Бата

 Ұстазым Алмас ағаның «Нағашының батасы» атты жазбасын оқып, Сабыт әкеміздің біздің де отымыздың басына келіп берген батасын айта кеткенді жөн санадым.
Алмас ағамыз сөз етіп отырған Сыр сүлейі Ешнияз сал, одан Кете Жүсіп, одан туған Мұзарап жырау. Мұзекеңнен Сабыт жырау еді. Нартайдың концерттік бригадасының жырау, әнші-ақыны – заманының дүлдүл өнерпазы болған Сабыт Мұзарапұлы 1988 жылы Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет (бұрынғы Ленин атындағы ауыл) ауылындағы біздің шаңырағымызға келгені есімде. Мен ол уақытта мектеп жасында, 7-сыныпта оқитын едім.
Сабыт жыраудың шаңырағымызға келгеніне әкем қуанып жүр. Анама сыбырлап, «қорадағы семіз тоқтыны сойыңдар» деп тапсырма берді. Ол уақыттар «анау сенікі, мынау менікі» деп бөле жаратын заман емес, жағалай арықтың бойында айрандай ұйыған бір рулы елміз. Біреуінің үйіне қонақ келсе жапа тармағай жабылып еркегі де, әйелі де кемтігің болса толтырып, қол көмектерін жасап бүкіл тіршілікті тап-тұйнақтай етіп қоятын заман еді.
Әне-міне дегенше мал сойылып, анамның бұрқыраған қуырдағы да дайын болып, шайға отырдық. Әкеммен «бұл кісі кім?» деп сұрап қоямын.
Әкем:
– Күнде магнитафоннан тыңдап жүрген Рүстекең мен Мұзекең бар емес пе, сондағы Мұзарап жыраудың баласы Сабыт деген атақы жырау әкең ғой. Құдай бізге берді балам, батасын алып қалайық, – деп жымиды. Артынша:
– Балам, домбыраңды әкел, – деді. Менде құстай ұшып барып домбырамды әкелдім. Әкем:
– Аға, мына Амандық деген бала балаларымның кенжесі, өнер жолын ұстап жүр. Дауысын тыңдап көрсеңіз, – деді.
Мен шырылдап бір-екі термені бірінен-соң бірін ызғытып қағып тастап едім күліп арқамнан қақты. Ол кісінің «Қуандықжан» деген сөзінен басқа сөздерін түсінбедім. Өйткені ол кісі үзіп,үзіп тіл келіңкіремей сөйлейтін еді. Сөйтсем тамақтан қалған уақытысы екен.
Бір уақытта домбыраны өзі алып қағып-қағып жіберіп тарта бастап еді домбыраға еріксіз жан біткендей өй бір бүлкілдеді-ау шіркін! Бір-екі терме айтқанда дауысы кәдімгідей шықты. Ұзақ айтпайды екен. Мен отырмын қадалып тыңдап айта берсе екен деп. Жаныма жағып бара жатыр. Сонан соң әкеме домбыраны ұсынып, өзің де айт дегендей ымдап еді әкем де өлеңнен ресторат болған адам емес, домбыраны алып заулатты бір. Құдды емтихан тапсырып отырған адамдай Сабыт әкемізден арасында «дұрыс па?» деп сұрап қояды. Сабыт әкеміз тыңдап отырып, біресе күлімсіреп, біресе қалтасынан қол орамалын алып көзінің жасын сүртіп қояды. Шамасы күлімсірегені қуанғаны, көзінен жас шыққаны өзінің жыраулық өнерде шарықтап жүрген уақытысы есіне түсіп отыр-ау деп топшыладым.
Сабыт әкеміз үйде үш күн қонақ болды. Қайтатын уақытысында үйдегі апамның сыбағысы деп тағы бір қой сойып беріп, Өзбекстаннан әкелген қаракөл жағалы киілмеген жаңа пальтосы бар еді, соны иығына жауып әкем мотоциклімен автобусқа мінгізіп шығарып салып еді. Сол уақыттарда жыраудың жырауға деген құрметі, бір-біріне деген көқарастары бөлек болатын.
Сабыт әкеміз үйден қайтатын кезінде батасын өлеңмен жазып берген еді. Алла ол кісілерді рақымына алып, Жұмақтың төрімен жарылқағай!

_________________ Арнау _________________
Қуандық, құтты болсын қоныстарың,
Қай уақта қисаймайды қолы ұстаның.
Талабың талантыңа сай келмесе,
Бос кетер менің сырттан болысқаным.
Өнерге қай кездеде халық сыншы,
Жәрдемге береді кім қол ұштарын.
Бабаңда тап осы өнер болмаса да,
Жөн дүзеп, дізгін ұстап жол ұстадың.
Бақ қонып балаңа да, өзіңе де,
Тілеймін өлең-жолдың толысқанын.
Ұрпақпен ұдайы адам көгереді,
Жайқалған жапырағындай жоңышқаның.
Ал, аға, батаңды бер дегеніңде,
Білемін ой мен ақыл толысқанын.
Бақытың арта берсін айтарым сол,
Әйтеуір тілектес боп қол ұстадым.

16.08.1988 жыл.
Сабыт МҰЗАРАПҰЛЫ.
(Амандық Қуандықұлының парақшасынан).

ӘДЕБИЕТ 26 қаңтар 2020 г. 1 386 0