Ғұлы-ғұлық жайлы хикая (қаз-қалпында)

...Ойын баласы не істемейді?! "Ішегін сүйретіп" ойнағанның соңы біз шығар. Күн тас төбеден шақырайып тұрса-дағы, ғұлы-ғұлық іздеп, мен келемін. 
Әрі үлкен, семізін ұстау керек болып тұр. Ғұлы-ғұлық құмды жерлерде жатады. Ұйық қып, ұясын шұңқырлай жасап, өткен-кеткен майда жәндіктерді аңдиды. Сол "окопта" жатқан жәндіктің өзін ұстап ап, ыстық құмға әбден піскен қара табанға жағып, өзімді анау бұлдырай көрінген Үйрекмолаға дейін жүгіріп сынамақпын. Ғұлық-ғұлықтың сондай адамға берер қасиеті бар. Мұны бірге ойнайтын Бақшабай  айтқан. Оған ағасы айтыпты. Қойшы, мұның тарихы тым әріде. Оның айтуынша, ғұлық-ғұлықты жалаң аяққа жағу керек. Сонда біразын басып озбақсың. Сенен асқан желаяқ жоқ бұл Жаңақұрылыста.
Ақшабай төбенің асты шеге құм еді. Азанда кеткен сиырдың сүрлеуімен келемін. Бұзауын қимай, артына бұрыла мөңіреп, бұл ауылдың мүйізділері де осы маңнан өреді. "Жігітшілікпен" аласұрып жүрген тай өгіздер болмаса, ыстық қайтқанша олар да осы Ақшабайда жатып алады. Үлкендер Үш айдынға қарай зорлықпен айдап тастамаса, салқынмен жайылғанды сиыр шіркін жақсы көретін. Күн қызуы қайтысымен, талтая тұрып, кесек-кесек өз "өнімін" ауыл маңына тастаған соң, тіркескен күйі сиыр біткен ауылдан ұзай береді. Ал түс ауа, ыстық басылғанын күткен бір топ бала қаптарын арқалап осы төңіректен тезек тереді. Еех, тезекке піскен таба нан. Қалың шоқтың астынан шығысымен салқын сарайдағы күбіден алған сары майды келістіріп жағып алсаң. Оған жер құдықта байлаулы жатқан мұздай айранды алдыртса ше.  Айтпақшы, айран неге құдықта жатады?! Салқындатқан түрі ғой шешемнің. Біздің ауылда екінің бірінде тоңазытқыш болмайтын. Сосын. Сосын, әкей ішетін сапар кесеге толтыра құйып, май жаққан ыстық нанмен қарбыта жеп соғып алсаң. Елестей бастады осының бәрі. Қарным ашыпты-ау менің. Үйдегілердің менімен мүлде шаруасы жоқ екен-ау, әә?! Аштығым енді сезілді, әрі үйдегілерге өкпе бар, жабырқай бастадым. Бірақ, әуелі ғұлы-ғұлықты табуым керек еді.
Үлкен ғұлы-ғұлық ұстау үшін, ол жататын үлкен шұңқырды табуың шарт. Менің түсінігімде солай. Міне, біреуі кездесті. Қуанғаным-ай! Көрші, серейген Олжасты жолда қалдыратынымды бір сәт елестетіп алдым. Енді маған қара құмырсқа  керек. Ал, кеп ізде.
Құйрығын қақита түйе құмырса кетіп барады. Бұл ғұлы-ғұлықтың "үйін" быт-шығаратыны анық. Тым үлкен. Ебедейсіз. Жарамайды. Есекқұрт ше?! Баяу жылжып, өзі күнін әзер көріп жүрген бұған тиіспедім. Әудем жерде қара қоңыз жылжиды. Қара құмырсқа жоқ. Қап, әкең...
Жарты сағаттан соң илеуге тап келдім. Шақшиған күн, жалын бет қарпитын ыстықты бұлар да сезе ме, әлде түскі үзілістері ме, кім білсін, құмырсқа біткен мүлде көрінбейді. Жоқ, әне, біреуі келеді. Зыр етіп, кілт тоқтап, тағы зыр ете қалады. Төбесінен төнген күйі, аңдып сәл отырдым. Кішкентай алақанмен ыңғайлы сәтте үстінен баса салмақпын. Оуп! Қолға түстің бе, бәле басқыр!
Қара құмырсқаны алақанға абайлай қысқан күйі ғұлы-ғұлыққа қарай жүгірдім. Кетерімде жанына сиырдың екі-үш үлкен жапасын белгі етіп, қойып кеткенмін. Тез тауып алдым. Өз ақылыма өзім сүйсінгенім-ай.
Құмырсқаны ғұлы-ғұлықтың шұңқырына салып кеп жібердім. Қазір басталады майдан. Көз айырмай тұрмын. Батырға да жан керек, кең далада жүйткіген байғұс құмырсқа қайда тап болғанын енді сезгендей. Шұңқырдан шығам деп әлек. Қайдағы, жоғары өрлеген сайын, сусылдаған құм төмен сырғытып әкетеді. Кенет, шұңқыр түбінен әлдене секең ете қалды. Құмырсқа өзіне тықыр таянғанын анық сезді. Жанталасты бұл жолы. Шұңқыр түбіндегі құбыжық та басын секеңдете шығарып, әлгі құмырсқаны мүрдем кетіруге асық. Жан беру оңай ма?! Қара құмырсқа тырбаңдай, шыр айналады құмды шұңқырда. Менің кезегім келді, ендеше. Ғұлы-ғұлықтың кішкентай басы тағы бір көрініп, құмырсқаға ұмтыла бергенде, қолыммен қарбытып, құмды шұңқырды уыстай қысып алдым. Хе-хе-хе. Өз-өзіме риза кейіппен, тақыр жерде әлгі уыстағы құмды төге бергенмін. Кішкентай құм арасын жайғанымда әуелі жанұшыра құмырсқам атып шықты. Безіп барады ей. Бара берсін, ол өз миссиясын тәуір атқарып шықты. Шықпаған жаным олжа деген шығар өзі де. Құмды тағы аударыстырғанда тырбаңдап ғұлы-ғұлық көрінді. Ыржалақтай күле бердім. Күлмей ше?! Жақсы жүгіруге бірден-бір қажеті - осы ғұлы-ғұлық емес пе?! Басынан қарны үлкен осы жәндікті қысқан күйі табанға баттастыра жаға салдым. Тұп-тура Бақшабай досым айтқандай. Ал, енді кез келген уақытта құйындап, жүйтки бер, Ежок! Бірақ, бұлдырай көрінген Үйрекмолаға қарай жүгіргім келмей қалды менің. Білмеймін,  ғұлы-ғұлық жаққан табаныма өте қатты сенімді болсам керек. Ауылға қарай ысқыра әндетіп қайттым. Қарнымның ашқаны да басылған сияқты ма, қалай?!
P.S. Бұл ойын баласы кездегі өзімше қатысқан "операция" еді ғой. Ғұлы-ғұлық жайында қала түгілі, қазіргі ауыл балалары да білмеуі мүмкін. Ғұлы-ғұлық деп неге атады екен?! Сол кезгі аңқау, таза ауыл баласындағы нағыз қияли кездер кімнің есінде?!
Ержан ҚОЖАС
ӘДЕБИЕТ 16 сәуір 2020 г. 3 123 0