Ғажап қой, тұғырда тұрысың

Ғажап қой, ғажап ұлы Абай,

Аз жасап, көп айтып үлгірген.

Өзінің туған елі үшін,

Көңілінде күн күлген.

Жүз жетпіс бес жыл толды,

Туғанына ақынның.

Тұғыры сәт сайын биіктеп,

Бізден оған жақын күн.

«Қор болып құрып барад деп,

Қалың елім – қазағым».

Тыңдата алмай ақылын,

Тартты-ау ойдың азабын.

Сүрінбей және құламай,

Өзгеден нан сұрамай.

«Әсемпаз болма әрнеге»

Еңбек ет, – дейді ұлы Абай.

Не керек босқа таласып,

Адасып жүрсің, адасып.

Сөзін ұқпаған халқына

Күйзелді және жаны ашып.

Бойкүйездікке оранған,

Халқыңды көріп аһ ұрдың.

Жаман қылықтан арылып,

Ел болуға шақырдың.

Бірлікке үндеп ажарлы,

Айттың не істеу керегін.

Бұл күнде көрсең халқыңды,

«Бәрекелді» дер едің.

Сіз айтқан бес дұшпанды,

Демеңіз ойдан тыс қалды.

Жасырынып үшеу жүр,

Екеуі анық ұсталды.

Сіз айтқан бес асылды,

Халқыңыз жүзеге асырды.

Ауырдың жүріп астымен,

Өткіздік бір ғасырды.

Мыңмен жалғыз алысып,

Ақылдың тарттың азабын.

Тілегіңмен табысты,

Бұл күнде, Абай, қазағың.

Ұлысың, Абай, ірісің,

Қазақ елінің пірісің.

Күнге қарай жол сілтеп,

Ғажап қой, тұғырда тұрысың.

Рысты БЕКБЕРГЕНОВА,

ақын,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

ӘДЕБИЕТ 03 наурыз 2020 г. 388 0