Сәуір айының бейсенбісі. Көбіне-көп осы күні дастархан жайылып, марқұмдарға құран оқылады. Сондай бір имандылық шараға қатысқанбыз. Кіреберіс залдағы телефон шыр-шыр етті. Қарадомалақ бала жүгіріп келді.
– Әже-ау, әже деймін, Сізбен Жандарбек көке сөйлесемін дейді.
Ілиза ханым ұшып тұрды. Жасы сегіз онға таяп қалса да жүрісі жеңіл, жинақы. Аққудай таранып сәнді киінеді. Бет-әлпетінде әжімнің ізі де жоқ. Құралай көзі күлім қағады. Замандас келіндерінің «Перизат шешей» деп сыйлап, алдынан кесе өтпеулері, сірә да тегін болмаса керек!..
– Әлгі Қапшағайдағы Жандарбегім ғой, – деді қария дастарханға қайта жайғаса беріп, – кел апа, кел дейді. Кезек менікі, биылғы оразаңды бізге келіп тұт дейді. Зымыран уақыт-ай! Мен бұл үйге келін боп түскенде осы Жандарбек 2, Семсер 3, Айгүл 5, Асқар 7, Әлима 10, Света 12, Нұрғали 18 жаста еді. Жақсылықтың сол кенжесінің өзі қазір елуге келді. Үйлі, бала-шағалы. Өзгелері де солай. Ұлдар үйленді, қыздар ұзатылды. Бәрі де жоғары, орта арнаулы білім алды. Қызмет бабымен әр қалада тұрады. Жиі-жиі шақырады. «Сізді күтіп отырмыз» дейді. Айналайындар-ай! Әнебір өтпелі, қиын кезеңде, қой десем қоймай, жиналып келіп менің 60 жылдық мерейтойымды дүркіретіп өткізді. Ризамын ғой, разымын!.. Жақсылық осының бірін де көрмей кетті. Қызық-шыжығына мен қалдым. Ерлі-зайыпты болып, небәрі жеті-ақ жыл отасыппыз. Жеті-ақ жыл!.. Жақсылықтың дүниеден озғанына да міне, биыл 44-ші жыл! Кәйтейін, қарашаңырақтың отын өшірмеуге уәде бергем. Сол сөзім – сөз!..
Ал бұл әңгіменің арғы төркінінен мұнда жиналғандар мүлде бейхабар-ды. Оларға бәрі жұмбақ. Бұл отбасының өткен-кеткен хикаясын шерту үшін маған тұтас жарты ғасырдай мерзімге шегініс жасау қажет болды.
***
Иә, сол 1968-ші жылдың күзі еді. Қара жаңбыр күн аралатпай құйып тұр. Нөсерлей төгіледі. Аялдамада көлік күтушілер көп. Қара торы, торсықтай, орта бойлы, қызыл шырайлы Ілиза бойжеткен де солардың арасында тұрған-ды. Ентігіп автобус та жетті-ау. Жұрт иықтаса лап қойды. Ілизаның жанына ұзын бойлы, ақсары жүзді жігіт ағасы жайғасқан.
– Ау-у, Ілиза қарындас, бұл сіз бе? Пәлі, кездескен жерімізді қара, «Аралтұз» кентіндегі ағайын-туыс, өз үй-ішің, Жолмахан аға мен Сапура апай қуатты ма? – деп жігіт ағасы бұрыннан да таныстығын танытып жөн сұрасты.
– Рахмет, Жақсылық аға! Бәрі есен-сау. Бір шаруамен қалаға келіп едім, кешкі ауысымға жұмысқа түсетіндіктен асығыс қайтып барамын.
– Солай де. Жөн-жөн. Ауа райы құбылып тұр ғой. Тоңазып қалған жоқсыз ба? – деп Жақсылық бойжеткеннің қолын ұстады.
– Ишша-ай! Қолыңыз мұздай екен, ағай! – деді Ілиза әрі қарай жылжи түсіп, – қолғап киіп алмадыңыз ба?
– Ой-й, Ілизаш-ай, қолғап қолды жылытар, ал жүректі кім жылытады?!
Бұл салмақты сөз еді. Бойжеткен жауап қатпады. Десе де, қарақат көздері жігіт ағасына қадала қалды. Ал қыз жанары лапылдап от шашып тұр еді...
***
Жақсылық орта жолдан түсіп үйіне жаяу тартты. Ойы он саққа жүгірді. Көз алдына өмір жолы тізілді. 1929 жылы дүниеге келген. Қалқоздастыру, одан әрі ашаршылық тұсында ата-анасы хабар-ошарсыз жоғалды. Шыр етіп жерге түскенде етегіне орап алған, осы күнгі көзі тірі Ақшыбық анасының бауырында өсті. Бұларды Ақшыбықтың Бибіжар қызының күйеуі Әбіш Ерімбетов қамқорлыққа алды. Бибіжар жастау кезінде қайтыс болды да, орнын басқан Әмижан ана да жүрегі жылы, жайлы адам болды. Жақсылық 1947 жылы онжылдықтың аттестатын алуына «Сазды» орталау мектебінің бастауыш сыныбына мұғалімдікке тағайындалды. Үш жылдан кейін, яғни 1950 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік Заң университетіне түсіп, оны бітірген 1954 жылы Жалағаш ауданында судья, төраға болып 1965 жылға дейін істеді. Сол жалағаштық Тұрсынкүлге үйленді. 1965 жылдан Аралға ауысып судья, төраға міндеттерін абыройлы атқарып жүр. Өкініштісі, 32-ге толған Тұрсынкүлі кенет көз жұмды. Үйде 2-18 жас аралығындағы жеті бала мен 79-дағы Ақшыбық анасы отыр. Соларға қарайтын инабатты біреу кездессе деп іздеп-ақ жүрген. Әлгі қаракөз Ілиза біртүрлі ыстық көрінді. Жас шамасында да пәлендей алшақтық жоқ. Мен 40, ол көп болса, 25-27-лер шамасында шығар. Ең дұрысы – көпбалалы үйдің тұңғышы. Демек, бала мінезіне қанық. Өркеуде, көзі отты екен. Ондайлар алдамайды және алданбайды да. Қиындыққа қайыспайды. Түсі суықтау ма, қалай? Бала тәрбиесіне қатаңдау болғаны да жөн-ау. Тек жүрегі, жүрегі жылы болғай!..
***
Тұз қалталау цехы. Автомат машиналар зырылдап тұр. Ауысым ауысқанша солай. Жан-жағыңа бұрыла да алмайсың. Жұмыстан босаған кезде ғана қалаға жол түседі. Екі ара шалғай емес. Керек-жарақ, азық-түлік со жақтан тасылады. Жігіт ағасымен кездейсоқ дидарласып, кездесіп қала беретін болды. Ілиза көңіл иірімінің солай қарай біржола бұрылғанын сезді. «Жардың да, қарияның да жайын табармыз-ау» деп, іштей толғанады. «Балаларды айтсайшы!.. Оларға аялы алақан керек-ау!» Осындай тебіреніс үстінде көзі ілініп кеткен-ді. Түс көрді. Ысқырған дауыл. Ақтүтек боран. Бұл адасыпты. Біреу айқай салады. «Ай-қаракөз қайдасың, қайдасың?» дейді. Ақтүтек ішінен өзіне таныс жігіт ағасы Жақсылықтың сұлбасы көрінеді. «Жеттің бе, таптым-ау!» дей бергенде оянып кетеді. Түсін жақсылыққа жорады. Тек «Ай-қаракөз» дегенін түсіне алмады. Әлде Абай дананың Шүкіман қызды Әйгерім атағандайы ма екен деп жымиды.
– Тұр қызым, – деді Сапура анасы ұйқылы-ояу қызының жанына келіп, – Әбіш аға бастаған құдалар келді. Таңдау өзінде. Тоқетер сөзіңді айт!
– Анашым, мен келістім, бұйырмыс солай шығар, – деп Ілиза өз шешімін бір-ақ айтты...
***
Ойхой, әйел-ана көктемі-ай! Суық үй жылыды. Қам көңіл жадырады. Бала жүзінде күлкі ойнады. «Апаш, апаш-ау» деп тілі енді-енді шыққан Жандарбек пен Семсер ізінен қалмай етегіне оралды. Бес жастағы Айгүл мен жетідегі Асқар состиып тұрды-тұрды да, көздерінен жас мөлтілдеп – «Апашка, біржола келдің бе?» деп ана құшағына қойып кетті...
– Құлыншақтарым-ай! – деп еміренді Ілиза оларды бауырына басып.
– Құдай-ау, бергеніңе шүкір, құлдық-құлдық, – деп Ақшыбық кейуана ұмыт қалған намазына қайта бас қойды.
Түс мезгілі еді... Жақсылық түскі асқа келген. Шарбақтан кірді де қалт тұрып қалды. Ілиза аулаға шағын қазан орнатқан. Бәліш пісіріп жатыр. Бала біткен соның айналасында.
– Апа маған, апа маған!..
– Қазір, қазір...
Бәлішті тәрелкелеріне кезек-кезек тастайды. Олар мәз-мейрам. Көлеңкедегі Ақшыбық анасы күлімсіреп, балдарына ауық-ауық көз салып, шырайланып-ақ отыр.
Жақсылық судьяңыз шыдай алмады. Бір-жар тамшы көзінен ытқып кетті. Тұрсынкүлі кеткелі балдарын шат күлкіге бөлеген Ілизаның мына ісіне бек сүйсінді. Сөйтсе де, өзінің осалдығын байқатпай, үй жаққа өтіп кетпекші еді. Балалары көріп қалып:
– Папа, папа! Келіңіз, бәліш жеңіз. Тәтті, тәтті, – деп жабыла шулады.
Өмір өз арнасына түсті. Жайбарақат, жайсаң, бейбіт күндер өтіп жатты. 1973-тің басында дүниеге қыз бала келді. Тартылған теңіз толқынданып жағалауға қайта оралсын деп ырымдап есімін Толқын қойды. Осы Толқынның алты айлығында Ақшыбық енесі:
– Ілиза қарағым, – депті бір күрсініп алып, – аштық, аласапыран жылдары адасып қалған Апықай атты апам бар, көріспегелі 62 жыл өтіпті, Қарақалпақ жақта екен, оны да зерттеп тапқан Жақсылық. Міне, 81 жасқа қадам бастым, биылдан қалсам көрем бе, көрмеймін бе, соған дидарластыр. Сөйтсең, пейіштің есігін ашқанмен бірдей болар ем...
– Балаңыз ұлықсат етсе, тәуекел жасайын!..
Маусым айы. Емізулі бала. Бесінші сыныптағы Асқар «Мен де барамынға» басты. Сөйтіп төртеу болып ұшаққа отырды. Нөкіске келді. Одан әрі таксилетіп Мойнаққа барды. Тағы да такси. Көк шаң. Май топырақпен алысып жетті-ау!
Апалы-сіңілілі екеуі көрісіп, қуғын-сүргінде жұтылып кеткен туыстарын атап ботадай боздағанда, ел болып қосыла жылапты дейді.
Ақшыбық ана кеулін бірлеп, Толқын да үш жасқа толып, алдындағы ағаларын көкелеп, апаларын «ақ-апа» деп алақайлап тілі шығып құлдырап жүр еді.
Әттеген-ай, атпал азамат, әділ де ақпейіл судья Жақсылық Тілеубаев 1976 жылы 47-ге толып, толысқан шағында қан қысымынан құлады. Көз жұмар алдында Ілизаның қолын сипалап, «Ай-қара-гөзім, шиттей ақуыз бала, кәрі ана саған аманат» депті де жүре беріпті жайсаңың!
***
«Хас батырда ұйқы жоқ, хас сұлуда күлкі жоқ» демекші, қайдағы күлкі?! Күлкі, шаттық жөніне қалды. Әр бала, әр жерде еңіреп жатты. Ілиза азаматын жоқтап, өмірдерегіне зармен шолу жасағанда көзіне жас алмаған адам қалмады. Ақшыбық ана «Тумасам да туғаннан артық болған жарығым-ай, құрбандыққа өзімді шалар едім, жаратқан иеден бұйрық келмегесін амал қайсы?» деп маңдайын төмпештеді. Өзін-өзі жұлып жеуге бар енесін көргенде барып Ілиза тым босаңсып кеткен денесін тез жиып алды. Жан жарының аманаты есіне түсіп өр кеудесін қайта көтерді. Енесіне «Ай-й, енежан, талай қиын-қыстау белден өттіңіз, жолбарыс пен арыстан өз жарасын жалап жазбайтын ба еді, тұрыңыз, сілкініңіз» деп жұбатты. Ал өзі белін бекем буды да өлікті жайғаруға кірісті. Қырқын, жүзін, жылын өткізгесін жұмысқа шықты.
Енді «Аралтұздағы» автомат машинамен тұз қалталау мамандығына оралудың реті келмеді де, қалалық кооперацияның өндірістік цехтарында еңбек етті. Нарық заманы келгенде дүкен ұстап, кәсіпкерлікпен айналысты. Айлық пен жәрдемақы кешігіп, әйелдер алақап арқалап жан-жаққа шапқылаған өтпелі тұста да Ілиза балдарын аш-жалаңаш етпей оқуларын жалғастыра беруін қатаң бақылауға алды. Нұрғалиі ер жетіп, үйленіп, қолғабысқа жарады. Ақшыбық енесі 96 жасында, Жақсылықтан тоғыз жыл кейін үзілді. Ақ батасын алып, арулап шығарып салды. Ұл-қыз өсіп, кәсібін тауып, алыс сапарларға аттанды. Ілиза кәсіпкерлігін 2006 жылы біржола тоқтатты да, Толқын қызына 33 жасқа келгенде жоғары білім алуға ұлықсат берді. Ештен кеш жақсы демекші, Толқын Тілеубаева қазір әке жолымен аудандық сотта жауапты қызмет атқарады.
***
– Абысын-ау, – депті Мапу есімді бір келіні Ілизаға, – көршінің баласын бір күн паналатудың өзіне қиналамыз, сіз болсаңыз осынша жыл иесі жоқ қарашаңыраққа ие болып, түтінін түтетіп, Жақсылықтың өз ұл-қыздарын айтпағанда, олардан тараған ұрпақтарымен де араласып, бағыт сілтеп, той-томалағынан қалмайсыз, бұл не құдірет?!
– Әй, Мапу келін, – депті Ілиза оған жауап қайырып, – баланы туу бар және тәрбиелеу бар. Мәселе – тәрбиеде. Менің сұсым салқын болды. Күлетін жерде күлмедім. Өзімді ұстадым. Іші-бауырым елжіреп тұрса да ерімедім. Шыдадым. Мақтайтын тұста да тым артық кетпедім. Басынан сипадым да қойдым. Боркемік, босаң болмасын дедім. Тіл тигізбедім. Қол жұмсамадым. Көз қарасыммен реттедім. Ал жүрегім тым-тым жылы-ақ еді...
***
Жақында үйіне телефон соқтым. Трубканы ұстаған немересі:
– А-та, әжем үйде жоқ, құс болып ұшып кетті – деді шықылықтап, – жай құс емес, Ілиза әжем бақыт құсы ғой, бүгін Маңғыстауда, ертең Атырауға ұшады, одан әрі Кентауға соғып, Алматының Қапшағайына қонатын болар. Қырғызстан асып, Өзбекстанға өтіп кетпесе екен деп, сағынып отырмыз. Балдарының бәрі шақырады, – деді.
Бала көңіл дұрыс айтады. Жақсылықтың өкіл қызы Айқын, Тұрсынкүлдің әкесінің жекжаты Сүлеймен, Ақшыбық енесінің қызының қыздары Ұлмекен мен Ұлдай, Қырғыз бен Өзбекстандағы Апықайдың немере-шөбересі, тағы-тағылармен де үзбей, ынтымақ қатынаста болғасын Ілиза ұшып жүрмегенде кәйтеді? Ұша берсін, бақыт құсы болып. Келіндер ат қойғыш-ау. «Перизат шешей» деп қалай тауып айтқан. Ілиза ханымның перизаттан несі кем? Сол перизатыңыздың еңбек өтілі отыз үш жыл екен. Бірақ омырауына еш «шылдырмақ» тақпапты. Е-е, өзі перизат болғасын оны салмақ етіп кәйтсін. Онсыз да бар болмысы сәуле шашып, жүзі жалт-жұлт етіп жарқырып тұр ғой!
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласында: – «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» дегенде Ілиза Жолмаханқызы Тілеубаева сынды рухы биік қаһармандарды меңзесе керек.
Десе дегендей-ау!
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер,
Қызылорда облысының «Құрметті ардагері».