Жырлайықшы ерлікті

Ойда-жоқта соғыс өрті басталды,

Астын-үстін жерге бомба тасталды.

Елін жаудан қорғау үшін сапарға,

Әр ауылдың боздақтары аттанды.

Аяулысын шығарып сап сүйген жар,

«Есен кел»  деп қара көзден жас тамды.

Отан үшін еңбек етіп екі есе,

Келіншектер кемел істі басқарды.

Үшкіл хаттар келсе жедел майданнан,

Көз көргендей көңілдері шаттанды.

Жеңдік десе Гитлерді желкелеп,

Тәмпіш мұрын балалары мақтанды.

Елге оралған жауынгерлер балдақты,

Оқиғаны көзбен көрген ақтарды.

– Көрдің бе? – деп шырағымды, – кемпірлер,

Сұрай-сұрай бірге өткізді ақ таңды.

Шегінсек те алғаш жыл жер кеңіс,

Аяғына жаудың құрдық қақпанды.

Қолға түсті Паулюс деген көкжалы,

Туын жығып, қаруларын тастады.

Ел шаршады төрт жыл ұдай соғыстан,

Қан майданда ел сенімі ақталды.

Азаматтар келді ауылға санаулы,

Көп сәбилер әкесінен жас қалды.

Содан бері өтті міне, қанша жыл,

Жастар өсті, жер гүлденді, жақсарды.

Жер бетінен жауыздықтың аты өшсін,

Ел көрмесін соғыс деген қақсалды.

Мәңгі тірі – келмей кеткен ағалар,

Жауды жеңіп жастықтарын жастанды.

Ел мен жұрттың ақ жүрегі жарылып,

Жеңіс күні тойға шашу шашқан-ды.

Өткен  күнді  осылайша   еске   алып,

Жырлайықшы  ерлік,  аңыз-дастанды!

Запа  ДӘУЛЕТБАЕВ.

(1929-2008).

(Д.Елубаевтың жеке архивінен).

ӘДЕБИЕТ 23 қаңтар 2020 г. 636 0