« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Ақтөбедегі біздің полктен жүз шақты адам бір түнде майданға суыт аттандық. Танысып жүрген қызым Еленамен қоштаса алмай кеттім. Содан Елена 1942 жылы бір түнде менің туған жерім Қазалыдағы үйіме аттанған. Біздің үйге кірген бойда: «Мен Сүлеймен Сейітовтің болашақ жарымын, осы үйдің келінімін» деп басына тартқан ақ орамалымен иіліп, сәлем беріп, нағашы әжемнің қасына отырған. Сағыныш сезімін білдірген... Содан мені 1946 жылдың күзіне дейін күткен, жұмысқа тұрған, қысқасы, үйді асыраған. Осы жағын тереңдетіп жаз, бұл мына өсер ұрпаққа өнеге ғой, қарағым, бұл қазақ әйеліне ғана тән қасиет, төзімділік, сертке беріктік осындай-ақ болар...
(Майдангер Сүлеймен Сейітовтің әңгімесінен).
Полк комиссары Сүлеймен Сейітов 1912 жылы туған, 100-ден асқан шағында өмірден озды. 1934 жылы әскерге алынған, Владивостоктағы полк мектебін, қазақтың журналистика институтын, Мәскеудің жоғарғы партия мектебін бітірген. Ақмола, Қызылорда облыстық «Есіл правдасы», «Ленин жолы» газетінде редактор болған, Қызылорда облыстық баспа, полиграфия басқармасын басқарып, зейнетке шыққан.
Сүйікті жары Елена Қабиқызымен елу жылдан астам өмір сүрген, ұл-қыз өсірген, немере сүйген. Ұлы Отан соғысына 1941 жылы шақырылып, содан 1946 жылы оралған. Бүгін әскери майор, полк комиссары болған Сүлеймен Сейітов жайында әңгіме өрбітпекпіз, оқырман.
Көп қабатты үйдің төртінші қабатына көтерілдім, қоңырау соқтым. Есік ашылды, қарсы алдымнан өзіме таныс журналист, майдангер Сүлеймен аға шықты. Жүзі жайдары.
– Кір, кір, төрлет, қарағым, – деді де өз бөлмесіндегі диванға отырды. – Көз нашарлады, құлақ сыр бере бастады. Қарттық әмірін жүргізіп тұр. Танымай тұрмын.
– Қайырбекпін!
– Журналист Қайырбекпісің?
– Иә, Сүлеке, сізбен әңгімелесуге, сұхбаттасуға келдім.
– Бізді де іздеп келетіндер бар екен-ау?! Қатарластарым сиреп барады. Менімен сұхбат алудан бұрын компьютерге бастырған өмірбаяным бар. Соны оқып ал, сонан соң әңгімелесейік, жарай ма?
– Келістік. Жазушы Александр Бектің Бауыржан Момышұлын жазардағы әңгімесі секілді болды ғой, Сүлеке?
– А.Бектің «Арпалыс» повесін айтып отырсың ғой?
– Дәл өзі.
Майдангер ағаға сұрақты қалай қоярымды білмей дағдарып отырдым. Өмірбаянын оқып шықтым. Бойым жеңілдегендей болды. Сүлекең бағанадан бері үнсіз отыр.
Майдангердің жастық шағы қиындықпен өтіпті. Ашаршылыққа, қуғын-сүргін зұлматына, сұрапыл соғысқа тура келген. Екі жасында анасыз, төрт жасынан әкесіз қалған. Бір інісі мен қарындасын нағашы әжесі бауырына басып, тәрбиелепті, оқытыпты, аш-жалаңаш етпепті. Әжесі әңгімешіл кісі екен, елге сыйлы болыпты.
– Қарағым Сүлеймен, біз кіші жүзден боламыз, руымыз керейт. Үш жүзге пір болған Мүсірәлінің ұрпағы екеніңді ұмытпа! Сенің жетінші атаң Қосымқожа әулие болған, – деп әжесі құлағына құйып өсірген көрінеді. Қайда жүрсең де бабаларыңа сыйын. Сонда жолың ашық болады.
– Әжемнің осы бір өсиеті мені шыңдады, білімге ұмтылдырды. Қазалы Ғанидың, кешегі Елеудің, Қашақбайдың отаны ғой. Бала кезімізде Қазалыда орыс ағайындар көп болды, тілін үйреніп өстік, мұның әскерде көп көмегі тиді. Мұны әскери мектептерде оқығанымда, борышымды өтеуде сезіндім, – деді Сүлекең бір сәт өткен өмірден үзінді келтіріп. Қыран бүркіттей қанатын қомдағандай болды да:
– Бір кезде «Правда» газетіне біздің Қазалыдан шыққан ғалым Мұстафа Матаев «Я сын Ефименко» деген тақырыппен орыс ағайындардың көмегін мөлдірете жазғаны бар. Тіл – достық, бірлік, татулық құралы. Тіл білгеннен зиян шекпейсің. Ақын Абай өнер, білімді, тілді жырлап өткен емес пе?!
– Әлі есімде, – деді Сүлекең көз әйнегін қозғай отырып. – Мен әскери борышымды өтеуді 1934 жылы бастадым. Владивостоктағы полк мектебін бітіріп, елге аға сержант шенімен оралдым. Әскери газеттерге талай дүниелерім шықты. Сол талабым менің журналистік ортаға кіргізді. Екі бірдей облыста газет редакторы, партиялық жұмыста болдым. Тазалықты пір тұттым.
Ұлы Отан соғысы басталған кез. Обком хатшысы Рақымбай Төлебаевқа кірдім. Жиырма сегіз жастағы хатшы жылы қабылдады.
– Сүлеймен жай келдің бе? Шаруаңды айта бер.
– Жұрт жаппай майданға аттанды. Құрбы-құрдастарым түгелдей әскерде. Менің әскерге баруыма жол ашыңыз. Жауды жеңіп, жеңісті жақындатқым бар.
Хатшы ойланып ұзақ отырды.
– Жарайды, бұл патриоттық бастамаңды қолдаймын. Әскери комиссариатпен сөйлесейін, мәселені шешуді ойластырайық, – деп хатшы орнынан тұрып, қолымды қысты.
Көп ұзамай әскери комиссариаттан шақыру қағазы келді. Бір түнде Қызылорда вокзалынан жүз шақты жауынгер әскерге аттандық. Содан Ақтөбеден бір-ақ шықтық. Бізді іріктеуден өткізіп, отыз шақтымыз Ақтөбеде қалдық. Қалғандарымыз майдан даласына аттанды.
«Бұл қалай, менің соғысқа қатыспауыма не кедергі, Ақтөбесі несі?» деген ой мазалады. Бәрі кейін анықталды.
– Бұл кезде әскери жаттығудың көбісі Ақтөбеде өтеді екен. Қаладан бірер шақырым жерде №101 дербес атқыштар бригадасы жасақталған. Күні-түні жаттығу. Шыдау мүмкін емес. Тәртіп қатал. Алты ай бойы жаттықтық. Бойдағы артық еттен айырылдық, оқтай түзу шапшаң қимылдайтын солдатқа айналып шыға келдік. Менің қабілетімді, жаттығу өнерімді бағалап, әскери басшылар артиллерия дивизионына әскери комиссар етіп тағайындады. Жүгім ауыр екенін сезіндім, 500-дей солдат, отызға жуық офицердің уставтық тәртіпті орындауы менен сұралатын болды. Біздер офицерлер Ақтөбедегі жеке үйлерді жалдап тұрдық. Жалақымыз тәуір. Менің жалақым – 300 сом. Ол кезде бұл ақша мүлде көп.
Жас жауынгер, әскери комиссар Сүлеймен Сейітов А.Шәленов деген азаматтың бір бөлмесін жалға алып, алты айдай осы үйде тұрды.
Күндіз-түні жаттығудан сүріне ораламыз. Кейде аптасына екі рет төрт сағаттай ғана серуендеуге рұқсат бар. Әскери офицерлер Ақтөбені олай-бұлай серуендейміз. Көбіне-көп осындағы педучилищенің оқу корпусын, жатақханасын торуылдаймыз. Қыздармен танысамыз, – деп Сүлеймен ата әңгімені қыздыра түсті.
Тағдыр, шіркін, сан алуан оқиғадан тұрады ғой. Бір оқиғаны еске салайын.
– Ақтөбе көшелерін төрт-бес офицер серуендеп келе жатқанбыз. Алдымыздан қыздар кездесті. Бәрі педучилищенің қыздары. Орталарында көзі тостағандай, бұрымы төгілген қыз көзіме оттай басылды. Мен көз айырмай тұрдым. Ол да көз қиығын маған аударып, сәуле шашып тұрғандай көрінді. «Ау, мынау Елена ғой» дегенім есімде. Әлгі мен пәтерде тұратын А.Шәленов деген азаматтың қарындасы. Жатақханада тұратын. Оқта-текте ағасының үйіне келіп-кетіп жүретін. Сонда бір кездесіп қалғанбыз, сырласқанбыз. Жиі кездесуге уақыт жоқ, жаттығу. Түннің бір уағында пәтерге келіп, таңсәріден полкке тартамыз.
Айлар, күндер өтіп жатыр. Ағасының үйіне келгенде Еленамен жиі кездесіп тұрдық. Кейде қыздармен бірге біздің полкке келіп, казарманың алдындағы алаңда ән салдырамыз. Полктегі жігіттердің ішінде домбырамен күй тартатын, өлең айтатын жігіттерді қолқалаймыз. Танысу, серуендеу жалғаса берді. Сәл серуендеуге бұйрық алсам, Еленаның оқу корпусының алдында тұратын болдым. Көп күтем. Әйтеуір бір кезде Елена шығады. Серуендейміз, сырласамыз.
Әскери басшыдан бір күн сұрандым. «Танысып жүрген қызым бар, соның ертең туған күні еді. Құттықтауым керек!» деп әңгіменің төтесін айттым. Әскери басшы орыс жігіт еді, сәл жымиды да рұқсат берді. Педучилищенің оқу корпусының алдында Елена тұр. Менің келетінімді білгендей. Құшағымды аштым. Содан сырласып, біраз серуендедік. Әдебиетке құмар жан екен, Абай, Пушкиннен, Лермонтовтан әңгіме төгілтті. Баурап барады. Бейнебір махаббат жыршысы секілді. Мен Абайдың:
– Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас! – деуім мұң екен, Елена Абайдың:
– Жарқ етпес қара көңілім
не қылса да,
Аспанда ай менен
күн шағылса да
Дүниеде, сірә,
сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық
табылса да, –
деп қарап тұр. Жүрегім алай-дүлей болды. Абайды жата-жастанып оқығанмын ғой. Сәлден соң Еленаға жауап ретінде Абайдың:
– Көзімнің қарасы
Көңілімнің санасы
Бітпейді іштегі
Ғашықтық жарасы, –
деген шумағын төгілттім.
Күн кешкіріп қалды. Әскери басшыдан сұрап алған уақытым таянып қалған секілді. Тәртіп қатал. Сағатыма қараймын. Аспан тынық. Желсіз. Екеумізге ай сәулесі түсіп тұр.
– Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі түсер дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
– Сүлеймен, ауылың есіңе түсті-ау деймін, – деп Елена жымиды. – Бүгін біраз уақыт сырластық, келесі кездескенше асығайық, – деп Елена қызға тән ілтипат көрсетті. – Біздің жатақханада тәртіп бар. Кешіксек, шара қолданатын заң бар. Сіздің полктегі тәртіптей.
– Жақсы, қош бол, Елена! – деді Сүлеймен.
Полкке келді. Жаттығу басталды. Түннің біраз уақытында пәтеріне жетті. Түнді ұйқысыз өткізді. Еленаның бойындағы махаббат сезімі бойын билеп, көз шырымын алдырар емес. Таң атты. Полкке келді. Әскери басшы ұмытылмас кездесу болғанын сезіп тұр.
Кенет жоғарғы қолбасшыдан күтпеген бұйрық келді. 1942 жылдың бір түнінде Сүлеймен Сейітов басқарған бір полк жау шебіне аттанды. Еленамен қоштаса алмай қалды. Болашақ жары да аң-таң күй кешті. Елена полкке келіп, әдірісін сұрап, мазасыз күйге түсті деген хабар да жетті. Бұл алдымен Украина, одан соң Белоруссия майданындағы сұрапыл соғысқа кезікті.
Қуанышты сәт. Педучилищенің жатақханасына Сүлейменнен хат келді. Конверт сыртында «Елена Қабиқызына, тек өзіне, Сүлеймен» деген жазу тұр. Елена көзіне жас алып, оқып тұр.
«Сүйіктім Елена! Бүгін үлкен жарылыс болды, қатты жараландым. Қасымдағы төрт солдат, бір телефонист, радист топырақтың астында көз жұмды. Мен де бір шұңқырда көміліп ұзақ жаттым. Оққағарым топырақ астынан суырып, санчастіге әкелді. 15 күндей емделіп, бүгін полкке оралдым. Өзіңнің сүйіктің Сүлеймен, 1943 жыл, 10 ақпан Белоруссия. Глоца қаласы. Пошта жәшігі №15».
Полк комиссары бес жыл бойы Еленамен хат жазысуды үзбеді. Бүгін тағы да ойға түсіп отыр. Бас-аяғы соғыста жүргенде 30-дай хат жазғаны күнделігінде жазулы тұрғанын еске алды. «Сүйіктім Елена! Кешелі-бүгін Берлин оққа оранып тұр. Әр көше, кварталда соғыс. Дегенмен, Берлин құлауға бет бұрды. Рейхстагқа ту тігілер күн жақындап тұр. Жеңіс жақын. Сүйіктің Сүлеймен, 30 сәуір 1945 жыл».
Бейбіт өмір басталды. Полк комиссарына бірер жыл Будапештте кеңес әскерлерінің құрамында қызмет етуге тура келді. Саяси жұмыстар жөніндегі тәрбиеші болды. Будапешттен Еленаға хат жазды. «Сүйіктім Елена! Туған жерге – Қазалыға оралғалы тұрмын. Мәскеу-Алматы пойызына билет алдым. №24 пойыз, оныншы вагон. Өзіңнің сүйіктің Сүлеймен, 1946 жыл 10 қыркүйек».
– Әлі есімде, – деді Елена. – Қазалы вокзалы ығы-жығы. Ағайын-туыс Сүлейменді асыға күтіп тұрмыз. Бір кезде омырауы орденге толған, подполковник Сүлеймен вагоннан секіре түсті. Немере әжесін құшақтап, өксігін баса алмай тұрды. Сәлден соң мен де ыстық құшағына бөлендім. Ұмытылмас сол бір сәт есімнен кетпейді.
– Бір әңгімені ұмытып бара жатыр екенмін, енді соған оралайын, журналист мырза, – деді Сүлекең. – Бұл өзінше жыр. Тақырыптың құндылығын көтерем десең, осы бір эпизодты қос. Газеттің ауқымы көтерсе қоссаң, оқырман сүйсіне оқыр деп отырмын. Қалай қарайсың?
– Айтыңыз, Сүлеке?
– Ақтөбедегі жаттығу кезінде бір түнде майдан даласына аттанғанымды айттым ғой. Еленамен қоштаса алмағаным жүрегімді өртеді. Амал қанша, әскери тәртіп. Атақты Баукең: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ғой.
Содан педучилищені бітірген бойда Елена Қабиқызы қолына дипломын алып, менің туған жерім Қазалыға тартқан. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Дәуітбаевтың қабылдауына келген.
– Мен әскердегі Сүлеймен Сейітовтің болашақ жары едім, уәдеміз бар еді. Майданнан үзбей хат алып тұрмын. Аман-сау оралар деп отырмын. Сол кісінің босағасына барып, әскерден оралғанша күтпекшімін...
Көпті көрген Төлеген Дәуітбаев орнынан тұрып, Еленаны құшағына қысып, көз жасын төккені бар. Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне меңгеруші етіп тағайындап, майдангер отбасында еңбек етіп, қамқор құшағына алғаны аңызға айналғаны бар. Дереу көлігімен Сүлейменнің отбасындағы қарашаңырақта отырған нағашы әжесінің үйіне апарып, босағадан Еленаны оң аяғымен кіргізіп, бата берсе керек. Көрші-қолаң шашу шашып, думандатқаны ел есінен шықпайтын оқиға болыпты. Елена майдангердің соңынан ерген інісі мен қарындасын ер жеткізіп, әжесін күткенін аңызға бергісіз жыр етіп отыратын көнекөздер.
Сол Елена Қабиқызы полк комиссары Сүлеймен Сейітовті жеті жылдай Қазалыдағы отбасында күтіп, басына ақ орамал тартып, 1946 жылы үйлену тойларын дүбірлетіп өткізіпті.
Міне, сүйіспеншілік! Міне, Ақтөбедегі полкте алғаш танысқан комиссар Сүлеймен Сейітовтің жары Елена Қабиқызы туралы жырдың біз білетін бір үзік үзіндісі, оқырман!
Қайырбек
МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |