Шырын сөз, шырайлы жүз болсаң балдай

 «Жақсы сөз жан семіртеді». Жалпы, сөз құдірет. Сөзге байланысты атам қазақтың қаншама мақал-мәтелі бар. Соның бірі «Жақсы сөз – жарым ырыс». Иә, байыптап қарасақ, шындығында бүкіл әлем сөзге матаулы.
Бір ауыз сөз екі елді жауластырса, бір ауыз сөз татуластыра да алады. Сондықтан да бабаларымыз «Сөзден кеткен қате – оқылмаған бәте», яки ағайынның ортасына сызат түсіреді деген. Сәйкесінше, ащы тіл, ашулы жүз еш адамға абырой әперіп, бақ орната қоймайды. Байқасаңыз, адами қарым-қатынас – дипломатияның ең алғашқы шарты. Яғни, мейлінше сынық болсаңыз, айналаңызға, жан-жағыңызға соншалықты сыйлысыз.
Ізтілеуұлы Тұрмағамбет әкем осы тұрғысында не дейді?
Шырын сөз, шырайлы жүз болсаң балдай,
Боларсың бұлт шөгетін биік жалдай.
Басыңа бақ бүркіті балапандап,
Талпынып аңға ұмтылар аңдай-аңдай.
Бақташы бақ құсына болғаннан соң
Ықпалдың өзі-ақ келер ыққан салдай.
Ащы тіл, ашулы жүз болсаң егер
Қасыңнан кетер халқың бірі қалмай.
Ағаңның бұл айтқанын алсаң жаттап,
Тоқсанда тымақ болар жазғы далбай.*
(далбай – бас киім атауы).
Ұрпаққа өнеге, үлгі тастап кеткен шайырдың сөзі, Қазаққа ғана емес адамзатқа айтылған ақыл. Ұлтымыздың бағына туған тау тұлғалы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы жырларын оқып көрсеңіз, сананы толықтыруға келгенде алшы түсе беретінін байқайсыз. Бұл – рухани үлкен қазына!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ.
ӘДЕБИЕТ 28 қаңтар 2020 г. 1 036 0