Абайды оқығанда

 Артында атақты ердің қалса сөзі,
«Өлді» деп ойламаймын оның өзі.
Қисынсыз кедергінің керегі не,
«Базарлап» болғаннан соң қайтар кезі.
Ерлердің ертедегі өтіп кеткен
Әлі жүр халық аузында алтын тезі.
Абайдың айтқандарын оқығанда
Болады: «Бәрінің де бар, – деп, - көзі».
Өлген соң оған біз де «қауышармыз»,
«Ұйықтасын» торқа болып киген бөзі.
Ойланып осы сөзге түсінгендер
Сүйінер сойдырғандай бағлан қозы.
Татауы қайбір кәптің тарқамайды,
Нәрсенің болмағандай қойған тозы.
Алғанмен, көрінбейді қолға бірақ
Асылдың қараңғыда ақ пен бозы.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.
1910 жыл.

Ұлы ақынды сол заманда мойындаған Тұрмағамбет Абай Құнанбайұлына осы жырды арнаған екен. «Зер қадірін зергер білер» деген нақылдың шынайылығына тағы да көз жеткізесің. Балықшы балықшыны алыстан танитыны секілді, асылды асылдың тануы заңдылық сияқты. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы бір арнау өлеңін жаңғыртуды жөн санадым.
«Артында өлмейтұғын сөз қалдырған» ақиық ақынның басын бағалап, шығармашылығын қастерлеген шайырын ұрпағы ұмытар ма? Құдай қаласа екі жылдан кейін Тұрмағамбет Ізтілеуұлының да 140 жылдық мерейлі тойы болмақ. Тұрмағамбеттану және жырларын насихаттауда көптеген шаралар ұйымдастырылады. Жыр құмайының ұрпаққа қалдырған ұлағатқа толы сөздері дәріптеле бермек.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жыршы.
ӘДЕБИЕТ 04 ақпан 2020 г. 596 0