Шайдай ашық Ақмешіттің аспаны

«Сыр – Алаштың анасы» дейміз. Шынында солай ғой. Оны әдейі іздеп келмейтін, сол Сыр Анасына сәлем сап, ақ батасын алмайтын ұлт зиялылары жоқ-ау, сірә... Солардың бірі – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

Әлденеше рет облысымызға жолы түскен көрнекті ғалым һәм Алаштың аяулы ақыны айрықша шабыттанып алған әсерлерін әдемі өлең өрнектерімен кестелеген екен. Соның бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.


Сырдария 


Сәулесін күннің

арнаңа құйдырып алып,

Сұлу дария

барасың иіріліп ағып.

Сан жылдар бойы

қандырдың даланың шөлін,

Сондықтан болар

өзіңді сүйді ұлы халық.

Туғанда-ақ, сені

Шалғай бір қырқада көргем,

Толқындарыңмен

Танысып бұрқана бергем.

Көрдім мен сені

Жырынан Әбділдә ақынның,

Көрдім мен сені

Роза апам шырқаған әннен.

Алдыңда сенің

Шынында, кішірмеген кім?

Құдыретті күшке

Сонда мен түсінбегенмін...

Сен жайлы

әнді салдым да, өлең оқыдым,

Кішкентайымнан

ұйықтасам түсімде көрдім.

Ақ батаңды да

қаншама балаңа бердің,

Арналды талай

маржаны саған өлеңнің.

Бетімді шайып

қайтсам деп тұнық суыңа,

Өңімде де енді

өзіңнің жағаңа келдім.


Ақмешіт айшықтары


1-ші өлең 


Көкірегімде өзгеше ой түледі,

Күн күледі көгінде, Ай күледі.

Алатаудың жеткізіп ақ сәлемін,

Келіп тұрмын өзіңе Сейхун елі.

Қара өлеңнің маржанын

сенен алам,

Желпінемін періште

жебеп ауаң.

Сырға тұнған құшағы,

жырға тұнған,

Ақмешітім, армысың,

көне қалам!

Бір кездегі астанам,

төрім болдың,

Сайрап жатқан

Мұхаңның жолын көрдім.

Сен емес пе ең ағасы –

Алматының,

Сен емес пе ең інісі –

Орынбордың?..

Ақмешітім, тербеткен

ақ бесігім,

Жаңғырады жырымда

сәтті есімің.

Күндіз болсын,

түн болсын, мейіріммен

Ақындарға ашылып

жатты есігің.

Естіп қалдым жапырақ,

гүл сыбырын,

Қалың жыңғыл тыңдатты

сыңсып үнін.

Көз алдымда көлбеңдеп

көк көйлегі

Мың бұралып көрінді

Сыр сұлуым.

Толқындары ойымды

өпті де өрлеп,

Ғажап сезім бойымды

кетті кернеп.

Ақ самалға ілесіп

бір шалғайдан,

Көк жусанның

иісі де жетті кермек.

Далам жатыр жамылып

жұқа барқыт,

Әдемі бір әуенге бұта балқып.

Жирен жалды шабытым

оянады,

Жиде гүлдеп, маңайда

жұпар аңқып.

Көріп тұрмын көркіңді

тұңғыш рет,

Өріп тұрмын өзекте

сырлы сурет.

Сенің әнші құстарың

көкейімде,

Сайрап тұрған секілді

жыр құсы кеп.

Жаз бейнеңді жадымда

ұстай қалып,

Қайтармын мен төсіңнен

күшті ойды алып.

Құшағыңның ыстығын

қимай-қимай,

Ұшып бара жатырмын

құсқа айналып.


2-ші өлең


Шайдай ашық

Ақмешіттің аспаны,

Шайырлардың жанып тұрған

от шағы

Сені қалай шығарармын

есімнен,

Шәйкөйлекті

Ақмешіттің ақшамы?!

Шайдай ашық

Ақмешіттің аспаны,

Шашып маған шұғыласын

тастады.

Сені қалай ұмытармын

мен енді,

Шәйі орамал

Ақмешіттің ақшамы?!

Шайдай ашық

Ақмешіттің аспаны,

Шайдай ашып ұйқымды да

тастады.

Сені қалай ұмытармын

баппенен,

Шәй құятын

Ақмешіттің ақшамы?!

Шайдай ашық

Ақмешіттің аспаны,

Жайып салған жан-дүниесін

жастары...

Түсіме енді перінің қызы

Бекторы,

Түс сыйлаған

Ақмешіттің ақшамы.


Сырдың Қаршығасы


Сырда туып, Сырда өскен

Сыр аруы Қаршыға,

Еңбек еттің еліңе

қара терге малшына.

Жүрегіңнен төгілген сырлы

нәзік ойларың

Сезімдерің мөп-мөлдір,

айналды өлең-тамшыға...

Қорқыт баба рухымен өстің

бала кезіңнен,

Сүлейлердің арманы көрінеді

көзіңнен.

Мұстафаның ойлары

биіктетті еңсеңді,

Әбділданың жырлары қанат

берді сезіммен.

Фариза апай батасын алған бір

қыз ақынсың,

Марфуға мен Ақұштап,

Ханбибіге жақынсың.

Күләш пенен Зайдаға сіңлі

болдың қашан да,

Қатира апаң қасыңда

жол көрсетер ақылшың.

Фаризаны айтамыз

«падиша» деп... көз ілді,

Марфуға апаң жырлады

аққу болып сезімді.

«Шағаласы Жайықтың»

Ақұштаптай ақ апам,

«Қаршығасы өлеңнің»

қадірлеймін өзіңді.

«Бағаналы, Балталы ел,

сен аман бол!» дегенсің,

Таңғы шықтай мөп-мөлдір

жырларыңды төгерсің.

Қанша жасқа келсе де

қартаймайды ақындар,

Сейхундария секіл

тұнып тұрған өлеңсің!


Бауыржан ЖАҚЫП.
ӘДЕБИЕТ 11 ақпан 2020 г. 699 0