« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Әлқисса, бүкіл жұмыс онлайн режиміне көшіп, компьютердің алдында таңылып отырғанымда біреу қайта-қайта байланысқа шықты. Сөйтсем, скайп арқылы қоңыраулатып отырған Әнсатбай көкем екен. Менің оқырмандарыма Әнсатбай көкем есімі газеттерде жарияланған, жеке кітап болып басылып шыққан хиқаялардан таныс болғандықтан оның кім екенін қайталап айтып ауыз ауыртпай, бірден әңгімеге көшелік.
- Әу, бала, қалайсың? Карантиннің қызығын көріп жатсың ба?
- Жөн, жөн...Біз де тастай аманбыз. Бүгін бір қызық іс көрдім, сол ішіме сыймай саған айтсам ба деп едім, уақытың бар ма?
- Әнсеке-ау, тәуір әңгіме болса неге тыңдамасқа.
- Ал, онда тыңда. Күнде бәйбішеден тығылып ІДААШ жасаймын ғой, «Бой жазып, жүгіріп келейін», - деп дарияға қарай тартып тұрамын да, бұтаны қалқалап ІДААШ жасап аламын.
- Әнсеке! Ана бір сөзді түсінбей... ІДААШ деген немене?
- Туу, әңгімені бөліп... Өзіңде бір... сендерді де оқыған, ғылым қуған дейді-ау... ІДААШ деген – Індеттің, дерттің алдын алу шаралары – деген сөз емес пе. Қандай приятный сөз, қайдағы бір МӘМС, СӘМС деген сөз емес бұл. Звучит емес пе, ә !?
- Әрине... Енді... Сонда ол қандай шара?
- Ау, осы сендер ойланбайсыңдар ма? Кейінгілер не болып кеткен өзі? Ау, көкең мына бір індеттің хабары шығысымен қам жасап, пенсия келгенде он бөтелке арақты үйдегілерден жасырып, қораға тығып қойды емес пе. Жүгіруді сылтау қылып шығамын да бөтелкені қойынға тыға кетемін, күніне жүз грамнан, бір бөткелке бес күндік норма...И, все...ІДААШ деген осы.
- Е...солай деңіз...Содан?
- Содан бүгін де зымырап жортып келдім де, күнде тығылып, қалқалап отыратын бұтамның ішіне кірсем... Астапыралла, дария жағасында екі қалқиған отыр. Ау, тышқан жорғаламай қалған заманда мына екеуі неғып отыр деп қоямын ішімнен. Шынында да, бала, байқайсың ба, бұл тышқан дегендерің нағыз көріпкел ме деймін, осы бір әңгіме шығардан бір апта бұрын зым-қайым жоқ болды да кетті, содан бері біздің ит тілі салақтап, ашқұрсақ жүр, сорлы, қайтсін енді.
Хо-ош, сонымен, не болса да дерегін білейін, – деп баспалап жақындадым, арамыз бір-ақ метр, бірақ олардың мені сезетін түрі жоқ. Дарияға қармақ салып қойып, әңгімені соғып отыр. Таныдым, біздің разъездің арғы басында тұратын Сакош пен Макош. Орталарына газет жайып, үш-төрт құрт қойыпты, зәкөскелері ғой, бір бөтелке құлап жерде жатыр, екіншісі ашылған. Бұларды елуге таяп қалды, немере сүйіп отыр деп кім айтар, тірліктері осы, қылуалары жаман.
-Әй, Макош – дейді Сакош, - тыңдап отсың ба... Сенің бар ғой... Басың бас емес – дом советов қой. Қалай мына шаруа ойыңа келді, ә? Шынында да рыбинспекторың, леснигің, учаскобойың барлығы бізді үйлерінде карантинде отыр деп ойлап, өздері де үйлерінде жатқан шығар. Мынау деген нағыз кәмунизм ғой, тірі пенде жоқ, тіпті ұйықтап алса қайтер екен осы жерге.
- Сакош, оны айтпа, тал түсте байқатпай үйге зып берейік ешкімге көрінбей. Мына бөтелкені әурелеп отырғанда бір сағат зу ете қалмай ма.
- Сенікі дұрыс. Ал, әңгімеңді айта отыр, Қазалыға қалай барып келдің, жолдың бәрі жабық деп еді ғой.
- Өй, ол ноу проблем ғой. Қызылорданы да, басқаларын да айналып өтетін жол толып жатқан жоқ па. Мына жақтан күре жолға шықсам, екі джип келіп тоқтады. Іші толған адам. Біреуі келіп менен постыларға соқпай Аралға қалай баруға болатынын сұрады. Со-нау Талдықорғаннан құдағайларының жылдық асына келеді екен. Мен «Жолды білемін, Қазалыға дейін апарып салайын, бірақ ақысы...», - дедім. Болса да солай барайын деп тұрмын ғой, бірақ оны аналарға айтам ба, «Бұйырған несібе шығар»- деп қоямын ішімнен. Олар елу мың беретін болды.
- Берді... ме? Елу-у мың ба?
- Әрине. Берді. Елу мың. Мен «Уазбен» алдарына түстім де, Құмкөлге баратын жолға арғы жақтан айналып келіп қосылып, Қармақшының тұсынан өте Қазалыға тура салдым. Талай жүрген жер ғой, Қазалының бергі шетіндегі қорымның тұсынан ашық переъезден арғы бетке зу ете қалдым да, оларды Бекбауылға баратын жолға салдым да жібердім. Олар да риза, мен де риза, адам өткен жоқ, - деп постыдағылар да риза. Бастықтар мәз болып отыр, тас жолды бекіттік деп, сонда олардың дала толы жол екеніне бастары жетпегені ме. Кейде, просто, таң қаласың...
- Мәке, жұрттың бәрі сен дейсің бе... Айта бер...
- Менің барғаным құданың юбилейі еді ғой. Өй, бір өкірттік ішкенде де. Ал, сол жақта карантин деп жүрген бір адам көрмедім, біздің жақтағылар-ау деймін қарасынан қорқып, дірілдеп жүрген. Қатын да тапсырып жіберген «Қасқа-ау, ішіп-ішіп қайтып келме, балаларға бірдеңе ала кел», - деп. Оңашада тойға дейін ішем дегендеріне машина дайын, құятын мен ғой, әр бөтелкенің түбінде жүз грамды обизателні қалдырып отырамын. Бауырсақ деген жоқпын, ет деген жоқпын, әкеп машинаға тыға бердім, тыға бердім. Әйтпегенде ше, үш күн бұрын қатын Тереңөзектегі жақын нағашыларының қазасына барып келіп еді, екі қап прәдөкті әкелді, ішінде құрт та бар, май да бар, алма да бар, әйтеуір толып жатыр, балалар бір мәз болды.
- Ау, сонда молдаларға карантин действит етпейтін болғаны ма?
- Молданың да тамағы тесік емес пе, үкіметке білдірмей істей беріңдер депті.
- Содан...?
- Мен де машинаға біраз дүние салдым ғой. Ана өзің білетін кең қалтасы бар көк шалбарды киіп кеткенмін ғой әдейі, ресторанда столға әкелген арақ пен виноны қалтаға зып еткізем, сосын «Темекі тартып келейін» - деп далаға шығамын, есік алдында көк «Уаз» тұр. Ар жағы белгілі емес пе, бірақ үш рет шығып келгесін бір құдағи: «Құда! Темекіні көп тартады екенсіз» - демесі бар ма. Ішім қып ете қалды, бірақ сездірген жоқпын, «Привичка ғой» - деп зың еткіздім.
- Ойбай, Макош тарт! Қармағың қапты!
Екеуінің әңгімесі шорт үзілді, шалт қимылға көшті. Тартты...Сәбәкілер дәу шортан түскендей құнжыңдап еді, ілінгені кішкентай шабақ екен... Әлгіні екеуі қолдарына алып қарай бастап еді, бір дауыс шықты. Алла-ау, бұл не ғажап деймін, «Тағы біреу бар ма деп жан-жағыма қараймын, бізден өзге жан жоқ. Сөйтсем... Сұбхан Алла-ай, көрмегеніміз әлі көп екен ғой. Иә, құдыреті күшті жаратқан-ай, сөйлеп жатқан әлгі балық екен...
- Не дейді? Балық...?! Әнсеке, мынауыңыз енді...
- Мынау-сынауыңды білмеймін. ОллаҺи, балық сөйлеп тұр. Біз білмейтін тылсым көп екенін ішім сезетін баяғыдан. Әңгіменің қызығы енді келе жатыр, бұза бермей тыңдасайшы.
- Құп! Әнсеке, қойдым.
- Балықтың даусы дірілдеңкіреп, жіңішкелеу шығады екен, ішімнен «Сәрі, ұрғашы болар», - деп ойлап қойдым.
-Жыбырламай тыныш жүр, жағаға жақындама – деп сорлы шешем қанша айтып еді, тыңдадым ба мен. Біттім ғой енді. Ей, екеуің неге маған тесіле қарайсыңдар? Немене, балық көрмеп пе едіңдер? Үстерің бір түрлі сасып тұр ғой, өздерің тәжтұмау емессіңдер ме?
- Кет әй! Не айтып тұрсың? Сакош пен Макоштың даусы қабат шықты.
- Әйтпесе не істеп жүрсіңдер мұнда?
- Әй! Бізді тергейтін сен емессің жаман шабақ! – деді Сакош түксиіп.
- Жо-ға...Дені дұрыс адам карантин тәртібін сақтамай ма – дегенім ғой. Не еткен көкірек сендердікі. Әлде құдаймен телепондасып отырсыңдар ма?
- Өйбүй... мына жаман шабағыңда қара! Тілі удайын –ай, ә! Сакош осыны иттерге апарып берсек қайтеді.
Осы кезде әлгі шабақ түшкіріп салды. Біздің екі дәйіс селк ете қалды.
- Макош! Ойбай. Мынау түшкірді ғой. Короновирус емес пе екен?
- Біссімілла...біссімілла! Құдай бәлесінен сақтасын, бәсе-ау, бәсе, ақыл есі бүтін балық мына карантинде қармаққа түсе ме. Мынау сырқат шабақ болды. Дарияға лақтыра салайық, бәлесі өзімен кетсін.
Осы кезде, о, құданың құдыреті, әлгі шабақ сарнап қоя берсін:
- Көкелер, мені дарияға лақтырмаңдар. Мені әне жерге тастай салыңдар.
- О неге?
- Құдай сақтасын! Сендермен кездесіп қалдым ғой. Енді бүкіл Сырдария мен Арал теңізіндегі балық атаулыға індет жұқтыруға арым жетпейді. Өлсем – өзім ғана өлейін. Суға жібермей, ана жерге лақтыра салыңдар.
- Өйбүй... Мынау бір пәтриот шабақ екен. Ерегіскенде суға жіберем, ал не істейсің маған.
Осыны айтып Макош шабақты суға қарай лақтырамын дегенде ол ышқына шыңғырып, әлгінің қолынан шыға шоршып анадай жердегі тасқа барып соғылғаны, сөйтіп, күн көтерілмей-ақ әлгі шабақ о дүниелік болды. Сүдіндері кетіп қалған екеуі үйлеріне қарай тайды, мен де ІДААШ жасап алып үйге келдім. Содан әлгі көргенім ішіме сыймай, саған хабарласып отырғаным ғой.
- Дұрыс қой, Әнсеке! Бірақ шындықтан гөрі...
- Әй, бала! Менің ешқашан өтірік айтпайтынымды ел біледі, халық біледі. «Айтпаймын өлтірсең де өтірікті» деген сөзім тек ауыл емес, бүкіл саюздың жөрнәлис-жазушыларыңа белгілі. Мені бір өтірікті айтып-айтып алып, «шынын айтар болсақ, ашығын айтар болсақ» деп күлбілтелеп тұратын жан деп есітіп пе ең. Вот солай... Адамның нербісіне тиіп. Бітті ендеше, онлайн әңгіме осымен тәмам.
Елге тәлім бола ма деген ниетпен Әнсекеңнің онлайн әңгімесін қағазға түсірген
Алдажар ӘБІЛОВ
« Қазан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |