Армысың, абзал халқым –
жұбанышым,
Тірегім, арқа сүйер
қуат-күшім.
Қай жерде, қай биікте
жүрсем-дағы,
Өзіңмен бірге тілек,
қуанышым!
Нұрлы іске талап қылсам
күліп әр таң,
Бір Аллаға, өзіңе сенім артам!
Жалаулы жетістікке
жетіп жатсам,
Бапкерім, кейіпкерім –
сенің арқаң!
Шыңдалып от пен судан
қайнап шыққан,
Жаралған тегі сонау
асылзаттан.
Ел едік тұғыры мықты
тәлім алар,
Тәуелсіздікті ту етіп
келе жатқан!
Жат пиғыл пенделердің
ылаңы ма,
Әлде бұл Жаратқанның
сынағы ма?!
Тәуба! Тәуба!
Шығыстан бір шықты індет,
Зәр шашып әлем –
өмір шырағына!
Жапанда жалғыз ағаш
орман болмас,
Жалғыз тұлға ел болмаса
қорған болмас.
«Әр қазақ – бауырым» –
деп еңбек етсек,
Ол елдің өрісі кең,
арман болмас!
Жымысқы жәдігөйдің
қулығынан,
Адамзатқа жат,
теріс пиғылынан
Әлемді, қазағымды
сақта Құдай,
Аты өшкір «коронавирус»
сұмдығынан!
Жаратқан нұрын төккен
жерімізге,
«Мың өліп, мың тірілген»
елімізге.
Уа ағайын, бұл бәледен
құтылармыз,
Тек сабырлық,
бірлік керек бәрімізге!
Дүниенің нәсіп етпей
боқты жүгін,
Үлгі етіп ата-дәстүр
тектілігін.
Халқым барда сен де аман,
мен де аман,
Сақтайық елдің тыныш,
мықтылығын!
Мұрат СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Арал ауданының құрметті азаматы, күйші-композитор,
ақын-жырау.
Арал қаласы.