Үсік шалған мәуе

 Адам деген... Кейде сәл нәрседен көңіліміз алай-түлей күй кешетіні бар. Әлде, көңілі көнерген бөздей үлбіреп тұрған мен ғана ма екен?.. 

Әдеттегідей әлеуметтік желіні қарап отырғанмын. Бір мезетте таныс ағайдың парақшасынан сабағын қалың қар құрсап алған мәуе ағашын көрдім... Иә, кәдімгі біз бала күнімізде жемісін таласа теретін мәуе ағашы. Қазір жұрт оны "жиде ағашы" деп атайды. Бірақ, жиде дегеніміз – шырыны тіл үйіретін түймедей ғана  жабайы жеміс. Бұтақтары арбиған, тікенекті болып келеді. Балалық қой, тал түсте үйдегілер демалып жатқанда, күннің аптап ыстығына қарамай, ауыл шетіндегі сол жабайы жидеден етегімізге толтыра теріп қайтушы едік. Әбден піскен шағында шырыны ағып, тамылжып тұратын. Шынын айтсам, әлі күнге дәмі аузымнан кетпейді...

Ал енді, ұзынша келген қып-қызыл жеміс әр үйдің бағында өсетін. Біз оны "Үргеніш мәуе" дейтінбіз. Әңгімелеп отырғаным сол – "Үргеніш мәуе". Осы жерде айта кетейін, "мәуені" – "жиде" деп атағалы "мәуе" сөзінің мән-мағынасы бірте-бірте жоғалып барады. Әріптесіміз Дүйсен­бек Аяшұлы  айтпақшы, бәз­біреу­лер бүгінде "мәуелі бәйтерек" деген сөз тіркесін тұрақтандырып алған. Ақылға салып қарасақ, бәйтерек мәуе салмайды. Дұрысы – саялы бәйтерек. Осы "мәуе" сөзінің мәнін ғаламтордан да іздеп көрдім, "не айтар екен" деп, мардымды ештеңе шықпады. "Жиде" мен "мәуе" сөзінің айырмасы жоқ. Ал "Үргеніш мәуесі" десем, түк таба алмадым. Сол бала кезімізде үлкендерден естуімізше, кешегі аштық жылдарында өзбек елін паналаған жұрт бұл жеміс ағашын сол жақтан, Үргеніш қаласынан ала келген дейтін. Бір қызығы, бұл жеміс ағашының атауы мүлде қолданыс аясынан шығып қалған.

...Қып-қызыл боп мәуелеп тұрған ағаш біртүрлі айналасынан салқындықты сезінгендей. Ешкімге керексіз боп қалғандай. Қалай дейсіз бе? Себебі, бала күнімізде біз бұл мәуені  күздің соңына жеткізбей-ақ тауысатынбыз. Қап-қап қылып теріп алып, көрші-көлемнің балаларымен тамсанып тұрып жейтінбіз. Жұрт жегенінен ауысқанын тосап қылып қайнататын.

Қаңтардың қара суығында үсіген мәуені көріп, көңілім бұзылды. Балдәурен балалық шаққа деген сағыныш та бойымды шарпып өтті. Мен сияқты ол суретті көргендер "Қыста үсіген мәуе керемет болады" дегендей пікір білдіріп жатыр. Бәлкім, солай да шығар... Бірақ қып-қызыл күйінде ағаш басында үсіген мәуені көргенде көңілімді де үсік шалғандай болды...

Мені қатты ойландырғаны – демек, қазіргі балалар мәуе жемейді. Ағашты қағып, мәуесін теріп алмайды деген сөз. Оның орнына шытырлақ қағаздағы дәмі-татуы жоқ құрғақ тамақтарды қалайды. Ал, біле білген адамға мәуенің ағзаға пайдасы ұшан-теңіз. Сонда бүгінгі баланың талғамы өзгеруіне не себеп болды екен?..


Ғазиза ӘБІЛДА.

 

ӘДЕБИЕТ 21 ақпан 2020 г. 2 543 0