« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
– Ол не, қайда?
– Су кемерінен асып кетіп ие бермей жатыр.
– Қай тұста?
– Герой шалдың жері жағында ма деймін.
Диқандар дағдарып қалды. Әп-сәтте темекі тұтатулар басталып та кетті. Әлгіндегі айқай-ұйқай басылғандай еді, қайтадан даланы бастарына көтеріп дабырласты.
Қытымыр қыс қанша қазымырланғанымен, мезгілі жеткенде көктемнің ағыл-тегіл ақ айран селіне төтеп бере алмауға қарады. Құдіретті күннен саулаған сағым сәулелер міз бақпай сірескен тоңның жүзін әуелі бірте-бірте жібітіп алды, әрі-берідесін көбе-көбесін сөкті, түнемелік бетін мұздатты, күндіз астынан зырқыраған ағын су, үстінен күн шуағы мүжи-мүжи ақырында буын-буынына түсіп ақ сорпасын шығарды. Оның үстіне наурыздың соңғы демі жаңбырлатқан желқұзын ала келді. Көктен себелеген нұр онсыз да былқылдай бастаған сармүйіз тоңды нілдей ірітті. Қаратау қатпарларын қақырата ұлыған ұлан даланың ұлан-асыр желі жердің айдарын жұлқылап барып, дарияның жар кемеріне соққанда, алас ұрып далпылдаған қанатын сабалады.
Сол шақта алыс-алыс қыр-қыраттардың баурайына бұлың-бұлың бұлдырап, құлдырап аққан қардың салқар суы сай-саланы кернеп келіп, еңіс-еңіске қарай жосылып өтті. Даланың ойы-қыры бірдей кірінен тазарып бусанып жатты. Буы бұрқыраған дария бұлқынып күшіне мінді. Қыстың кешегі бұйығы күндерінде қабағы түксиіп, қырауытып тұрған жар кемерлер тасқынға тұншықты. Ағыс екпіні тау жығардай өршеленді. Алайда көл-көсір лайсаң тасқынға тосқын болып тұрған тас емен плотинаға жеткенде жуасып сала берген. Арыны бәсеңсіп, баяулап болдырғандай еді. Тас өткелден өте екпінін қайта түзеп алды. Дария деңгейі кемеліне келді, толысты, арнасын кере буырқанды. Күні кеше көкаяз беті міз бақпай жатқан сүр мұз шыт-шыт жарылып, арынды ағыспен бірге ақты. Ағыстың күші сеңдерді оңға-солға соғыстырып, бірін біріне қабаттастырып ағыза жөнелді. Бұл екпін күні-түні бір тынбады. Сеңдер арнаның бұрылыстары мен қойнау-қолаттарындағы жарлауыт кемерге тірелгенде дария жын буғандай күркіреп ұлы сарынға басты.
Көп кешікпеді, табиғаттың осынау ұлы сарынына киліккен сол сеңдер күн астында шайға салған науаттай еріп сала берді. Арулар күлгенде бетінде пайда болатын әдемі шұқыршағындай дария иірімдері тынымсыз ойнақ салып бара жатты.
– Мына дүлейді қалай тоқтатсақ екен...
– Не, қалайы бар. Бірінші көрген құқайымыз осы болып па! Жүріңдер бері! Еріңдер менің соңымнан! – Күнде тыным көрмей шабуылдаумен жүретін бригадир Байсалбай да бір бүйірден келе қалыпты. Оңы мен солында көктемгі дала жұмыстарының жай-жапсарын білуге келген қара-құралары да бар екен. Айқайы күшті бригадир сушылары мен механизаторларын жүз центнерші шалдың жеріне қарай шұбыртты.
Бас жарма арнасын шүпілдете кернеп кеткен орма судың арыны тым қатты екен, тосқауылға бой бермей шапшып жатыр. Осындағы сушылар тілсіз жаудың алдынан айқасқа шығып жанкешті майдан ашқан. Кетпендері күн көзінің шапағымен жарыса жарқылдайды. Өздері әлгінің арасында ынтығып, демігіп қалғанға ұқсайды. Бұл «жаушаптыға» Құдай оңдап бір иіннен алып бульдозер араласты. Байсалбай оны да «айдап әкеліп» үлгірген екен. Сумен жентектелген енапат топырақты көмейлей асаған апайтөс алып иек астынан ие бермей кеткен дүлейді бірте-бірте сабасына түсіріп тұншықтырды.
Бригадирдің жолбасшылығымен қазақ және орыс тілдерінде шығатын облыстық газеттің тілшілері де келіпті. Осы биылғы көктем – ауылдастары «Герой шал» дейтін жүз центнерші диқан Әкбар Наурызбаевтың соңғы көктемі. Күзгі өнім көтеріле құрметті пенсиясына шығады деген. Жасы алпыс үштен жыл басында асқан. Осы кісі туралы қаламын жорғалатқан журналистер радиодан: «алтын жұлдызды еңбек ардагері, даңғайыр диқан...» деп дабыралатып жатады. Атақ-абыройын ауыл-аймақтан асырып жіберген сол дабыра Елгезектің де көңіл күйін қозғаған. Ойы алтын жұлдызды шалдың қырық жылғы тәжірибесін соңғы сарқындысына дейін жазып алып қалсам деумен жүретін. Қарымды қаламы ылғи да қайраулы. Өмір өрістерінен жаңалық іздеп, ойы шартарапқа шалқып, делебесі қозып жүретін әдеті.
Манадан бергі жанекпін қимылға төтеннен тап болған тілшілер қарбалас толастаған сәтте жұлдызды шалмен сәлемдесті. Бұл – Елгезектің айтулы диқанмен жұмыс үстінде бірінші жүздесуі еді. Бұрын оны жиын-жиналыстардың құрметті төрінен, кейде мінберге асылып тұрған сәттерінде талай көрген. Үзілістерде шалғайына жабысып әңгімеге тартатын. Сондайда байқағаны, шалың келелі әңгіме-сұхбатқа жоқ екен. Дегенде, бір тәуірі соншалықты қарапайым, кейбір атақтылардай тұмсығымен көк тіреп танауратып тұрмайды. Ондай тез сыр алдыратындар тек өзінен үстем басшы бағландардың алдында әлпейім көрінгенімен, былайғылардың көзінше терісіне сыймай күпініп жүргендері. Қолдаушысыз, көтермешісіз өздері болғандай атақ-абыройын бұлдағыш келеді.
Ал мына герой шалыңыз ондай пендешілікпен әуресі жоқ. Өзі тегінде елпелектеген қағылез кісі болуға керек, өйткені қанша рет қол алысып дидарласқанда, сол бірөзен қарапайым қалпында жолығады көзі сығырайып. Еңбек ері болып көпке ақыл айтып, тәжірибе бөлісетіндей төгіліп тұрған шешендігі жоқ. Дегенде, мансабы жоғарылар мен шанышқыдан жырылған белсенділер герой деп қыштап, алқалап сөйлеткізіп қойса, амалы қайсы, мінберге асылып әр тараптың басын бір шалып тұрғаны.
Міне, сізге озат тәжірибе!
Герой шалыңыздың сондағы айтатыны:
– Менің атағым, – деп әуелі сол қолын залдың түкпіріне қарай сермелейді, сосын: – Менің мынау орден-медальдарым, – деп енді оң қолымен омырауын сипалап көрсетеді, – ел басқаруға беріде, Брежнев басшымыздың кезінде келген азаматтарымыздың арқасы ғой. Әуелі бір Құдай, қалды, мына төрде төредей болып отырған бірінші хатшы Исатай інімнің арқасы, – деп төралқаға қарай басын иіп еңсеріліп алады. Содан бір сәт аңырып тұрады да: – Осылар жабыла көптеп-көмектеспегенде бізге атақ қайдан келеді. Бізде не қауқар бар. Бұл күнде біздің мына шақшадай шәңгегімізде, – деп басын оң қолының сұқ саусағымен нұқып-нұқып алып, – торғайдың миындай да ми қалмады ғой... – деп ағынан жарылады. Сол сәтте залдағылар қыран-топан күлкіге көміледі. Ал, Исатай Кәрімов бастаған төралқадағылар қол шапалақтап жібереді. Оған төменде иықтасып отырғандар қосыла қол соғып, бір дүрлігісіп қалады...
Басында торғайдың миындай да ми қалмаған сол шалың, міне, дала жұмыстарының қарбаласы қызған шағында жақсы кездесті. Елгезек оны тым жадағай адамсыз-ау деп ойлайтын. Жұмыс басында да сол жымыңдап амандасатын қалпымен жайдары жүздесті. Маңдай терін кемі бір метрдей шыт орамалымен сүртініп тұрып:
– Биыл маза жоқ, – деді. Дауысы қарлығыңқы.
– О не дегеніңіз?
– Ай, шырағымай, кісінің жасы ұлғайған сайын қаруы қайта береді екен, аттаған адымың да қысқара береді екен. Оның үстіне біз биыл мықтап кешіктік. Дәніміз толық себілмей, жерімізге су келмей біраз уақыт шаңы шығып жатты. Маған осы биыл біртүрлі ыңғайсыздау болып тұрғаны...
Герой шал ағынан жарылып тұр. Осы Сыр бойының табиғаты біраз жылдан бері ерінен ерте қалған жесірлердің мінезіндей тым құбылмалы болып тұр. Елгезектің көкек туысымен өлкенің біраз шаруашылығынан көргені, жалғыз осы «Майдан» совхозы ма, бар жерде бірдей құбылумен болды. Сәуірдің бірде киіздей, бірде мүйіздей қиғаш күндері егістікке сайланып шыққан қадау-қадау атпал жігіттердің мұз жібітер жүрегін май ішкендей кілкілдеткеніне куә болғаны бар. Қаратау аңғарынан боздап соққан қара дауыл ішін таратпастан сабалап тұрып алсын. Ол аз болғандай, оған күнбатыстағы космодромнан үстін-үстін ұшырылған тажал зымырандар ғарышқа көтеріліп кеткесін артынан үдере соғатын дауылы қосылғанда, жер-дүниеге ақыр заман төнгендей болады. Ондай кездері техниканың тегеурінімен айдалған жердің шаң бораны көз аштырмай бұрқырайды. Қоңыр күзде, жиын-терін көтеріле жоны аударылған сүдігерлердің жұмсақ жүлгесіне сіңген ылғалдың кемі жоқ еді. Қар да қалың түсер ме, күн жылт етісімен еріп ақтарыла жөнелген сары лай егіс даласына ем болады ғой. Бірақ, не пайда, алағай да былағайды салған дауыл екпіні жапан түзде қылтиған бұта-бұтаның түбін суырып, сүдігерге сіңген жер сөлін айналасы бірер жетіде қақтап кетті.
Қап, әттегене-ай... – деп сансоқты ел мен жерге жаны ашитындар.
Содан, әзіретіңізге мағұлым, егіс басына барғандар құйындай үйіріп ұйтқыған есірік желдің өтіне жон арқаларын бере жүріп іске кіріскен болды. Онымен жұмыстың өнер түрі болмады. Ысқырған суық жел адамға да, малға да шаншудан бетер қадала түсті. Шыдамы шиыршық атқан кейбір жанықас жігіттер демде-ақ қойыны қатқақсып, беті тобарсыған сүдігерге соқа салып көрген. Бірақ еңбектері еш болды. Түйедей алып тракторын ышқынтып сүдігер қыртысын қайта қопарғанда, алқапты түтеген шудалы шаң торлап алсын. Егіс басы ала-түлей. «Құдай атты, жерге әл-әзір соқа салмай шыдай тұрыңдар, – деген сонда ақ қаптал болған диқандар. – Баяғыда аталарымыз: «Пешіңді бұзуға асықпа, сәуір қораңнан кеткен жоқ» дейтін осындайда. Бұл айдың кей жылдары ақпаннан да асып түсетін сайтан мінезі бола береді...
Механизаторлар дағдарып тоқайрады. Жердің бойра-бойрасын шығаратын құрал-саймандар солай қаңтарулы қалған. Шаруашылық бейнетқорларының сондағы қобалжығандары-ай... Я, не айтатыны бар, бір заманда қалың қорыс тоғайынан тоқтыторым көрінбейтін бұл өлкеде ендігі кінәні табиғаттың мінезінен көретін болдық. Ал табиғат неге түсін суытты... Осы күндері салиқалы баяндама жасап рапорт беретіндер мәртебелі мінберлерден: «Ауа райының қолайсыздығына қарамастан...» деп соғатын болды. Мемле-кетке тапсырғандарын құдды табиғаттың бермесін тартып алғандай асып-тасып, елде жоқ ерлік жасағандай леппен лепіріп айтады. Жердің шамадан тыс жалаңаштанып қалғаны айтылмайды, көңіл көлеңкесінде қала береді. Не деген сұмдық, мөлшерсіз жыртылған жердің бір шамасы бұл өлкеде судың жетімсіздігінен жылда жаратусыз қалып жатады. Табиғат шамырқанып жер зобалаңға ұшырағанда ауа райы қайдан қолайлы болсын. «Қайран боз дала, ел басына екіталай күн туғанда, төсіңде тыпыршыған пенделерді жоқшылықтан талай рет құтқарған жазығың ба? Есін жиып, еңсесін тіктеген осы жұрт оны да ұмытуға қарады. Ұмытқаны емес пе, қымыз мас белсенділердің: «Табиғаттың бермесін тартып аламыз» деп даурыққан кездері де болған бір заманда. Ақырында не болды? Жер жүзінде қыбырлап жыбырлаған жұрттың бәрі табиғаттың кепиетіне ұшырай бастағандарын енді аңғарып өкінуде. Кеш, өте кеш.
Қайран дала, сенің байтақ елді нанға тойындырған қасиетіңді немен өлшеуге болады? Сен дін аман тұрғанда – біз аман. Сен барда бізге не керек емес, бәрі керек. Дегенде, алды-артына жіп өлшеуге қыры жоқ асыра сілтеу-шілер сенің қадіріңе қайткенде жетер екен?..» деп шамырқанды Елгезек.
Елгезек кейінге шегінген ойынан серпіліп:
– Жеріңіздің көлемі неше гектар еді? – деді.
Әлгінде жағдайын бүкпей шешіле баяндай бастаған шал енді өзінен өзі ыңғайсызданып қипақтайын деді. Бір бұл жолы емес, Елгезек бұрындары да байқаған, егіншілік жайында, гектар басы алып жүрген өнімдері жөнінде әңгіме қозғай бастаса болды, осылай кідіріп, қипақтап қалады.
– Сол әлгі... сол өздерің айта беретін... сол әлгі жиырма, жиырма бес гектардағы... – деп құдды кекеш адамдай тұтығып тұрып алады. – Алла ақырын бергей... – дейді сосын.
– Ол не дегеніңіз?
– Әй, шырағым-ай, өзімнің бір тәжірибем ғой. Әр нәрсенің баянды болғанын тілейміз-дағы...
«Міне, сізге озат тәжірибе!» – Елгезек ішінен күлді, көңілі қоңылтақсып тұр. Сонда да:
– Ақсақал, ауылдастарыңыз сізді «Герой шал» дейді. Бұл екінің біріне бұйырмаған құрмет қой, – деп майдалап сөзге тартқан. Әбекең шал:
– Е, өздері солай айтады ғой. Өздері солай атандырғасын осылай керой шал болып жүргеніміз ғой. Ата-бабамда керой болған ешкім жоқ еді. Соғыста керой қылмай, күріш егуге салғасын керой қылды ғой...
– Осылай абырой-атағыңызбен биыл ұлы октябрь мерекесі қарсаңында құрметті пенсияға шығатын көрінесіз. Тамаша емес пе!
– Қарағым, Құдай қаласа деп айт.
– Я, Құдай қаласа, – Елгезекті еріксіз күлкі қысты.
– Сол торқалы той құрметіне көтеріңкі міндеттеме қабылдаған шығарсыз?
– Қашшан! – деді Герой шал сілкініп. – Жыл басында дүйім ауылымыз болып сол көтеріңкісін қабылдап құтылғанбыз. Маған да гектар басы жүз сентнерден бересің деген. Мойныма тесіп іліп қойды.
Бұларды қоршап тұрғандар жарыла күлді.
– Ал сіз не дедіңіз?
– Не деуші едім. Өздерің біліңдер дедім. Басқа не деуім керек...
– Ой, ата, демей-ақ қойыңыз. Пенсияңызға шыққанша сол мақұл-мақұл дей бергеніңіз жөн ғой. Дегенмен, сізге тағы бір сауал қойғым келіп тұр.
– Е, несіне іркілесің? Сұрап қал.
– Бұл жолы да гектарына жүзден алатыныңызға сенімдісіз бе?
– Қайдам қарағым, оны бір Алла біледі ғой. Алдымызды кеспейік. Күріштігімізді суға әлі бастырып та бола алмай жатырмыз ғой, – деп диқан бригадиріне қарады. Түрі «мына бала не деп тұр?» дейтіндей.
Бригадир: – Оның несіне дүдамал боласыз? Бұйырса, жоғары өнім аламыз демейсің бе.
– Я, жөн-жөн. Алсам алдым. Ала алмасам, тап мыналар алғызбасыма қояр деймісің, – деп шал сұқ саусағын бригадирге қадай шошайтты. – Мені пенсияма жүз сентнерсіз жіберіп көрім көрініп пе?..
Тұрғандар тағы да жамырай күлді. Елгезек те күлген болды. Күле түсті де, ойға малтықты. Осы шал сияқты аты шығып жүрген базбіреулер болса, гектарына пәлен центнерден келтіремін деп біраз күпініп алар еді. Қазіргідей қарбаластың кемшілігін жасырып, оңға басқанын асырып айтып, күллі шаруашылықтың қамқорын соққансып шыға келер еді. Мына геройда ондай саясат жоқ, бұл неде болса ағынан жарылады екен. Осы тұрғаны – тұрған.
Қара жердің құйқасынан ырыс айыратын жандармен әңгімелесіп, суретке түсіргесін тілшілер бригадирді алға салып ілгерідегі жерлерді аралап көруге кетті. Әр күні жылға азық мезгілдің ыстық-суығын белден кешкен дала еңбеккерлерінің уақытын алып жолдан қалдырмаған абзал. Олар үрдіс қимылға көндігіп үйренген. Маусымдық жұмыс қашанда қарбалас. Күріш дақылын егу – санаулы күндердің еншісі. Кешіккендер қапы қалады. Бұлар сондықтан да жанталасады. Жан мен тәнді талдырып, буын-буыныңды босаңсытатын қараөзек шақта сабылып жер баптау оңай болып па. Дала жұмысында кімді көрсең де еріндері кезерген, бет жүзі қарайып торланған, домбығып ісінген. Мынау аңызақ, мынау ұрымтал қарбалас оларға әсте жеңіл болмайды. Көктемгі күн құбылғыш. Осы қазір де есірік жел әлсін-әлсін ұйтқып-ұйтқып алады да, кенет тына қалады, артынша тағы ұйтқиды май шаңдақты оңды-солды үйіріп. Сол сәтте жер бауырынан құйын көтеріліп жоны аударылған боз дала алай-түлей болады. Анау артта қалған диқан-сушылар сол қою шаңның астында керзі етікпен борпылдақ боз топырақты кешіп жүр. Елгезектер жыртылған кең жайсын алқаптың шетіндегі жолмен атүсті аралап бара жатқанның өзінде шаң көздерін әлсін-әлсін тұта береді.
– Анаң қараңдаршы! – деді Байсалбай бригадир тілшілерге, тура маңдай алдарынан таспадай тартылып шыға келген бас арықты меңзеп. – Әлгінде біз осылай келе жатқанда шүпілдеп тұрған. Енді көрдіңдер ме, ортайып-ақ қалыпты. Пай-пай, кенезесі кеуіп қалған құрдымның тойынатын түрі жоқ, ә? Суды шыдатар емес.
– Жұтсын, жұтсын. Әуелі жерге сіңеді. Күрішке сосын...
– Қайдан білейін-ау, – деп күрсінді бригадир, – егісіміз қашан бір жайлы болғанша итке тыным бар да, бізге тыным жоқ. Сөйткен бейнетіміз соңыра су тапшылығына ұшырап, еңбегіміз еш кетпесе болғаны ғой... Жылда совхоздың кемі жүз гектар жері судан қалады. Дүниеде егіншілікпен айналыса жүріп суға жарымағанның қорлығы жаман екен...
– Облыста тоқсанға тарта шаруашылық бар. Сегіз ауданның жетеуі күріш өсірумен айналысады. Шамалауымызша күріш егетін жетпіс шақты шаруашылықтың әрбірінде кемі жүз гектар жыртылған алқап судан қалғанда, жылда қанша жер бүлінеді? Есептей беріңіз, – деді Елгезек.
– Соны айтамын-ау. Біздің облыста жердің бүлінуінің кемі жоқ. Жыртылған жерге су жетпей бір бүлдіреміз. Егіс алқаптарына улы химикат сеуіп екі бүлдіреміз. Онсыз оңған өнім болмайды. Ал сіздер бізден жылда мол өнім күтесіздер, – деді бригадир.
– Мол өнімге үйреткен өздерің емес пе? Сіздер сендірмегенде гектарына жүзден, тіпті одан да асырып өнім алуға болатынын біз қайдан білгендейміз?
– Ол рас, үйреткен өзіміз, алдыңғы буын басшылардың салып берген сара жолы, – деп Байсалбай енді жеңіл сырғыды. – Бірақ сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішедінің кебін киген біз болдық ақырында. Бұған не дейсіздер?
«Біз не дейік, – деп келеді Елгезек ішінен. Жағдай белгілі. Дарияның суы сол алдыңғы буынның заманында біздің жерге емін-еркін екпіндеп, арнасынан асып-тасып жететін. Дария тасқыны жылда екі рет: көктемде және қара күзде Аралға дейінгі жерді жайпап қарық қылатын. Енді оның заманы өткен. Бір кездегі асау арнаның ұзына бойына бұғау түспеген тұсы жоқ. Енді дарияның әрбір тамшы суы есептеулі, сол әрбір тамшысы қасқалдақтың қанынан бетер қымбат. Сыр күрішінің өзіндік құны содан да жоғары. Бар нәрі мақта мен күріштің емізігіне айналған алып дарияның бұл күнде бетпақ шөлдің құрсауында жетімсіреп қалған теңізге бір тамшысы да тамбайтынын біреу біледі, біреулер білмейді. Қайран теңіз, қосағынан мезгілсіз айырылып, бар қызығынан жұрдай болған жесірдей тұл қалды. Дарияның аяғы өлі арнаға айналды. Егіске су жетпейтін болғасын дарияның аяғын Аманөткел ауылының тұсынан буып тастауға тура келді. Қос анарынан айырылып тұйықталған теңізге дем жетпей тұншығып жатыр». – Қанша дегенмен, Елгезек балықшының баласы ғой. Теңіз тағдыры бүйіріне шаншудай қадалып келеді.
– Сағадағылардың несі кетсін, Аманөткел бөгетінде іркілген сасық суға күніміз қарап қалған біз болмасақ, – деді Байсалбай әлден уақытта үні булығып. – Бұл азап пен қорлықты кімге айтарсың...
Жанға бататын сөз. Елгезек іштен тынды. Осындайда қай-қайдағыны шарлап кететін ойын тежеп, назарын иек астындағы боз даланың бойра-бойрасы шыққан алқабына бұрған болды. Бүгін алқаптарға уайымсыз жететін судың соңыра қан шілде қайнап бергенде, кержазық плантацияның шыбын-шіркей үймелеген сасық шалшық астында қалатынын іші құрғыры сезіп келеді.
Бұлар көліктеріне міну үшін герой шалдың жеріне қайтып келді.
– Енді қайтасыңдар ғой шамасы, – деді ол әдеттегісіндей көзін сығырайтып. – Біздің көктемгершіліктегі кескінімізді көрдіңдер. Алла амандыққа жазса, соңыра күзгі кейпімізді де көрерсіңдер.
– Ол кездегі дән тасытқан ажарыңыз бөлек болады ғой, – деді Елгезек шалдың қолын алып тұрып.
– Айтқаның келсін, қарағым.
– Не де болса нар тәуекел, – деді бригадир де жүруге бет бұрған бұлардың қолын бір-бірлеп алып жатып. – Әйтеуір сөге жамандай көрмеңдер.
– О не дегеніңіз...
Тілшілердің жүрдек көлігі егін даласынан едәуір ұзап кеткен. Егіс басындағы адамдардың кескіндері Елгезектің ойынан да, көз алдынан да көпке дейін кетпей қойды.
ІІ.
Күн төбеден ауған мезгіл. Көк жүзінде қылаудай кіршік жоқ, шырқап кеткен шыңырау төріне дейін шайдай ашық. Аңыраған аспан асты аңылжып тұр. От тасқыны лаулаған құдіретті күннің жалыны қара жерді балқытып жіберердей. Қызуы шекені шағып барады. Кеуде қысқан қапырық.
Күріш тақталарының жиек-жиегін ала шұбатылған сыңар аяқ жолмен бір топ адам самбырлап сөйлесіп келеді. Топтың алдында бригадир Байсалбай. Ізінде облыс, аудан орталығынан келген тілшілер. Иін тіресіп ұйысқан пішендік пен күріш плантациясының арасы жаудай маса, құжынаған шыбын-шіркей. Айнала қамашаудың күлімсі қапырығы тынысты тарылта түсті. Егін шетіне ілігіп көліктен түскелі жеңі шолақ көйлекпен келген жігіттердің білектерін аш масалар талап тастады. «Біз тауда ойнап жүр екенбіз ғой, – деді Елгезек ішінен. Аядай тар кабинетіміз қырық күн шілде мен отыз күн тамызда фин моншасындай былауға айналады. Быршып терлеп отырамыз. Жағымпаз желдеткішті қойсақ, танауымыз бырқылдап ит әуреге түсеміз. Жүйкең жұқарғанда жанашырыңның да сөзін көтере алмай и-ти күйде жүргенің. Өмір өрісінің қай жері жұмақ, қай жері тозақ. Мындағы сыңсыған қамыс пен күріштік пе, жоқ әлде біздің қыста суық, жазда қапырық тар кабинетіміз бе? Адам қалай жаратылған, ызғар соқса ызғарға, ыстық ұрса ыстыққа шыдамайды...
Дегенде, кеңістіктің аты – кеңістік. Маса-сонасы мазаны алғанымен, жүрісің еркін, тар кабинеттегідей тыпыршымайсың. Міне, керілген кең жайсын алқап кілкіген көгілдір сағымның астында күн нұрымен мың түрлі құбылып көзді қытықтайды. Бояуы қанық жасыл тақталар. Құлын-тайдың кекілдеріндей күлтеленіп қалы кілемдей құлпырады. «Адал да ащы тердің жемісі деген осы да, – деп толқып келеді Елгезек. – Көгеріп көктеген жемісі. Ал менің жасыл шаршыларым қашан, қай уақытта дүркіреп көтерілер екен. Осылай боларға да, болмасқа да тамсанып, күн жұбатып жүре беремекпіз бе...»
Елгезектің ойын Байсалбайдың самбырлаған дауысы бөліп жіберді.
– Пай-пой, өздерің-ақ айтыңдаршы, мына қапталдарыңыздағы жасыл шаршылар оғадан керемет емес пе?! – деп келеді екен. – Жайылып-ақ жатыр-ау! Енді бір епкер суретшінің қыл қаламы мен өздеріңдей қаламының желі бар журналистерді күтіп жатқандай-ау, ә... Пай-пай, біткеніңе болайын-ау!
Бригадирдің кеудесінен лапылдап шыққан мынадай таңдайқақты сөзіне Елгезек кәдімгідей сүйсініп қалды. Герой шалдың осы бригадирі бұл көріп жүрген кейбір өндіріс командирлерінен бөлектеу. Олардың базбірі кең қолтық, кейбірі ауандау немесе дарақылау, ал кейбірі бітеу бүйендей тұйықтау болып келетін. Ел ішінде болсын, қалада болсын, көптің легінде кім жоқ дейсің. Ойдан жұрдай саңылаусыздармен де, жұмысынан басқамен ісі жоқ біртоға замандастарымен де талай табақтас болған. Ал мына айдаланың ақ самалындай аңқылдап келе жатқан бригадир солардың біріне де ұқсамайды. Сөзге келгенде жұқпайды. Саясатқа салсаң да, желдей есіп тұр, жұмыс жайын сұрасаң да, жандырып жібереді, қоғамдық мүдде орайынан да суырылып шыға келеді. Қаратау мен Арал арасын журналистік іссапармен мың қайтара аралағанда, осы Байсалбай тақылеттес жандарды әр жер, әр жерден кездестіріп жүр. Қам-қарекеті көп жұмыстың ортасында жүрген кісілер бұрындары көнтерілеу, аңғырттау келетін. Елгезекке салса, даланың төл перзенттерінен парасаттылықты, ойлылықты аңсайды да жүреді. Ойсыздық – ұлт қасіреті ғой... Бүгінгі дала жұрты заман ыңғайына баяу да болса бейімделуде. Ойда да, қырда да адамдар өзгеріп барады.
Бұлар герой шалдың күріштігіне келді. Сушылардың бәрі тұмшаланып киінген, маса-сонадан қорынып. Бүгілген белдеріне шиыршықталған сала құлаш шүберек белбеулерін буынып алып, күріштіктің түбіне үңілген олар табан астынан құдды жоғалтқандарын іздеп жүргендей. Не ерінуді, не жалы-ғуды білмейтін көнбістер. Шаруашылықты құлатпай ұстап тұрғандар – осылар. Бұлар болмаса кісімсіп жүргендердің талайы без теріп кетер еді дегенге сайды Елгезектің ойы. Бұлар күріштей күй таңдағыш кіді дақылды мәпелеуге келгенде асығып аптықпас. Сарыла еңкейгендіктен сыздаған белдерін сәт сайын жазып алады да, жасыл тақталардың әр-әр жерінде қылтиып шыққан арам шөптер мен шет-шетіндегі пішен құрақтарын қол орақпен түбінен қырқып жүр.
Ғалымдардың дала бапкерлеріне көмектесулерінің кемі жоқ. Арам шөптерді улы дәрімен өлтіруді ойлап тапты. Соның өзінде күрмексіз күріш өспейтіндіктен, адамның өзі араласпай алқаптың ажары кірмейді. Диқандарды ауыр азаптан құтқарғаны болмаса, күріштікті қодреңдерден арылтуға адамсыз техника дәрменсіз. Күріштіктің бап-күтімін келістіруге кәнігі диқанның құтты қолы керек.
– Міне, іздеп келген геройыңа да жеттік! – деді бригадир күн астына қарай қолын сілтеп. – Ее-ей-и, Әкбар, бері кел.
Шал бригадиріне қолын көтерді. Жайшылықта жеңіл қозғалатын жұқалтай қағылез Әкбар кібіртіктеп келеді. Амандық-саулық сұрасқасын:
– Келіп-ақ қалғандарың ба? –деді жымиып. – Біздің кескініміз осы. Таңның атуы, күннің батуы қыбыр-жыбыр... – Герой шал тер жапқан маңдайын алақанының қырымен сыпырғанда, ащы тамшылар күріштік алқабына шүп-шүп тамды.
Міне, ғажап! Сергек ой Елгезектің санасын бір шарпып өтті. Қырманға тау болып үйілетін қызылдың әрбір түйірі маңдай тердің әрбір тамшысынан нәр алады ғой. Маңдай терден – маржан дән! Елгезек герой шал туралы бірдеңе жазғандай боламын ба деп арнайы келген еді. Мына жарғақ шалдың болмысына осы жолы да сынай зер салды. Омырауына жарқыратып алтын жұлдыз тағып Герой шал атанғаны болмаса, алып бара жатқан ерек ерекшелігі жоқ. Кәдімгі құлағы қалқиған шаруа шал. Аяғында керзі етік, бір қолында орағы, бір қолында шыбын-шіркей қағатын жылқының қыл құйрығы. Басына көлдей ақ шыт орамал шаршыны бүркеп, сыртынан терсіңді сұр қалпағын бастыра киіп алған. Осы қамыт аяқ шынашақтай шалдың жылда гектарына қалай жүз центнерлеп өнім алатынына Елгезек қайран қалып, басын шайқады.
– Күріштігіңіздің күйі қалай?
– Күріштігімнің де, өзімнің де күйім бабында.
Расында, дүркірей көтерілген көк балауса тегісінен түп айырған. Күн шұғыласы астында суға шыланып, таранып тұр.
Былай шыққасын Байсалбай:
– Бұл басына бақ қонған шал ғой. Күні ертең Алтын жұлдызының арқасында одақтық дәрежедегі пенсияға шығады. Жұрт не десе, о десін, бұрын ел кезіп, жүн-жұрқа, тері-терсек жинап жүретін. Осы совхоздың директоры – шалдың туған інісі. Ыңқып тұрғаны сол кісінің арқасы ғой... – деді күлмеңдеп. Елгезек:
– А-а, солай ма? Е-е, солай де-е...
– Солай, жігітім. Осы ауылда мынау деген шалдар бар. Солар неге герой болмайды. Әр звеноводқа 25 гектардан бекітілген. Бұл шалдың кенже ұлы да гектарник. Шалдың жетпесіне соның жерінен қосып, гектарына жүз центнерден келтіреді. Сөйтпесе, ол кімнен артық...
– Жақсы-ы... сау болыңыз, – деп бригадирдің қолын қысты Eлгезек. – Біз жүрейік.
– Менің айтқанымды газетіңе жазып қойып жүрме, – деді бригадир. – Айтқаным айтқан жерде қалсын. Жеп жүрген нанымыздан айырылып қалармыз...
– Біз ауылыңызға бәле қуып келгеніміз жоқ. Шалдың ау-жайын білдік. Рахмет.
– Ау, жігіттер, осы тойғанымызбен қайтайық енді, – деді Елгезек сапарластарына көлікке отырып жатып.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |