Көгілдір көктем

Айналаға әдемі шуағын төгіп, көгілдір көктемнің келіп қалғандығын ойласам кеудемді көл-көсір қуаныш билейді. Сосын көз алдыма енді аз уақыттан соң-ақ жер ананың қыстайғы қалың құрсауынан арылып, рахаттана бусанып жатар ғажайып сәті елестейді. Содан кейін-ақ көктемнің сан-түрлі сиқырлы құбылыстары өзіне еліктіріп, елітіп әкетеді...
Кешеден бері аспан төсін торлап тұрып алған қою бұлттың көбесі сөгіліп, көктемнің ақ жауыны басталды. Сол-ақ екен көшеде бейқам кетіп бара жатқан жүргіншілер лезде не істерлерін білмей үйді-үйдің, тал-теректердің тасасына тығылды. Ал әне бір бойшаң бозбала мен тұлымы желбіреген жас қыз төблеріне қолшатыр көтерген күйі жұптарын жазбастан сықылықтай күліп барады. Тек бұлар емес-ау, ақ жауынның астында кетіп бара жатқан жолаушылардың бәрі үстерінің малмандай су болғандарына қарамастан қуана басып барады.
Бір кезде сатыр-сұтыр найзағай ойнап, күн күркіреді. Биылдыққа алғаш рет күннің күркіреуі. Мұны халқымыз нағыз көктемнің келуінің белгісі деп есептейді. Ендеше бүгіннен көгілдір көктем айы басталды. Қандай рахат! Ертең-ақ, сай-сала, орман-тоғай, жазық дала, барлығы-барлығы көгеріп, құлпырып сала береді. Ертең-ақ, мынау көшенің жиегінде сидыйып, сәнсіз болып тұрған ағаштар жылт еткен күннің қызуынан бойына нәр алып, бүршік атады. Әсіресе, күні ертең дала төсіне қылтиып шығар қып-қызыл қызғалдақтарды айтсаңшы! Өрттей-ау, өрттей. Сол өрттей гүлді көздеген қызына ұсынып, қаншама бозбала өртенген жүрегінің лүпілін ұқтырар екен. Өрт қызғалдақтарды бір-біріне имене ұсына тұрып қаншама жүрек ұғысар екен, қаншама арман орындалар екен...
Толассыз құйған жауын лезде тиылды да бір шеттен күлімдеп күн көрінді. Аспан шайдай ашылған. Төңіректің бәрі түк болмағандай өзгеше түрге еніп, құлпырып сала берді. Тіпті ойдым-ойдым жерлерге тұрып қалған шалшық суларға дейін әдемі болып кеткендей. Үйлердің шатыры да, әйнектері де, асфальт жолдың үсті де, бәрі-бәрі әртүрлі түске боялып, сұлуланып кеткен. Неге бұлай дейсіз ғой?... Жаңбыр толастасымен-ақ іле-шала көкжиектен керіліп, кемпірқосақ шыққан. Сосын алуан бояуларымен су тиген жерлерді шағылыстырып, айналаны ғажайып күйге енгізген.
Жауыннан кейінгі тынысыңды кеңітіп, кеудеңе ерекше нұр құятын тап-таза ауаны айтсаңшы! Көкірек көзіңді ашып, қиялыңды ұштай түсе ме, қалай? Сол ақ жауыннан кейінгі ғажайып нұрға шомылып, тап-таза ауаны жұта түскен сайын жүрегіңді әлде бір сағыныш, әлде бір тәтті мұң баурап алады. Бұл заңды да. Өйткені көктемнің өзі – жүректерді сағынышқа, тәтті мұңға, қуаныш пен махаббатқа бөлер қасиетті маусым ғой.

Несібелі РАХМЕТ, 
жазушы
ӘДЕБИЕТ 12 ақпан 2020 г. 977 0