Ғасыр Абай

  Ғасыр  Абай


Өлеңдері ескірмес, 

асыл – Абай,

Нәрі ерекше, солмайтын, 

жасыл – Абай,

«Қара сөзі» бағдаршам,  

кие-шырақ,

Бәрімен де замандас 

ғасыр – Абай. 

Сазды әуені – 

өңезі тіршіліктің,

Өзегіне шырындай татыр, 

Абай.

Ақыл-ойдың теңізі 

адамзатқа,

Жауhар сыйлап, әнекей, 

жатыр Абай!



Ұлт 

жайлауы, 

ұлығым, 

Ұлы 

далам!


Киелі, ұлан-ғайыр, 

Ұлы далам,

Ғажайып сырларыңа іңкәр 

ғалам.

Бір уыс топырағын, 

қарыс жерін,

Жанын беріп қорғаған 

жаудан бабам.

Басқаның таласына 

түсірмеймін,

Баға жетпес қазына, 

асыл мұрам.

Ұлт сыйладың, тек бердің, 

бай тілімнен,

Марсқа да өрнектеп 

көпір салам.

«Жібек жолын» жалғаған 

жота-жонның,

Тарих-хатта ізі бар 

тарам-тарам.

Бір заманда жоғалтқан 

өзендерін,

Қайта шайқап тірілткен 

құрсақханам.

Олар – Сейхун, Танаис, 

Яксарт еді,

Мирасы – қайта өнген 

Сырдариям,

Тұранның шөлін басқан 

Жейхун-Оксус-

Аралдың бір бұрымы 

Әмудариям.

Теңізден  айырылғанда 

«Үш шоқысы»,

Жетімсіреп тұратын  

Сыр-қариям.

Ұлтанынан тұз ұшып,  

адамзатты,

Шырт ұйқыдан оятты 

үн-жариям. 

«Аралды құтқарам», – 

деп армандаған,

Елбасы жүйеледі 

небір толғам.

Иә, құтқарды ..., 

теңіз келді ..., енді аманат,

Қарашығы көзіңнің, 

білгін балам.

«Рухани жаңғыру» – 

ұлт қуаты,

«Жеті қыр» – тұңғиық-сыр 

сенен табам.

Әлемнің ғылымына 

азық болар,   

Қасиетің көп сенің, 

Ұлы далам!

Бабалардың рухы 

қонақтаған,

Ұлт жайлауы, Ұлығым, 

Ұлы далам!



Аралым


Тұранның төрі,

Даламның сөлі,

Бабамның көзі, айбыным,

Сағынып келді, 

кемері кепкен айдының.

Кенерең жатыр аймалап,

Тізбекті сұлу толқынын.

Ояттың тербеп ақ таңды,

Күннің шешіп алқымын,

Құшақтап сүйіп, ұзаттың, 

Далаңның батқан 

жалқынын.

Айырма Тәңірім Аралдан,

Береке, бағы халқының.

Жоғалмасын  жанарың,

Ұлы далам, алтыным.

Қуанамын, жұбанамын,

Айналайын, Аралым!



Дария-

қобыз


Дария-қобыз егізі 

Сыр елінің,

Ғарыш та ғашық үніне 

Жыр елінің,

Күй сазына назданып 

көбік шашқан,

Толқындары Көк теңіз-

Күдерінің.


Тылсым сезім оянып 

Көк түбінен,

Желі тартқан Дария 

кіндігінен,

Бетінде мекендепті 

Қорқыт абыз,

Көн тулақ, күй көмкерген 

түндігімен.


Бір заман арнасы асып 

ақырыпты,

Буырқанып таңдарын 

атырыпты,

Тасығанда аттыны 

қуып жетіп,

Бір-ақ шайып ағысқа 

батырыпты.


Тұнған сәтте  бедері 

шуақ шашқан,

Күрең жорға-жылғасы 

желіп аққан,

Кетік суат құйылып 

кебір көлге,

Құмда желген құланның 

шөлін басқан.


Қорқыт абыз тәлімнің 

аянаты,

Қобыз, күйі ғасырлар 

аманаты,

Жеркіндігі аялап, 

кие сіңген,

Оғыз-қыпшақ халқының 

қазанаты.


Көтерілсе күй-керуен 

желкендері,

Жуасыған  тау толқын, 

дүлей кері.

Қалғып кетіп жан берді 

қапияда,

Бір туған адамзаттың

асыл ері.   


Дария, Қобыз, Қорқыт – 

ұлы ұғымдар,

Қасиет, сыр, 

ғажабын ұғыныңдар.

Бәрінің бастауында 

асыл тегім –

Әлемді мойындатқан 

ұлы ғұндар!



Шайыр


(Қарасақал Ерімбетке 

170 жыл)


«Сыр-Алаштың анасы»,

Ешкімнің жоқ таласы,

Сүлей-дүрді түлеткен,

Шебер сөз ұстаханасы.

Бәрі жүйрік, сыр-нақыш –

Кемелді ойдың сарасы.

Дөңгелек дүние назарда,

Мірдей-ді, берген бағасы.

Ерімбетті атады,

«Шайырдың шешен 

данасы».


БАЛАПАН ДАРАЖА,

заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүше-корреспонденті.

ӘДЕБИЕТ 27 наурыз 2020 г. 842 0