Ауылдағы әжелер

Әңгіме
Әлі есімде, біледі жұрт, біледі,
Ел басына қатер төнген жыл еді.
Қимастарын қан майданға ұзатып,
Қарсы айырылған аналардың жүрегі!

Сұрапыл соғыстың тынар түрі жоқ. Биыл үшінші жылдан асты. Елдегі еңсе көтерген азамат атаулы майданда. Қала берді, еңбек армиясы деген бар. Бір ғана біздің ауылдан отыз шақты адам мына Қарағанды, Донбасс шахтасында жүр. Елде өңшең кәрі-құртаң шал мен кемпір. «Бәлтік» маңайындағы қыстауда Қаржаубай, Көмірбай, Таңат, Тапал атты ақсақалдар бар. Ал, «Ортақшыл» мен Сталин, Молотов атындағы колхозда Әлшағыр, Қилыбай, Ысқақ, Жамһүр, Құнанқара аталарды көреміз. Көп әжелеріміз жастай жесір қалып, қиын сәттерді бастан өткізіп жатты. Колхоздың сан алуан шаруасында қайнаған еңбек. Жауды жеңеміз деген патриоттық сезім бойды билейді.
Әлі есімде, біздер ол кезде оннан асқан кезіміз. Мектептен келген бойда масақ теріп, кештетіп үйге ораламыз. Дорбамыздағы бидайдың масағын үгітіп, кесемен өлшеп, шешемізге өткіземіз. Бір дорбадан тоғыз кесе бидай шықса, қуанамыз. Әжелеріміз мәз. «Балаларымыз ер жетті, аузымызға нан салды» деп әлгі бидайдың бірер кесесін қуырып, қалғанын диірменге тартып, ыстық көжеге айналдырады. Үйде төрт-бес бала болса, ортамызда бір үлкен тостаған, жалғыз ағаш қасықпен кезектесіп бір қасықты жағалатып көжені жұтқан боламыз. Тәртіп бұзбаймыз. Біреуіміз көзді ала беріп, екі қасықты артық ұрттап қойса, төбелеске шығамыз. Әжелеріміз «Тәртіп бұзбаңдар!» деп төбелесті тоқтатып, ақыл айтады. Дереу сабаға түсеміз. Ол кезде, үлкенді тыңдау – бұлжымас заң. Үлкендер құлағымызға құйып өсірген.
Біз тұратын шағын ауылда төрт-бес үйдің ғана қазаны оттан түспейді. Мектептен оралған біз көбіне-көп Әкімал мақсұмның анасы Тоқыш, Жылкелдінің анасы Шолпан, Тапалдың үйіндегі Сара, сонан соң менің нағашы әжем Тәтеннің үйін көп үйірсектейміз. Құрт-майы үзілмейді. Бұл жағынан менің нағашы әжемнің дастарханы мүлдем берекелі. Кебежесі толы құрт, май, ірімшік. Пейілі кең адам болатын. Жоқ-жұқа жандарды тойдыруға құмар болатын. Нағашы әжемнің оншақты жылқы, сиыр, ешкі-лағы, қозы, торпағы болатын. Ол кезде біреудің малын ұрлады дегенді естімейміз. Еспенбет қажының зайыбы Тәтен кемпірдің малына тимеңдер, тисеңдер, оңбайсыңдар дейтін үлкендер.
Менің нағашы әжем Тәтен Жиенқожақызы ауылдағы жесір кемпірлердің командирі секілді көрінетін. «Тәтен айтса – заң», дейтін тұстастары. Сәл қолдары босаса, Тоқыш пен Сара әженің үйінде кезектесіп бас қосатын. Бұларға Шолпан әже қосылады. Әңгіме басталады. Өткен өмірден сөз қозғайды. Би-болыстардың әңгімесіне келгенде Шолпаннан келістіріп айтатыны жоқ. Сараның шалы бар, аты – Тапал. Ал, Шолпан мен Тәтен әжемнің ерлері ертеде, соғыс басталмай тұрып, сонау отызыншы жылдары дүние салған. Сара әжеміз сымбатты, бетінде меңі бар кісі еді. Жалғыз ұлы Қараман құйып қойғандай екінші Сара еді, оның да бетінде меңі болатын-ды. Тапал ата – шаруа кісі. Жетпістен асқан шағында дүниеден өтті. Сонымен, Сара әжеміз де менің нағашы әжем Тәтеннің қатарындағы Шолпандарға қосылды. Үш жесір жұп-жазбай, тату-тәтті сыйласып өткені өзінше жыр.
Бастары қосылса Тәтен әжем әңгімені бастайды.
– Бұл дүние жүйткіп өтіп жатыр.  Николайдың дәуірін көрдік. Жылқы, сиыр, қой құны о кезде бір сом. Бір сом – көп теңге. Енді мына совет өкіметінің дәуірін жалғастырып отырмыз. Ашаршылық, қуғын-сүргін көп болды. Енді сұрапыл соғысқа кезіктік. Көрерсіңдер әлі. Бұл орыс жеңілмейді. Неміс орыстың суығына ұшырап, жолда қатады. Біз түбінде жеңеміз, – дейтін көріпкел нағашым. – Тыныш жатқан елге соғыс ашқанның оңғаны жоқ. Жалғыз ұлым Шахап соғыста жүр, хабарсыз. Аман-сау оралар деп отырмын. Қайыр-садақаны көп жасадым. Шарапаты тиер. Уһ! – деп бір күрсініп алды.
Бағанадан тыңдап отырған Сара әже әңгімеге жоқ. Шалы соғысқа бармаған, ұлы Қараманы қолында. Мұңсыз. Ал, Шолпан Қаратай, Дәмежан, Жылкелдімен жесір қалған. Бұл жағынан Тәтен әжеммен тағдырлас. Сәлден соң Тәтен әжем:
– Шолпан, ендігі сөзді сен баста! – дейді.
Шолпан кемпір әңгімені төгілтіп айтатын кісі еді, жарықтық. Тіпті кейде «ешкімге айтпаңдар» деп есікті жауып қойып, Мағжан өлеңдерін айтатыны бар-ды. Ой, жарықтық-ай!
– Тәтен, сен де, мен де жесірміз. Сенің жалғыз ұлың – Шахабың әскерде. Күлшан мен Ләтипа отау құрып кетті. Үйде жалғызсың, мен де жалғызбын.
– Сенің ұл-қыздарың қасыңда ғой, менің ұлым – Шахабжаным соғыста, отау құрған жоқ, екі қыз Қызылордада тұрып жатыр. Жер шалғай ғой, Шолпан-ау?! Жас та ұлғайып барады. Жүріп-тұру оңай дейсің бе?
– Иә, иә, Дәмежаным мына «Жетікөлде», Қаратай қасымда, Жылкелдім мына Қарағанды шахтасында, күн құрғатпай хат келіп тұр. Қасында ауылдасы Сүлейменнің Жұмабайы бар. Бір ауылдан екеуі бір шахтада. Қайсыкүні Жұмабайдан хат келіпті. Жабыла оқыдық. «Туған елге» атты ұзақ өлең жазған, елді сағынғанда төккен. Екінші хатында әкесі Сүлейменге «Арнаулы сәлем» деген өлеңі бар, көзімнен жас шықты.
– Не депті, Шолпан? – деді Тәтен әжем еңсесін көтере.
– Жұмабайдың өлеңі жанды шымырлатады, Тәтен. Қасында менің Жылкелдім бар көрінеді. Дені сау, шапқылап жүр депті.
– Жұмабайдың өлеңі есіңде жоқ па, сен бір зейінді адам едің ғой, Шолпан?
– Тәтен-ай, бірер шумағы есімде тұр. Ал, тыңда!
Арнаулы артық сәлем құлыныңнан,
Он үзген омыртқаңды жұлыныңнан.
Көкешім мен кеткелі белің босап,
Қалды ма қаяу түсіп тұғырынан?

Қолыңа бұрын қонған құсың едім,
Жігерің, әл-қуатың, күшің едім.
Мінсең – ат, кисең – шапан, кессең – пышақ,
Шайнасаң, отыз меруерт тісің едім.
– Әкесі Сүлейменге сағынышын қалай жеткізген?! Анасы Қаншай ерте дүние салып еді. Жалғыз әкесін қалай тербеткен мына Жұмабай, – деп Тәтен әжем көзінен төгілген жасты тыя алмай отырды.
Бізбен тетелес өскен Қара­манның анасы Сара бағанадан бері Шолпан мен Тәтен әжем екеуінің әңгімесін сүйсіне тыңдап отыр.
– Алланың жақсылығы көп, Тәтен. Әлі-ақ Шахапжаның соғыстан оралар. Шолпан, сенің де қолың құр емес. Мынау тұрған Қарағандыдан мерзімін бітіріп Жылкелдің оралар. Қаратай, Дәмежанның ұл-қыздары сенің құшағыңда, сен де не арман бар. Қойыңдар, күйзеліске бойды үйретпеңдер. Қайғыны жеңу керек, – деп сырбаз Сара әже қос ананы сабырға шақырды, ақылгөйлік байқатты.
– Шүкір, шүкір, – дейді Шолпан. – Немерем Әскербегім бар, содан мауқымды басам.
– Шолпан, сол немерең өте нәзік болып, дүниеге келді деп жатыр ғой.
– Ей, Тәтен-ай, тіпті нәзік, салмағы жарты келіге жетпейді, әлгі Тоня деген фельдшер келіншек күнде Әскербектің жанында. Қайдам, адам болып кетуі қиын-ау?! Емізікпен сүт берген боламын. Көзін ашып жатқанына қуанамын.
– Мұндай шала туғандардың өмірі ұзақ болады. Олар не батыр, не ақын болып шығады, – дейді Тәтен әжем.
– Айтқаның келсін, Тәтен. Сенің айтқаның келеді! Сен Әскербегімнің болашақтағы шешесі бол!
Біз кейде мектептен қайтқанда төрт-бес бала Шолпан әженің үйіне соғамыз. Диқан адам болатын. Әңгелегі алдымен пісетін. Бір-бір әңгелекті үзіп әкеліп, ортамызға тастайды. Таласып-тармасып жеп қарынды бір сипап сыртқа шығамыз. «Шолпан әженің әңгелегі мүлдем тәтті» дейміз бір-бірімізге.
– Сендер үйлеріңе асығып тұр­сыңдар ма, менің немеремді көре­сіңдер ме, жүріңдер, көрсетейін, – деп Шолпан әже киіз үйге беттейді. Көрсетуге құмар-ақ.
Шолпан әженің алты қанат киіз үйі – ауылдағы ең тәуір үй. Сырты аппақ. «Бәрін өз қолыммен істегенмін» деп қояды.
– Бала дауысы естілді ғой, – дейді қасымдағы кластасым Зұлқарнай. Құлақ түрдік. Дауыс киіз үйден шығып тұр. Жүгіре басып киіз үйге кірдік. Төрде Шолпан әже отыр. Кереге басында түлкі тымақ ілулі тұр. Тымақ ішінен бала дауысы шықты. Көзі жылтырап көрінеді. Міне, ғажап?! Әже ырым етіп, бабасы Садырбайдың тымағына шарананы орап тастаған. Тымақты олай-былай қозғап тербетеді.
– Аты кім, әже?
– Аты – Әскербек. Әкесі Рақымбек әскерден келген соң туған, Қаратайымның тұңғышы! Сол Әскербек – қазір белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, оншақты кітаптың авторы Әскербек Рақымбекұлы. Қазір сексеннің тоғайына қарай бет бұрды. Әлі өлеңді бұрқыратып жазады. Осы бір эпизодты кездескенде айтсам, ақын қарқ-қарқ күліп, мені құшағына қысатыны бар. Таңғалады.
Ауыл шетіндегі жатаған үйде Бекберген атты шал тұрды. Жалғыз. Мектепте күзетші. Өзі Тәтен әжеммен құрдас еді. Жиі әзілдесетін. Бақсылық өнері бар. Жұрт Бекберген бақсы деп алдынан көлденең өтпейді. Кейде ортаға алып, бақсылығын тамашалаймыз. Ата ортаға шығады. Шекпенін шешіп тастап, қолындағы пышақпен оңды-солды денесін соққылайды. Қан сорғалайды. Үрейіміз ұшады. Көзбояушы дейді жұрт. Кейде Тәтен әжем төрт-бес кемпірді ортаға алып, Бекберген бақсыны үйіне шақыратын әдеті бар. Шағын цирк. «Аруақты адам» деп тамсанады әжелер. Бұл – Бекберген бақсы маңайымыздан жын-періштені аластайтын аруақ. Алланың бізге жіберген өкілі, – деуші еді Тәтен әжем тамсанып. – Мазақ етпеңдер бақсыны!
Мен Тәтен әжемнің әңгімесін көп тыңдап өстім. Кейде өткен өмірін аңызға бергісіз әңгімелейді. Құлақ құрышы қанады, тыңдай бергің келеді.
– Мен Тәтен Жиенқожақызы Еспенбет қажымен 1916 жылы отау құрдым. Қажы Меккеге екі рет барды. Соңғы рет 1933 жылы алты ай жүріп, «Қоғалыға» оралды. Бір қаптай Құран кітаптарын арқалап келді. Күншуақта отырып, құран кітаптарды оқып, ағыл-тегіл жылайтын.
– Папа, неге жылап отырсыз? – дейді екен, үлкен қызы – менің шешем Күлшан.
– Құлыным-ай, Мұхаммед пайғамбардың жетімдік шағы, кедейлік тауқыметі, Меккені тұрғызудағы жанкешті еңбегі адамды жылат­пасқа қоймайды. Ой, жарықтық адам­заттың асылы-ай, Уһ!
– Ә, солай ма, папа!
Бірде Тәтен әжем өз өміріне ойысқаны әлі есімде.
– 1934 жылы 26 жасымда бір ұл, екі қызбен жесір қалдым. Қыздарым ержетіп, отау құрып кетті. Жалғыз ұл Шахап 1941 жылы соғысқа аттанған. Содан шаңырақты шайқалтпай ғұмыр кештім, отты өшірмедім, – деп күрсінетін.
– Біздің ата қонысымыз – қазіргі «Қоғалы» ауылынан он шақырым жердегі «Ақтүбек». Жағалай көл, қалың тоғай, сыңсыған малдан көз сүрінетін. Маңай толы аң-құс. Көлде балық. Ерім қажы қайратты кісі еді, он гектардай жерді қоршап, қора тұрғызды. Келген қонақтардың көліктерін қора ішіне жіберіп, садақаға әкелген мал түрін қора ішіне бос жіберетін. Үйінен қонақ арылмайтын. Күніне он рет қазан асылып, он рет дастархан жайылатын. Қала берді, әйтеуір қора толы малды жоқ-жұқаға тарататын. Қөп ұзамай қора тағы да малға толатын. Баяғы дәстүр – тарату. Жұрттың қажыға ықыласы мүлдем бөлек. Әлі күнге дейін біздің әулетті төбеге көтереді, тағзым етеді, – деді.
Нағашы әжем ұлы Шахаптың әскерден оралуын асыға күтті. Жеңіс аяқталып, жұрттың бәрі елге оралып жатқанда майдангерден хабар болмады. Әбден қамықты. Жасы ұлғайған сәтте қаладағы қыздарына жол тартып, уақыт өткізді. Құшақ аша қарсы аламыз. Әжемнің түн бойында ұйықтамай бөлмелерді аралап жүретіні бар-ды.
– Әже, неге ұйықтамай жүрсіз?
– Қалқаларым-ай, Шахапжаным келіп қала ма деп ұйықтамаймын. Ол есік ашса, менің ұйықтап жатқаным жараспайды ғой, құлындарым! – деп тоқтау айтатыны бар еді.  
Бір қызы Ләтипа қазіргі Журба көшесінің аяғында, біз «Жаңа базар» тұсындағы жеке үйдеміз. Әжем таңертең шәйін ішіп алып, белін буып қаладағы құмалақ ашатын Құндыз деген кемпірге тартады.
– Құндыз құмалағыңды аш, ұлым Шахап­жаным келе ме? Дереу құмалақшы кемпір үлкен орамалын жайып жіберіп сөйлей жөнеледі.
– Маңдайы жарқырап тұр. Екі бүйірі қысыңқы, жолға шыққысы бар. Бір кедергі жібермей тұрғанын қара. Оралып қалар, күтіңіз, бір құмалақ сүйінші сұрап тұр – дейді құмалақшы.
– Айтқаның келсін, мә, сүйіншің! – деп құмалақшыға әжем пұл ұсынады.
Мен нағашы әжеммен құмалақшының үйіне талай бірге бардым. Құмалақшы әр барған сайын:
– Маңдайы жарқырап тұр. Екі бүйірі қысыңқы. Жолға шыққысы бар. Бір кедергі жібермей тұр. Оралып қалар, күтіңіз. Бір құмалақ сүйінші сұрап тұр. Соңғысын сұрауға құратын баяғы әдеті. Сол Құндыз кемпір дүниеден өткенше жоғарыдағы «маңдайы жарқырап тұр» деп басталатын сөзінен бір жаңылғанын көргенім жоқ. Әр барған сайын бір сөз, бір сөйлем! «Бір құмалақ сүйінші сұрап тұр».
Әжем қуанып, қолына пұл ұсынады. Қуанып үйге оралады.
Тәтен әжемнің ұлы Шахап Қаюпов 1947 жылы елге оралды. Әжем бәйге беріп, дүбірлетіп той өткізді. Тоғайда өскен сиыр, жылқысын той-думанға шашты. Әкімал мақсұмның қызы Патымаға құда түсіп, үйлендірді. Немере сүйді. Бұл пәниден 88 жасында қош айтысты. «Құлболды ишан» күмбезінің шығыс беткейінде жатқанына да, міне, қырық жылға жуықтап қалыпты. Қайран менің нағашы әжемнің кескін-келбеті, әңгімесі әлі көкірегімде сайрап тұр. Жұдырықтай домаланған қара кемпір Тәтен Жиенқожақызы әлі ел аузында.
Қайран менің, нағашы әжем!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Қызылорда қаласы.
ӘДЕБИЕТ 27 наурыз 2020 г. 1 132 0