқың да сені алақанға салып аялап, құрметтейді екен-ау деген тұжырымға келдім.
Жиірек хабарлас болу 2007 жылы қызмет бабымен Астанаға келгеннен кейін басталды. Әр-кез жиындарда кездесіп жүрдік, маңғаз отырысы, қазақи қасиет аз сөйлеп, көп тыңдау, сөйлеп отырған адамды зерделеп тыңдау, сол кісінің ішкі жан дүниесіне тереңірек үңіліп, оның болмысын зерттеу байқалып тұратын еді. Менің пайымдауымша, жазушы адам психологиясын сезіне отырып, жазып отырған кейіпкерінің образына ене білуі, дүниеге сол кейіпкердің болмысымен қарай білуі, яғни әрбір кейіпкердің дүниетанымын бес саусақтай сезінуі керек сияқты. Ал Дүкең әрбір отырыста сонда отырған адамдардан әрқайсысының мінезіне, өмірлік көзқарасына, жалпы адами болмысына мағына беріп, пайым жасап отыратындай, болашақ кейіпкерлерін іздеп отыратындай көрінетін. Мүмкін шын мәнінде де солай шығар.
Ал Дүкенбай ағаның бір бақыты – өмірлік қосағы, жан-жарының да әдеби ортада өз орны бар, ақын, журналшы, жазушы болғаны да шығар. Себебі адам өмірінде табысқа жету үшін, әсіресе шығармашылық адамдарының бойындағы таланты толыққанды ашылу үшін отбасының әсері өте маңызды болады. Дүкеңнің ақадал жары Сәуле Мағазбекқызы өмірдің талай толқындарынан сүрінбей өткен, туабітті болмысымен шығармашылық адамы. Жазушының жан дүниесін жақсы түсініп, талантының ашылуына барынша жағдай жасай білгені айдан анық.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дейді дана халық, сол айтқандай Дүкенбай Досжан уақыт өткен сайын биіктей беретін қазақ әдебиетіндегі Ерен тұлға екені дәлелдеуді қажет етпесе керек.
Шалатай Мырзахметов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |