« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Пайғамбар үмбетімін - Алла құлы,
Тараған Кішкенеден – Майдан ұлы,
Баласы Айдарбектің Жұмабекпін,
Келгенмін дүниеге барыс жылы.
Жанқожа аңыз болған Батыр бабам,
Бас иген ерлігіне барша ғалам.
Жырламай сол Бабаны өлеңменен,
Қалайша алшаң басып жүрер балаң.
Барып ем биыл жазда зират қылып,
Тұрғандай киелі жер сырға тұнып,
Сыйынып Әз Бабама мен жалындым,
Кетті деп жыр жазуға ауып құлық.
Айналдым әруағыңнан Батыр баба.,
Сыйынсам желеп-жебер өзің ғана.
Болса егер артық-кемі бұл жырымның,
Кешіргін, әулием-ау, болмай нала.
Қорғаған кең даламды төгіп қанын,
Біз үшін пида қылған шыбын жанын,
Қақ жарған қара қылды, әділ сөзді,
Жаралған ерекше боп асқақ дарын.
Есімің ұмытылмайды болса тірлік,
Ту қылған ақиқатты ауыз бірлік.
Көзінің тірісінде аңыз болып,
Тамсантқан бар қазақты жасап ерлік,
Сыйынып Әз бабама қылдым талап,
Атақты болмасам да мұзды балақ,
Арман жоқ жырлай алсам Әулиемді,
Көңілге жарық шашып қонса тарап.
Елдің туған бағына
Үдей соққан қарашаның дауылы,
Сырдың бойы «Ащыкөлдің» бауыры.
Орналасқан Қара дөңді жағалай,
Кіші шекті Нұрымбеттің ауылы.
Нұрымбет – батыр еді шапқан жауға,
Жалынып талай дұшпан қылған сауға.
Өтеген – ағасы еді, өзі шешен,
Қақ жарып билік айтқан небір дауда.
Жан еді орта бойлы, өткір көзді,
Сүймейтін мақтан қимыл, артық сөзді.
Ұрандап атой салып шыққан мезет,
Қаралай талай жауы жанынан безді.
Батырдың бәйбішесі – Сұлу ана,
Көркіне ақылы сай, жаны таза.
Қызы еді Қаракесек Қопа батыр,
Шығатын жекпе-жекке жұрттан оза.
Жоқ еді жомарт адам онан асқан,
Қосылған Нұрымбетке он бес жастан.
Сол кезде аяғы ауыр, жүрген кезі,
Балаға, ел-жұртына болар дастан.
Дауылды қарашаның айсыз түні,
Ананы толғақ қысты жетіп күні.
Нәресте дүние есігін ашқан мезет,
Естілді Жолбарыстың айбарлы үні.
Киелі ай шаңырақтан қылаң етті,
Жарқ етіп нәрестеге шуақ септі.
Сіңді де түн қойнына бұлт болып,
Қайтадан нөсерлетіп кәрін төкті.
Жым-жырт боп үнсіз қалды үлкен-кіші,
Аянға балағандай болған істі.
Келді деп әулетіне ерекше жан,
Ишарат білдірді-ау деп Аллам күшті.
Толықсып айда шыққан сол мезетте,
Тұрғандай сәби үшін ол күзетте.
Жарқырап кең маңдайы кере қарыс,
Нәресте от боп жанды ақ төсекте.
Той болып ұлан-асыр, тартты көкпар,
Ер жігіт бақ сынамай қалай тоқтар.
Жүлдеге тігілді де бес жүз атан,
Айдалды аламанға бәйге аттар,
Қуанды барша халық тілекші бек,
Есе алып хас дұшпаннан қайтарар кек.
Болсын деп «жан мен малға өзі қожа,
Ат қойды жас сәбиге Жанқожа» деп.
Дауылды сол бір түннен бес жыл өтті,
Қыс кетіп шұғылалы мамыр жетті.
Бес жасар ертіп алып Жанқожаны,
Нұрымбет алыс жолға сапар шекті.
Көгалды кең даланы өтті кесіп,
Кашқан су, Сары өзекті жалдап кешіп,
Тірелді ну қамысқа қалың өскен,
Бір жол бар шығатұғын тура тесіп.
Келеді қатар жүріп әке, бала.
Айнала дүлей қамыс, елсіз дала,
Кенеттен аяқ асты шыға келді,
Жолбарыс қаһарланып нуды жара.
Тоқтатып астындағы бәйге көкті,
Секіріп жолбарысқа бала жетті.
Қараңыз тамашаға, басын иіп,
Еркелеп аң патшасы жата кетті.
Ұстап ап қос құлақтан алды мініп,
Бейне бір күнде мініп жүрген малдай.
Әке тұр қорқыныштан сөйлей алмай,
Жолбарыс қала ма деп кәрін тігіп,
Тұрды да жүре берді бала алға,
Қарамай соңындағы айбарлы аңға.
Әке мен жанындағы екі серік,
Мең-зең боп тұрып қалды естен тана.
Қызарып, екі көзі шоқтай жайнап,
Демінен қара тас та еріп-қайнап,
Нық басып суырылып шықты бала,
Жарқылдап төбесінде жай оты ойнап.
Тұрды жұрт іштен алып тыныс-демін,
Көрмеген кереметтің мұнан шегін.
Лезде айналаны тұман басып,
Қара бұлт жайлағандай аспан көгін.
Сәлден соң қайта келіп қалыпына,
Жанқожа алды мініп бәйге атына.
Бала емес, алдарында алып-сынды,
Қалған жұрт шыдамады айбатына.
Сол сапар қайтты олжамен жолаушылар,
Кездеспей ешбір бейнет кесе тұрар.
Бұлардан сәл-пәл бұрын келген екен,
Атақты Есет батыр алтын тұмар.
Нағашы Нұрымбетке Тама жұрты,
Таймаған бастан дәулет-бақыт бұлты.
Аңыз ғып көрген жандар айтушы еді,
Есеттен қалмайды деп жаудың құты.
Тай сойып, нағашыны күтті батыр,
Ел халқы сәлемдесіп келіп жатыр.
Ізіне ертіп алып бір інісін,
Жанқожа кіріп келді аттап батыл.
Шолды да отты көзбен үйдің ішін,
Ұсынды атасына қолдың ұшын.
Күлді де миығынан батыр Есет,
Дір етті, сезген сынды қуат-күшін.
Сұрады: «Мына жігіт Жанқожа ма?
Керілген, өсе келе паң бола ма?
Отты екен, уытты екен, жанары да
Жаужүрек Киікбайдай жан болар ма?..»
Қаймықпай сөйлеп кетті, тесе қарап,
Бейне бір тау қыраны, мұзды балақ.
«Атымды өзің қойған Жанқожамын,
Аламын айбалтаңды деді қалап»,
«Жақсы деп түп нағашы шықты сыртқа,
Төбені көремісің өскен Құртқа.
Сол жерден жүгір-дағы құла мұнда.
Қанжарды қоямын мен тігіп құмға.
Денеңе кірмесе егер сендік болсын,
Айбалта, бес қаруға құшақ толсын.
Келіссең оқшау тұрған төбеге шық,
Қорыққан бұндай жерде қайдан оңсын»...
Қанжарды көмді құмға сабын қадап,
Ұшы тұр ұшқын шашып көкке қарап,
Жақсы деп Жанқожа да жүре берді,
Сескенбей қалар-ау деп денем қанап.
Кеткенде батыр бала алыс ұзап,
Әркімнің көкейінде тұрды сұрақ.
Нұрымбет ойланып тұр шыдай алмай,
Жазым боп кетпесін деп балғын құрақ.
Қанжарды алып Есет білдірместен,
Орнына құмды үйді кідірместен.
Жетер деп Жанқожаға жүгір деді,
Тоқтамай өткін сыннан мүдірместен.
Қаһарға мініп бала жинап сесін,
Алардай хас дұшпаннан есе, кегін.
Жүгіріп жетті-дағы құлай кетті,
Жіберді ұрып-ұрып жерге төсін.
Жүзіне жылы шырай шуақ ойнап,
Беліне айбалтасын беріп байлап.
Күрсініп батыр Есет бас изеді,
Кетті ме бала кезін бір сәт ойлап.
Жайлайтын-ды Тама елі
Мұғаджардың бауырын,
Қорған қылып шың-құзын, өткеріп
құйын-дауылын
Толған еді он беске Есет бала сол кезде,
Қапияда жау шапты Көкі бидің ауылын.
Кеткен-ді еркек біткен үлкен асқа,
Көрші елде үзілгенді маңғаз, қасқа.
Қалың жау елемеді назар салмай,
Бүк түсіп ұйықтап жатқан балғын жасқа.
Сайлы жау мал біткенді алды айдап,
Қыз-қырқын, жігіт-желең қолын байлап,
Мың басы қозғалуға әмір етті,
Қаңырап бос қалды деп ауыл-аймақ.
Барады күннің көзі шеке тесіп,
Оянды аңғал Есет көзі ісіп.
Таң қалып жан-жағына қарай берді,
Ойлады кеткен бе деп ауыл көшіп.
Көрді де жылап тұрған бір жеңгесін,
Сұрады қайда екенін ол өзгесін.
Есітіп жау шапқанын ауылына,
Білмеді сенерін де, ия, сенбесін.
Сәлден соң қанығып ап болған жайға,
Мініп ап жаудан қалған арық тайға,
Қолға алып ақ семсерін балғын Есет,
Ұмтылды қалмақ кеткен терең сайға.
Біршама шапқаннан соң еті қызып,
Арық тай өнер төкті құстай ұшып.
Бейне бір өмір бойы жауға мінген,
Секілді арғымақтай қунақ, пысық.
Жетті ол қалың жауға кезінде іңір,
Құрысып барлық дене бейне сіңір.
Бұлғалап ақ семсерін айғай салды.
«Тоқта деп, соғысайық қашпа, кідір»
Есітіп жас батырдың кәрлі даусын,
Шыдамай қашып дұшпан босып аусын.
Жетіп ап ақ семсермен допша қақты,
Дегендей мыңбасыны зұлым жаусын,
Ұрандап атой салды «жау қаштылап»,
Хас дұшпан бассыз қалып жатты сұлап.
Еріксіз пенде болған туған-туыс
Батырды құшақтады өксіп жылап.
Қайтарып аман-есен елін, халқын,
Сақтап қап абыройын, намыс-салтын.
Атанып «ел қорғаны батыр Есет»,
Жайды жұрт бар қазаққа атақ-даңқын.
Өткен күн түсті бүгін қайтып еске,
Қанжарға қарсы тұрған ерлік істе.
Құшақтап Жанқожаны алды сүйіп,
Жасырмай таң қалғанын бүгіп ішке.
Күш атасын танымас
Уақыт жылжып аққан бейне бұлақ,
Балалық қолда тұрмас алтын сынап.
Өтіпті 10 жыл мерзім белгісіз боп,
Жанқожа тапсырғалы үлкен сынақ.
Ержетті жігіт болып аса күшті,
Құрыштай мығым дене, жүзі сұсты.
Жарқырап екі көзі шамдай жанып,
Талайлар айбатынан ығып пысты.
Қолына алып садақ, атып жамбы,
Тамсантты мергендікпен дүйім жанды.
Тоқтатып ту биені құйрығынан,
Көргендер айран-асыр естен танды.
Бір күні жылқы аралап келді қосқа,
Сыр шертіп қайтайын деп құрбы досқа.
Есітіп Бәйгекөктің жоғалғанын,
Қайтадан атқа қонды жатпай босқа.
Ұзақ күн жүрді бала аттан түспей,
Малтаны қорек қылып ыстық ішпей.
Кеткендей жерге сіңіп, ұшып көкке,
Кездеспей ешбір пенде көрген түстей.
Жолықты келер күні қалың елге,
Отырған көл жағалай үлкен белде.
Ақ боз үй орналасқан қақ ортаға,
Дегендей үй иесі елден өзге.
Иба қып сәлемдесіп келді кіріп,
Жол сілтеп жіберер деп қылып үміт.
Сол кезде кісінеген бәйгекөктің,
Есітіп таныс дауысын кірді күдік.
Жантайып жатыр төрде үй иесі,
Бейне бір үйген мая, жоқ жүйесі.
Сыриған аяқ-қолды алып екен.
Көтермес нардан басқа жоқ түйесі.
Дөңкиіп жата берді сәлем алмай,
Зекіді: «Кете бергін жолдан қалмай.
Арғымақ қол емес қой, саған бала,
Тай деді, тұрғанымда күшке салмай.
Атанған түйе балуан Қарабекпін,
Талайдың қабырғасын жіпше сөктім.
Алам деп дәмеленбе Бәйгекөкті,
Өзім би, өзім батыр, өзім бекпін».
Жанқожа айтты жайлап «Үлкен кісі,
Жөн емес жасырғаның болған істі.
Қазақ пен қарақалпақ туыс халық,
Көрсетпей ақылға кел, азу тісті».
Көтеріп зор даусымен үйдің ішін,
Қарабек басты ашуға бұзып түсін:
«Тұрмысың мықтысынып, қара қазақ,
Жық деді аяғымды, келсе күшің».
Қаһарға мінді бала шыдай алмай,
«Тарт деді аяғыңды шірік талдай,
Беліңді бекем буып, шық ортаға,
Күресті көрсетейін қерек қандай».
Шапылдап ұстасты да екі балуан,
Көрсетті кереметті небір алуан.
Қарабек барын салып тырысып жүр,
«Алыпқа кездестім деп Аллам қайдан».
Шын қысса сексеуілден шығарған су,
Жүйріктей топтан озған көрсе ду-ду.
Жанқожа белден сығып шарт еткізіп,
Сындырды қабырғасын томардай қу.
Қарабек жанұшырып салды айқай:
«Опырдың бұғанамды, жібер ойбай,
Қоса ал Бәйгекөкке айыбымды,
Тынбассың кәрге мінсең көзім жоймай».
Киреңдеп белге соққан сұр жыландай,
Құлады естен танып, тыныс алмай.
Ауызына су тамызып Қарабектің,
Нөкерлер жүгіріп жүр жаны қалмай,
Қақ жарып елеместен қалың көпті,
Жанына Бәйгекөктің бала жетті.
Алды да жетегіне қарайламай,
Бетке алып туған елін жүріп кетті.
Тура биде туған жоқ
Сол жылы күзге салым Қылышбай хан,
Жар салды: «Жыйылсын деп, естияр жан,
Жорыққа аттанамыз сәтін салса,
Салайық ата жауға қиямет-лаң...»
Ағылды хабарды естіп батыр, бектер,
Атанған небір мықты асыл тектер.
Киіп ап көк сауытын атқа қонды,
Жанқожа салып артқа қоржын, бөктер.
Жиылды аз мерзімде бір түмен қол,
Сыйынып Жаратқанға болсын деп жол.
Қара үзіп шыққан мезет елден жырақ,
Көрінді соңдарынан кою шаң мол.
Кідіртіп қалың қолды Қылышбай хан,
Білуге ынтық болды неғылған шаң.
Жанқожа шыққан кезде дөң басына,
Шаңқылдап сөйлеп кетті болып аң-таң.
Сұрады: «Не жұмыспен жүрсің, бала?,
Айбалта белге байлап, шауып дара.
Кетпеген ана сүті жас екенсің,
Жөн болар тұрғаныңда сенің қала».
«Киікбай-арғы атам, болған ұран,
Тараған Нұрымбеттен мен де қыран.
Бала деп қомсынбағын, асқақтап хан,
Жауыңа бірге аттанам» - деді ұлан.
Қылышбай әмір етті: «Жүреміз деп,
Тездетіп жау шебіне кіреміз деп.
Таң ата тұтқиылдан атой салсақ,
Олжаны шаш-етектен ілеміз деп.
Есені қайтарайық кеткен жауға,
Қуайық жерімізден қамап тауға.
Олжаның иесі де алғандікі,
Жөн емес бедел салып сұрау сауға».
Келді де бәтуаға деп осылай,
Жарқылдап жауға тиді көк жасындай,
Бір қора қойға тиген аш бөрідей,
Батырлар салды ойнақ жау қосынай.
Күн қыса басылғанда ұрыс лебі,
Болмады мол олжаның шеті-шегі.
«Есені бір алдық деп жауға кеткен»,
Қалың қол жадырады қайтып кегі.
Тұр оқшау дөң басында Қылышбай хан,
Қара сұр, өткір көзді сырықтай жан.
Тізіліп қолға түскен құл мен күңді.
Айдауға әмір етті ретпен сан.
Сол мезет келді шауып бір інісі,
Ентігіп өзінде жоқ түрі – түсі:
«Алдияр, қосын басы ер Жақаның,
Бар деді Ай мен Күндей жалғыз қызы.
Сауғаға соны аламын деді қалап,
Жөн деді бітірсеңіз, осы талап.
Есенбек – қарапайым момын жігіт,
Сол екен әуел баста алған таңдап».
Шақыртып Есенбекті хан Қылышбай,
«Бер деді алған олжаң сен тырыспай.
Сұлуды қалап отыр хан інісі,
Қайтармау төре қолын жөн, ұрыспай».
Мұңайып кетті шығып, ілби басып,
Есенбек көзі жасаурап, көңіл жасып.
Жанқожа білді дағы істің жайын,
Ашуға мінді шындап түсі қашып.
Жетіп кеп хан алдына көзі жайнап:
«Жөн емес, қылған ісің деді қайнап,
Деген бар: «Тура биде туған болмас»,
Жүруші ең әділмін деп күнде сайрап».
Хан айтты: «кіріспеске кірме бала,
Сен кімсің, біл шамаңды, көзге қара.
Хан сөзі екі болмас орындалар,
Болса да асқан батыр жеке дара».
Жанқожа Бәйгекөкке алды мініп,
Тыңдамас сөз шамасын, ұқпас біліп,
Ұрандап атой салып топты жарып,
Қақ басқа айбалтамен кетті періп.
Құйғытып Бәйгекөкпен кетті ұзап,
Қылышбай қан сорғалап жатыр сұлап.
Қалың қол ошарылып тұрып қалды,
Мең-зең боп аңтарылып қаздай шулап.
Қууға бата алмады ешбір пенде.
Қатардан артық туған асыл ерге.
«Болды деп Қылышбай хан жарақатты»,
Хабаршы кетті шұғыл арттағы елге.
Қос атқа керегені жайып байлап,
Жатқызып Қылышбайды жүрді жайлап.
Жарты айдың шамасында елге жетіп.
Қауышты қалың қолмен ауыл аймақ.
Кеп жатыр көңіл сұрап туыс-жаран,
Қалай деп жарақатын халің – шамаң.
Бір күні бәйбішесі кіріп келіп,
Нұрымбет келді деді батыр ағаң.
Қозғалып Қылышбай хан: «Сүйе деді,
Жай жүрмес батыр ағам, сірә тегі.
Еменнің иір біткен бұтағындай,
Пендеге кеткен емес есе – кегі»
Нұрымбет сәлем беріп келді кіріп,
Жарқылдап екі көзі қаһар тігіп,
«Шаламын көз алдымда мен баламды,
Жүруге тиіс емес өмір сүріп»
Алыпты Жанқожаны шаңдып байлап,
Қолыңда алмас қылыш тұрды қайрап.
«Ағаға қол көтерген күнәң үшін,
Жат деді осы жерде енді жайрап».
«Тоқта – деп Қылышбай хан көтерді қол,
Кінәлі өзім деді осы бір жол.
Байқамай аттаймын деп әділдіктен,
Жатырмын тартып азап ақиқат сол.
Жанқожа қорған болар қалың елге,
Келешек осы деді жерге еге.
Бүгінгі айбалтасы маған тиген,
Дұшпанға сілтенеді ажал себе.
Жап – деді Жанқожаға қамқа тонды,
Ат – шапан айыбыма бердім жолды.
Еліме еге болар асыл ұлды,
Сақтаңдар, айтар өсиет менің сол-ды».
Қидырып Жанқожаның бұғау – жібін,
Жаптырып асыл тонның қымбат бірін.
Құшақтап батыр ұлды алды сүйіп,
Ақтарып ел алдында ішкі сырын.
Жекпе-жек
Арада өтті жылжып екі көктем,
Маужырап кең даламда шуақ төккен.
Тебіндеп қара мұрты Жанқожаның,
Бұл кезде он сегізге жасы жеткен.
Толықсып бойға симай бұла күші,
Қаһарлы қалың қабақ, суық түсі.
Астында жан серігі – Бәйгекөгі,
Жібермес желдей есіп ұшқан құсты.
Тарады тосын хабар бір күн елге,
Бейне бір жай түскендей көктен жерге.
Жақайым Жылқайдардай асыл биді,
Салды деп Тықы батыр улап көрге.
Ашынды барша қазақ буып кегі,
Жиылды қалың әскер суыт легі.
Сары дала буырқанды, бейне теңіз,
Толқындай дауыл күнгі болмай шегі.
Өтеген- Нұрымбет пен Дабыл батыр,
Қол бастап Хиуаға тікті шатыр.
Жіберді хабаршыны келер күні:
«Келдік, - деп, соғысамыз қалма қапыл».
Қызарып күн сәулесі шыққан мезет,
Бетпе-бет келді ерлер қатар түзеп,
Әдеті батырлардың ұрыс ашар,
Әуелі жекпе-жекке беріп кезек.
Астында ақбоз аты, Тықы батыр,
Ежелден аты мәлім зұлым-кәпір.
Жарқылдап қайқы қылыш көкке білеп,
Ойқастап шықты ортаға бура балтыр.
Ұмтылды Дабыл батыр алып бәте.
Әлімде бұл да туған асқақ жеке.
Найзамен өндіршектен ұрған мезет,
Сүрініп құлады аты болып кәте.
Тым-тырыс Шекті қолы қалды үнсіз,
«Болды деп осы сапар, ауыр, қырсыз».
Сол мезет «Бақтыбайлап» атой салып,
Жанқожа шықты алға бейне жұлдыз.
Өкіріп Тықы батыр қарсы шапты.
Қолында қайқы қылыш екпін қатты.
Арайлы жаңа шыққан күн астында,
Көрінді үйдей болып ақ боз атты,
Сығымдап айбалтаны күміс салты.
Сыйынып Киікбайға сынап бақты.
Жанқожа балтаменен шапқан мезет,
Дұшпаны бассыз қалып жерде жатты.
Үстем боп жас батырдың әруағы,
Шектілер ұрандасып жадырады.
Көргенде Тықы батыр мерт болғанын,
Қалың жау сең соққандай сабылады.
Қарсылық жасай алмай өңшең ерге,
Тірілей қолға түсті болып пенде.
Сауғалап шыбын жанын, қасық қанын,
Жалынып дұшпан түсті қара терге.
Жақайым Жылқайдардай әділ бидің,
Кетпеді асыл қаны құнсыз текке.
Атанды Жанқожа жас – көзсіз батыр,
Ерлігі елге тарап, аңыз-нақыл.
Сүйсінді қазағымның кең даласы,
Шықты деп ел қорғаны, қайтпас батыл.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |