Шығармашылық өнердің ішінде шынайылық пен сұлулықтың ілкі бір үйлесіміндей өзгеше өрнекті поэзия әлемі бар. Иә, поэзияның өзгешелігі сол – адам баласына тән терең сезімнің нәзік пернесін тап басатын тылсым күшке ие. Сондықтан бұл өнер әлеміне енгенде жан дүниең астаң-кестең толқып, айрықша әсерге бөленесің... Қуанасың, күйінесің, сүйінесің...
Өмірдің өзіндей шынайы, салмақты да салиқалы жырларымен қазақ поэзиясында сүбелі қолтаңбасы бар белгілі ақын, қоғамдағы маңызды әрі жауапты сала – журналистикада қырық жылға таяу абыройлы қызмет атқарған қарымды қаламгер, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" Қайырбек Асанов ағамыз биыл 75 жасқа толып отыр. Ағалықтан асып, абыз ақсақалдықтың асуына иек артқан ақынның осынау уақыт бедеріндегі өнегелі өмір жолына зер сала отырып, қазақ әдебиетінің қазынасына айналған шығармашылығы жайлы қалың оқырманды хабардар етуді жөн көрдік.
Қасиетті Сырдың талантты перзенті Қайырбек Асанов есімді ақынды жас күнімізден сырттай білеміз. Кешегі Асқар Кіребаев, Мәлік Аяпов сынды ақын ағаларымыз әңгімелерінің арасында Қайырбек ағаның есімін айтып, орайлы тұсы келгенде өлең шумақтарын оқып отыратын. Сондай-ақ, қазақ поэзиясына өзіндік өрнегімен келген Күләш Ахметова апайымыздың да шығармашылығы жанымызға жақын. Қыз баласына тән биязы да көркем болмысты ақынның өлеңдері ізгіліктің шуағын шашып, өзіндік сырлы әлеміне тартып тұратын. Кейінірек бұл кісілердің өмірде де, өнерде де бірге екенін, бір шаңырақта ғұмыр кешіп жатқанын білгенде, тіпті таңданысымыз артып, құрметіміз еселене түсті. Неге дейсіз бе? Өйткені есімі ел аузында жүрген ақындар қарапайым отбасылық өмірде қандай жандар екен деген ой еріксіз қызықтыратын. Иә, бұл өз алдына бөлек әңгіме...
Қайырбек Асанов 1945 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Бұл елді мекен ол кезде "Қызыл орақ" ауылы деп аталатын. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы белгілі. Сол бір сүреңсіз уақыт жас баланың да жанын сыздатып, санасына салмақ артып кеткені рас.
Әкесі құқық қорғау саласында қызмет етті. Қазіргі сөзбен айтсақ, жергілікті полиция бөлімінің басшысы болатын. Темірдей тәртіпті ұстанатын адам еді. Қайырбек ағамыздың мына бір сөзі осыған дәлел: "...Бастауыш сыныпта оқитын кезіміз. Таңертең ұйқыдан тұра сала сабаққа жиналамыз. Анамыз біз оянғанша дүкенге барып, нанның кезегіне тұрады. Кейде нан әкеледі, кейде болмай қалады. Бірақ сонда да бізді сабақтан қалдырған емес. Қандай жағдай болса да оқуымызды, тәртібімізді қатаң қадағалап отыратын."
1953-1964 жылдары орта мектепті бітіріп, одан соң әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған Қайырбек Асанов Тереңөзек ауданындағы мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Қызығы мол өнердің ортасы жас жігітті де өз арнасына үйіріп әкетті. Әсіресе, Алматы жақтан келетін атақты ақын-жазушылармен кездесулерге барынша ықыласты болатын. Өлең-жыр ағылған осындай кештерден өзгеше әсер алып, шабыттанушы еді. Сонан соң өзі де қолына қалам алатын.
Жалынды менің жастығым,
Асаудай екен бас білмес.
Көңілді кейде басты мұң,
Есігін жырдың аштым кеш.
Өкінбен бірақ өткенге,
Алдымда әлі бар таңым.
Келетін биыл көктемге
Тағы да үміт артамын, – деп тебіренген жыр жолдары осындай шабытты шақта туған дүние болса керек.
Жастарды соңына ерте алатын талантымен, табанды мінезімен көптің көзіне түскен Қайырбек Асанов көп ұзамай "Қараөзек" совхозы комсомол комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл жауапкершілікті де талап деңгейіне сай атқарып, өмір мектебінің алғашқы сатыларынан сүрінбей өткен ол, осыдан соң қай қызметтің тізгінін ұстаса да өзіндік қарым-қабілетін таныта білді.
Бала кезінен әдебиетке құштар Қайырбек ағамыз 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, соңғы курсында оқып жүріп-ақ "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетіне жұмысқа орналасады. Болашақ журналист осы газетте бөлім меңгерушілігіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек етті. Олай болмағанда ше...
Атақты Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов, Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Бейсенбай Кенжебаев, Мырзатай Жолдасбеков, Жанпейіс Қарақұсов, Абдулхамид Мархабаев сынды ұлылықтың үлгісіндей ұстаздардан тәлім алды. Одан бөлек, туған жерінің тау тұлғалары Мұхтар Сақтапов, Сейфолла Оспанов, Балашбек Шағыров сияқты ақындардың ақыл-кеңесін алып, олардың өнер жолындағы өр болмысын өнеге тұтты. Ал Қомшабай Сүйеніш, Әскербек Рахымбекұлы, Асқар Кіребайұлы сынды замандастарымен өлең өлкесіндегі ой-пайымдары үнемі үйлесіп жататын. Талай-талай кештерде таласа жыр оқитын...
Жағасына келіп жан сырын талай ақтарған "Сырдариясын", сырлас достарын сағынған сәтте ақын былайша толғанады:
Талай ғасыр шежіресінен сыр құрап,
Сұлу Сырым ағып жатыр сылдырап.
Өткенге де өкпесі жоқ сияқты,
Тамыр жайып жағасынан мың құрақ.
Келген сайын ауылыма сағынып,
Күтер достар жаны қалмай жабылып.
Асығамын бір шомылып қайтуға,
Қалатындай бар күнәмнан арылып.
Өлеңнің соңғы екі жолын оқығанда, жалпы адамзат баласын кіндік қаны тамған туған топырағына жіпсіз байлап тұратын құдырет-күшке еріксіз таң қаласың...
Қаламы қалыптасып, есімі елге танылған Қайырбек Асанов «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып он төрт жылдай қызмет атқарды. Осы жылдарда ол әдеби өмірге белсене араласты. Мерзімді басылымдарда поэзиялық шығармалары мен қоғамдағы күрмеулі мәселелерді арқау еткен көлемді мақалалары жиі жарық көретін. Сол 1984 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінің 50 жылдығына орай Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталуы да – осы еңбегінің өтеуі болса керек. Бауырлас түрік елімен арадағы ынтымақ пен бірліктің айғағындай "Заман-Қазақстан" газетінде де Қайырбек Асановтың өзіндік қолтаңбасы қалды. Бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқара жүріп, іргелі басылымның беделін көтеруге, екі ел арасындағы достықты нығайтуға барынша үлесін қосты. Бұдан кейін ол Қазақстан Жазушылар одағындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияның бөлім меңгерушісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің салалық "Отан" атты саяси-қоғамдық журналының Бас редакторы қызметтерін атқарды.
Ақын ағамыз айтқандай, газет жұмысындағы күнделікті қарбалас тірлік, мезгіл мәселесін қамтып, мерзімді ақпарат әзірлеу жұмыстары ақынның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік бере бермейтін. Әйтсе де түн тыныштығын пайдаланып, ойға келген көркем дүниелерді кестелеп, қағаз бетіне түсіретін.
– Ақындық – Алланың берген аманаты. Сондықтан аманаттың алдында адалдық пен ар-ождан жауапкершілін сезіне білуі керек, – дейді Қайырбек аға.
–"Жас кезіміз, Асқар, Келдібай бар, ақындыққа бет бұрған жастар жиі бас қосатынбыз. Сол кезеңдерде Жұбан Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Қасым Аманжолов сынды қазақтың әйгілі ақындарының өлеңдерін жарыса жатқа оқушы едік. Соның ішінде Қасым ақынның дауылпаз жырлары жаныма ерекше жақын болды,– дейді. Осы тұста Қайырбек аға:
Дүниеге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағы қату түксиген, – деп келетін Қасым ақынның "Советтік менің өз елім" атты өлеңінінен үзінді оқып жіберді.
– Сол заманның шүбәсіз шындығы еді – бұл. Санамызды селт еткізіп, ертерек есейткен осы шумақтар әлі күнге дейін ойымда сақталып қалған, –дейді ақын.
Ақынның әкесі Зәйтен елге сыйлы, ағайынға қадірлі адам болды. Ал анасы қарапайым отбасынан шыққан, төрт-бес кластық ғана білімі бар болатын. Сабырлы, байсалды адам еді. Өмірге әкелген сегіз баласын мәпелеп жеткізіп, қатарға қосты. Ағайынды алты ұл, екі қыз өмірден өз жолдарын тапты. Ер балалар әке тәрбиесімен, ал қыздары ана ақылымен бой түзеді. Ата- анасы оларды ерте жастан еңбекке баулыды. Бұғанасы қатып, бойын тіктегелі шаруашылық жұмыстарға белсене араласты. Алғашқыда ауыл арасындағы ұсақ-түйек тірлікке қолғабыс ете жүріп, кейіннен елге еңбек етудің зор жауапкершілік екенін сезінді. Адал қызмет етіп, ар тазалығын жан тазалығын биік ұстауға бек түйінді.
Жалпы өмірде адам баласы мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеу керек дейтін ұғым бар емес пе? Осы тұрғыдан келгенде, Қайырбек ағамыздың бағы басым екенін бағамдаймыз. Иә, мамандық таңдауда мүлт кетпегені белгілі, әсіресе шығармашылық әлемінде жан дүниесі үндес ақынды жар етуі ғажап емес пе?! Бұл сірә, мыңнан бір мәрте кездесетін мүмкіндік болса керек. Иә, жарты ғасыр бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп келген қос ақын сонау бір жылдары, ҚазМУ-дің қабырғасында жүргенде сырткөз сүйсіне қарайтын қос ғашық болатын.
"Махаббатсыз дүние бос" дейді ғой ұлы Абай. Бойында жастықтың жалыны бар, ақындықтың "шалығы" бар Қайырбек ағамызды ең алғаш елең еткізген Күләш арудың мөп-мөлдір сезім тұнған моншақтай жырлары еді. Ал ақын қыздың өзі де тал бойында бір мін жоқ, білектей бұрымы тірсегін соққан сұлудың бірі болатын. Байсалды, биязы мінезінен бөлектеу тәрбиесі танылып тұратын еді.
Алматының әсем қоңыр кештерінде арманындағы аруға ынтызар көңілін білдірген Қайырбек ақын:
Тауға да бардым сені іздеп,
Бауға да бардым сені іздеп,
Толғанып жатты теңіз көк
Толқыны тулап сені іздеп.
Кездескен барлық гүлдерден,
Қараңғы қапас түндерден,
Сені іздеу үшін мұң берген,
Айналдым ғажап күндерден,– деп шарқ ұрған сезімін шалқыта төгіп салады. Кешегі ғашық ару, бүгінгі асыл жары – Күләш ақынға арнап қаншама жырлар жазылды десеңізші?.. Айта кетейік, Қайырбек Асановтың өткен жылы жарық көрген "Нұрлы дүние" жыр жинағының екінші бөлімі түгел махаббат жырлары. Оның кейіпкерін әлбетте біліп отырмыз...
ҚазМУ-дің қалашығында аңыз болған қос ғашық екінші курста жүргенде бас қосып, шаңырақ көтерді. Ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп қатарға қосты. Осы күнге дейін өмірде, өнерде бірге келе жатқан қос ақын қоғамдағы сан алуан тақырыптарды өз шығармаларына арқау етті. Адами құндылықты, асқақ сезім – адал махаббаты жырлап келеді. Мысалы:
Елім үшін қымбат әрбір ісім де,
Жұмсалады бойдағы бар күшім де.
Жауаптымын бүкіл әлем алдында,
Дүниенің тыныштығы үшін де.
Адалдығым айдай анық ғаламға,
Ардақ тұтам әділетті санамда.
Ақ ниеті сезілсе егер әрдайым
Жердің беті жетеді ғой адамға! Осылайша толғанған терең ойлы жыр жолдары ақынның жан дүниесінің жылылығын, адамгершілік, азаматтық болмысының биіктігін айқындай түседі. Оқырманды да ойландырады.
Ал енді ақынның аяулы жары Күләш апамыздың мына бір жыр шумағын оқып көрейікші...
Қай мезгілдің, қай әлемнің, қай елдің,
қараңдаршы жүріп өткен жолына:
Азаматқа серік болған әйелдің,
Дүниеге көрік болған әйелдің,
Толғақ қысып, бала туған әйелдің,
Бейнет үшін жаратылған әйелдің,
Оған қоса қалам ұстап қолына,
Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе?! Иә, әйелдің, оның ішінде қолына қасиетті қалам ұстаған қазақ әйелінің болмыс-бітімін, мұң-мехнатын осыдан артық жеткізу мүмкін бе?! Ақын Күләш Ахметова бүгінде Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және Мемлекеттік сыйлығының иегері, бірнеше жыр жинақтарының авторы. Жасампаз жырларымен қалың оқырманның құрметіне бөленген жан.
Жарты ғасырлық шежіресі бар отбасылық өмірде қосылған қос өзендей ғибратты тағдырымен көпке үлгі қос ақынның мәңгілік мұраты бір арнада тоғысты. Ол – парасат- пайымы бөлек поэзия арнасы.
Сыр-сұхбатымыздың соңына таяу ақын ағамызға былайша сұрақ қойған едік: "Сіз бүгінде адами өмірде де, ақындықта да ағалықтан асып, ақсақалдық жасқа бет алдыңыз. Осы биіктен қарағанда, сіздің ойыңызша бүгінгі заманның, қоғамның басты тақырыбы не? Осы жөнінде ой бөліссеңіз"...
– Біз осы тұрғанда өркениетті дәуірге, яғни жаһанға ортақ талаптар шеңберінде өмір сүруге бет алдық. Бұған қарсылығым жоқ. Дегенмен, осы тұста сан ғасырдан бері сабағы үзілмей келген ұлттық ұстынымызды жоғалтып алмасақ екен. Тарихымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүр, тәлім-тәрбиеміз қандай керемет?! Небір алмағайып заман өтсе де бүгінге дейін қаз-қалпында сақталып келген құндылықтарымызды сол ата-баба жолымен ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білсек деймін.
Орта ғасырда өмір сүрген әйгілі ғұлама Ибн Сина: "Адам – он сегіз мың ғаламның ең озық жаратылысы" деген екен. Шын мәнісінде, жер шарында болып жатқан қарама-қайшылықтардың барлығы адамның қолымен жасалып жатыр. Егер адамзат баласы осынау жарық дүниенің жалт еткен жарқын сәттерін бағалай біліп, жайлы да жарқын өмір сүруге, ізгілікке, адалдыққа ұмтылар болса, жан дүниеміз жасанып, аспан асты, жер беті жайнап тұрар еді. Табиғаттың да тепе-теңдігі бұзылмас еді, бәлкім... Бірақ өкінішке орай олай болуы мүмкін емес. Жамандық пен жақсылық қатар жүреді. Бұл да өмірдің заңдылығы. Десек те "жүректің түбіне кір жасырмай", жақсылықтың жолында жүрсек деймін. Бүгінімізден гөрі келешек ұрпақтың жайын көбірек ойласақ болар еді...
Иә, ақын жүрегі осылай деп дабыл қағады. Атамыз қазақ айтқандай, қамшының сабындай ғана жалғаншы өмірдің қадірін білсек деп қамығады. "Менің болмысым" атты өлеңіндегі мына жыр жолдары да осының дәлелі емес пе?..
Жан емеспін бұра тартқан шындықтан,
Арым таза,
Жаным адал,
Нәзік тым.
Мен бір жанмын нұрлы әлемге ынтыққан,
Ұлан-ғайыр,
Кең даладай жазықпын.
Болса дағы өз мекенім, ғаламым,
Қатты басып, жаралауға қимаймын.
Мынау жатқан абат, сұлу даланың
Кең төсіне шабыттансам сыймаймын.
Өзінің айтуынша, Қайырбек аға қайсыбір істе де асықпайтын адам. Өлең жазғанда да өзіне тән сабырлы мінезіне салып, әрбір сөзінің ойлы да орнықты болуына ерекше мән береді. Содан болар, ақ жүрегінен ақтарылған ақын туындылары оқырманның да жан дүниесіне қапысыз жол тауып жатады.
Ақын бүгінде "Тұңғыш", "Сүйемін сені", "Ғашық ғұмыр", "Сен жанымда жүрсең", "Ағайынға ақ тілек", "Күннің нұры қуатым", "Махаббат", "Адалдық – асыл мұратым", "Күзгі шуақ", "Нұрлы дүние" атты жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда жазушы Шерхан Мұртаза, ақын Кәкімбек Салықов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітов, ақын Сейфолла Оспанов, сыншы Сайлаубек Жұмабеков, тағы басқа ақын-жазушылар пікірлерін білдірген.
Иә, осынау аз-кем сұхбат барысында ақынның туған жерге, Сырдың жайсаң жұртына деген ерекше жүрек толқынысын аңғардық. Ақын өзі жырлағандай, Сыр – өзеннің жағасынан тамыр жайған мың құрақтың біріндей жайқалып, одан әрі өркен жайып барады. Өмірдің өрінде, өнердің төрінде қатар жүзген қос ақынның ғибратты жолы ұрпаққа үлгі!
Ғазиза ӘБІЛДА